Қазақ футболының алыбы

07.12.2010, 01:41
Қазақ футболының алыбы
2004 жылы күздің екінші айында Ресейдің Омск қаласынан суық хабар келген. Бұл жерде Қазақстанның үздік сұрмергендерінің бірі Виктор Зубарев өмірден озған болатын.  Ия, футбол бұл – театр, ал футболшылар – актерлер. Ал, біз болсақ қарапайым көрермен, өмірден өткен футбол шеберлерін трагедия деп қабылдаймыз!  Виктор өмірден өткен кезде жасы небәрі отыз бірде ғана болатын... Бұл шабуылшы туралы көп әңгіме айтуға болады. Виктор талантты спортшылардың бірі, әрі бірегейі болатын. Дана халқымыз “талант тас жарады, тас жармаса бас жарады” – деп тауып айтқан сөзі бар емес пе? Өз қатарластарынан оза шапқан Виктор, үлкен футболға бірден-ақ аяқ баспаған. Ол алдымен өз бағын баскетбол алаңында сынап, содан соң үлкен футболға өтуге бел буған. Кейінірек белгілі болғандай, ала доптың қыр-сырын меңгерем деген бағытты таңдап, ол өз жолынан  жаңылмапты. Футболшылық ғұмырында Зуба қанжығасын 107 рет майлап, 2003 жылдың жазында Қазақстан клубтарының үздік сұрмергендері “Гол-100” қатарына қабылданған. Голдарының басым көпшілігін, яғни 77-сін ішкі біріншілікте, 7 голды Қазақстан кубогінда, 12 допты ұлттық құрама сапында, 7 Азияның кубоктық турнирлерінде, 4 голын Достастық кубогінде салған. – Ол өте мықты футболшы және керемет адам еді, – деп есіне алады сол кездегі Қазақстан құрамасының бас бапкері Сергей Тимофеев. Ол алаңда сан түрлі рөлде ойнайтын. Біз Зуба екеуміз нижегородтық «Локомативте» бірге ойнағаннан бері таныс едік. Ол футболда талай тірлікті тындырып үлгеретін еді, бірақ әттең . . . – деп сөзін түйіндеген. Өзінің футболдағы ғажайып шағын Зубарев паволдарлық «Ертісте» өткізген. 1997 жылы он голдың авторы атанып, Қазақстанн чемпионатының үздік сұрмергені болған. Дәл сол жылдың жазында «Ертістің» шабуылшысы ұлттық құрамаға шақырту алады. 1997 жылы Виктор ұлттық құрама үшін өкізген алғашқы ойынында хет-трикттің авторы атанады. Зубр ӘЧ-1998 іріктеу сынында Пәкістанмен өткен ойынның аяқталуына  32 минут қалғанда алаңғы шығып, аз ғана уақыттың ішінде футболдық сиқыр жасап, үш голдың авторы атанады. Ұлттық құрама үшін барлығы 12 гол соғып, «Зуба» мындағыға дейін құраманың үздік бомбардирі болып келді. Тек одан асқан Руслан Балтиев қана. Соңғы рет Виктор ұлттық құрама жейдесін 2002 жылы, эстондықтармен өткен жолдастық кездесуде киген. – Виктор жақсы жігіт болатын, -деп ағынан жарылды 2002-04 жылдар аралығында павлодарлық «Ертістің» бас бапкері Дмитрий Огай. Ол біздің «Ертісте» ойнап, өзінің басты көзірлерін (екінші қабатта ойнау, гол соғатын пас шығару) керемет пайдаланатын. Зубарев өмірінен сәл-пәл жаңылды. Спорттық ғұмыры өрге домалағанда, өмірі енді қыза түскенде жарық дүниемен қоштасу әрине өкінішті. Бұл барлық жас футболшылар үшін қатал сабақ болса екен деймін, – деп Огай мырза қорытындылаған болатын. Виктор Зубаревтің спорттық ғұмырында Кипрде де ойнаған кезі болған. Жарты жыл көлемінде «Зуба» Кипрдің жоғарғы дивизионындағы –Лимассолдың «Апаллон» командасының намысын қорғаған. Айта кетейік, Қазақстанның орталық шабуылшысы Кипрде де өзін керемет жағынан көрсете білген. 15 гол соғып Зубарев 2000-01 жылғы маусымда өз командасының үздік шабуылшысы атанған. Ал, оның ел кубогының финалында соққан голы «Апаллонға» жеңіс силап, УЕФА кубогына есік ашып берген. Бірақ Виктор өз отаны, туған командасы «Ертіске» оралғысы келді. –     Мен «Ертісте» ойнағым келеді. Себебі өзімді Павлодарлық команда үшін сәтті ойыншымын деп ойлаймын, – деп Зубр тілшілерге берген сұхбатында өзі айтқан болатын. Бір таңғаларлық жәйт, шынында да, Виктор павлодарлық команданың сапында ойнаған әр жылда «Ертіс» чемпион атанатын. Виктор Зубарев өзінің кәсіақой футбол ғұмырында: «Металлург» (Павлодар облысы), «Батыр» (Екібастұз), «Арсенал» (Тула), «Локоматив» (Нижний Новогород), «Аполлон» (Лимасол,Кипр), «Есіл-Богатырь» (Петропавл) сынды командалардың намысын қорғаған. Виктор Зубарев өзінің аз ғана ғұмырында біраз жетістіктерге жеткен. Атап айтар болсақ: Қазақстан чемпионы: 1999, 2000 Қазақстан кубогінің иегері: 1997 Қазақстанның Суперкубогінің жеңімпазы: 2001 Қазастанның үздік ойыншысы: 1990 Қанша қайғырсақ та «Зубр» енді біздің арамызда жоқ. Қазанның қытымыр аязы өзімен бірге даңқты футболшыны да бірге ала кеткен. Ия, футбол бұл – театр, ал футболшылар – актерлар. Біз болсақ қарапайым көрермен, өмірден өткен футбол шеберлерін трагедия деп қабылдаймыз!

Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×