Қазақ футболы кімдер үшін?

08.04.2014, 04:58
Қазақ футболы кімдер үшін?

Қазақстан чемпионатының алғашқы төрт туры аяқталды. Әзірге топ басында "Астана" командасы келе жатыр. Ал одан кейінгі 2-3 орындарда батыстың қос ұжымы. Оның бірі әдет бойынша "Ақтөбе" командасы болса, екіншісі Атыраудың қала аттас ұжымы. Бұл екі команда сол төрт турда ешбір жеңілістің кермек дәмін татпаған. Бірақ, Атырауда өткен ойында командалар 0-0 есебімен тең түсті. Және футбол мамандарының айтуы бойынша "Атырау" да, "Ақтөбе" де биыл өте жақсы футбол көрсетуде. Қазақ футболы дамып келе жатыр деп те айтылуда. Ел премьер-лигасында ойнайтын клубтардың көбісінде сырттан келген легионерлер өнер көрсетуде. Әр ұжымда олардың саны 8-ден. Өткен маусымдарда легионерлердің дені негізінен Сербия, Хорватия, Македония секілді Балқан түбегінің елдерінен келетін.

Ал биыл сырттандар сұрыпталып, кішкене футболға икемі барлар келуде деп жар салуда. Әрине, оған келіспеске болмайды. Бірақ, олардың соншалықты көп болып жатқаны үрей тудыртады. Мысалы 3-тур ойындарында 14-гол соғылды. Сол 14 доптың тек 5-еуін ғана қазақстандық футболшылар соқты. Енді, 4-турда болған мына жағдайға тоқталсақ. Назарларыңызға "Атырау" мен "Ақтөбе" ойынының ресми түрде тіркелген хаттамасын ұсынамыз. Негізгі құрамда жасыл алаңға бірде-бір қазақ ұлтты футболшы шықпағанын байқайсыз. Тек, ойынның 67-минутында ғана алаң иелері сапынан Айбар Нұрыбеков алаңға кірген. Ал 69-минутта "Ақтөбе" Асхат Тағыбергенді Зеньковичтің орнына алмастырған. Міне, ойынға шамамен 25 минут уақытқа ғана қатыса алған екі қазақ жігіті - Айбар мен Асхат.

Қазақ футболы, ел чемпионаты деп жүргеніміз - осындай жағдаймен өрілуде. Мүмкін менің бұл жанайқайымды оқыған қазақстандағы өзге де ұлт өкілдері теріс көзқараспен қарап та қалатын шығар. Өйткені, Қазақ деп, Алаш деп, ұлт деп жүргендердің нендей жағдайды бастан кешіріп жүргенін көз көріп жүр. Бірақ, осы арада тағы бір қоса кететін жайтым бар. Қазақстан өздеріңізге белгілі әрине де, көп ұлтты мемлекет. Кейбіреулердің айтуынша, олар тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүруде. Мақұл делік, енді сол Қазақстан футболында жүрген өзге де ұлт өкілдеріне тоқтала өтейін. Алыстан мысал іздемей осы ойынға ғана тоқтала кетсем. Өздеріңіз көріп отырғандай ойынға қатысқан барлық 22 футболшының ішінде тек 8 футболшы ғана қазақстандық. Ал қалғаны тегіс легионерлер және қазақстанның азаматтығын кеше келіп ала салып, бүгін алаңда доп теуіп жүргендер. Демек, тек қазақтардың ғана емес сондай-ақ, қазақстандықтардың да премьер-лигада доп тебуі өте қиын жағдайға айналған.  

«Атырау» — «Актобе» 0:0 Ескертулер: Карпович 38, Абдулин 90 — Логвиненко 48, Коробкин 63, Бадло 82 Алаңнан қуылған: Коробкин 64 «Атырау»: Шабанов, Бутуев, Одибе, Абдулин (к), Афанасьев, Карпович, Эссаме, Рудик (Пархачев 61), Пейкришвили (Нұрыбеков 67), Трифунович, Блажич Қосалқы құрам: Цирин, Шакин, Гридин, Кучук, Нсереко «Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Бадло (к), Мирошниченко, Арзуманян, Шабалин, Коробкин, Логвиненко, Гейнрих (Неко 78), Зенькович (Тағыберген 69), Кападзе Қосалқы құрам: Нарзикулов, Харабара, Царикаев, Аймбетов, Пиззелли

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×