Қазақ футболы Азияға қайта оралуы мүмкін

28.03.2011, 20:22
Қазақ футболы Азияға қайта оралуы мүмкін
Қазақстан құрамасының қарт құрлықта доп теуіп жүргендігіне ұзақ уақыт болды. 2002 жылы Қазақстан футбол федерациясының басшылары Азия футболының даму деңгейі өте төмен деген ұйғарыммен ресми түрде УЕФА-ға бет бұрғанын жақсы білеміз. Содан бері арада аттай тоғыз жыл өтіпті. Бірақ, өзгерген ешнәрсе жоқ. Қайта, Азиядағы нәтижелі ойындарымызға зар болып қалдық.

2012 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу ойындарының 5-турында азулы Германияға қарсы өнер көрсетіп, жауапсыз төрт гол айырмасымен жеңіліске ұшыраған болатын. Осы сәтсіздіктен кейін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмхамбетов  пікір білдірді.

«Футбол – бұл бұқаралық-саяси спорттың түрі және біз бұған барынша көңіл бөліп келеміз. Ұлттық құраманың деңгейін жоғарылату үшін де аз қаражат бөлінген жоқ. Бірақ, бөлінген қаржыға сай нәтиженің де жоқтығын көріп отырсыздар. Осыған байланысты, мен алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропада емес, сары құрлықта өнер көрсеткенін қалар едім. Егер, Азияға қайта оралсақ жетістіктерге жетіп, сары құрлықтағы үздік алты команданың қатарына енер едік», – деген ҚР Туризм министрі бұл әңгіме төңірегінде Қазақстан Футбол федерациясының президенті Ә. Жақсыбековпен  де талқылағанын айтып өтті. Демек, бір өзгерістің болатыны сөзсіз.

«Ал, ойыншылардың болашағына келетін болсақ, құраманың қатарын ұлттық аяқдопшылармен толықтыру қажет. Қазір 27 қаракөз қазақ баласы Бразилияда жаттығып жүр, сондай-ақ, олар 18-ге толғанша осы спорт түрін толыққанды меңгеруі қажет. Бүгінде олардың екеуі Бразилия ұлттық құрамасының жастар құрамына өтті. Келісімшарт бойынша осы дайындықтан өтіп жатқандардың ешқайсысы шетелде қала аламайды, сондай-ақ шартқа сәйкес дайындықтан кейінгі жеті жыл бойы біздің ұлттық құрамада ойнауға міндетті. Менің ойымша, осы өрендер отанына оралып, қазақ футболының еңсесін көтеретініне сенімім мол», – деді Т.Досмұхамбетов.

Жандос БАЙДІЛДА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Келесі жаңалық
Халық қуанышы
Серіктес жаңалықтары
×