Қазақ футболының ертеңі тек өзіміздің қолымызда

16.11.2010, 06:22
Қазақ футболының ертеңі тек өзіміздің қолымызда

Жасыл алаңда 22 адам ала допты арлы-берлі иіріп, қақпа бағанасын бажайлап, саңлау табуға тырысқан сәт – ең керемет сәт емес пе? Осындай кездерде ойласаң балғын балалық еске түседі.

Жас едік. Ауыл балаларын жиып, көше-көше болып, футбол ойнайтынбыз. Осы бір керемет те, қызық ойынның ырқымен таңның атысын кештің батысын білмеуші едік. Әр көшеден жиылған команда әйтеуір жеңіс туын өзімен ала кетуге тырысатын. Осылайша, ала доптың қасиетімен қара терге түсіп ерік жігермен жеңіске ұмтылатынбыз. Бұл – ауыл спортының ең қажеттісі де, қымбатысы. Арамызда аяқдоптың хас шеберлері де кездесіп қалатын. Өзімізше футбол шеберлерінің атын жамылып, «Мен – Роналдомын, мен – Зиданмын, мен – Пелемін», деп құдды бір аталмыш спорттышылар сияқты ойнап кететіндей, солардың ойын үрдісімен ойнауға тырысатынбыз. Өстіп жүріп өстік, ержеттік.

Ауылымызда мүйізі қарағайдай жалғыз футбол алаңы болатын. Бұл спорт кешеніне арнайы жаттықтырушылар бекітіліп, жас таланттар жиналатын. Бірақ, аталмыш таланттардан айтарлықтай орда бұзып, ел футболының сапында өнер көрсетіп жүргенін көре алмадық. Оның өзіндік себептері де болды. Айта кетсем, ауыл балаларының қанша жаттығуға, футбол спортының қыр-сырын ұғуға еркі бола тұрса да, жаттықтырушы тараптан үлкен қателіктер болды. Яғни, спортпен шұғылдануға келген жеткіншектерді жинап алып, бөлек-бөлек командаға бөліп ортаға бір допты тастай сала өз бетінше кетіп қалатын. Осының салдарынан көптеген олқылықтар орын алды. Мен-мен деген азаматтардың арнасы тарылып, беттері қайтты. Кәсіпқой түрде дайындық үш ұйықтаса түске кірмейтін жайтқа айналды. Тек, уақыт өткізу, жай дене сергіту мәселесі болып қала берді. Әлгіндей дайындықпен бұлар қалайша қазақ футболының мүшкіл халін ретке келтіруге қол ұшын бермек. Осындай беймаза ойлар жүрек түбінде сайрап жатушы еді.

Мысалға, ауылымызда ала допты ұршықша иіретін бір жігіт бар-тұғын. Оның талантты өнеріне қарап, осыдан болашақта бір керемет футбол шебері шығады-ау деп үміттенетінбіз. Ойын үрдісі басқалардан әрдайым оқшау тұратын, өзіндік бөлек ойын стильі қалыптасқан бұл азамат әрбір футбол ойнауға келген жастардың қызғанышын тудыратын.

Ал, қазір ше? Қазір, ол жігіт ауылда қарапайым бір жұмыстың басын ұстап, күнделікті күйбең тіршіліктің артында кетті. Оның өмірінде футбол деген жайына калды. Бұл да жаңағы айтқан себептің салқын лебі. Мұндай жағдайлар біреу ғана емес. Ауылдағы әрбір жеткіншектің басынан өткен оқиға. Ауылдағы әрбір доп тепкен жас өзінше футбол шебері болсам деп армандайтыны айтпаса да белгілі ғой. Бірақ....

Аталған ауыл спортының олқылықтарына қарап қарның ашады. Жас жеткіншектеріміздің ет жемесе де сорпа ішкендей болып жүргеніне қарап ішің күйеді, жаның ашиды. Біз қашанғы осылайша өлместің күнімен сүйретіліп жүре бермекпіз. Қазақ футболның ертеңгі болашағы өзіміздің қолымызда екенін біліп тұрып, мынандай қадамдарды тойтаруға неге бет бұрмаймыз.

Олжас НҰРЖАҚЫП

Алматы облысы, Шонжы ауылы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Жаңғақ
Келесі жаңалық
Video from Dailymotion
Серіктес жаңалықтары
×