Жаңғақ

16.11.2010, 06:01
Жаңғақ
Оң аяғы ауасыз кеңістікте қалықтағандай көкірек тұстан асып барып жерге түсті. Қас–қағым сәт бұрын жауына атылған оқтай ұшқан ала доп қақпада жатыр. Жүз мың адамның қуанышы араның ызыңындай бір құбылады, оған әндеткендердің үні қосылғанда стадионға бір мезет жан біткендей. Самғаттың Еуропа төріндегі чемпиондар лигасының ақтық кездесуінің үздік ойыншысы атағын алатындығында шаруасы жоқ. Мыңдаған жанкүйердің жүрекке бөтендігі болмаса, жанарлары жадырап, орындарында отыра алмастай. Күллі кәрі құрлық қара қазақты қаһарман тұтып, ықылас білдіріп жатыр. Самғат бірден балдаққа сүйеніп, өзіне келе жатқан қарияға қарай жүгірді. Топтың арасынан зорға сүйретіліп шыққан, қос жанары жасқа толған қартты жасыл алаңның қақ ортасына алып шығып, иығына қазақ республикасының көк туын шапанша жапқан. Аспан (Алла) куә, бұл – әке мен баланың ғұмырындағы ең бақытты сәт еді...

...

Төле табанына кірген шөңгені суырумен әлек. Қызара бөрткен аяқтын тізеден төменгі тұсы жарадан көрінбейді. Қақ маңдайдан дөп тиген ала доптан екі–үш аунай, алаң жиегін білдіретін қазылған кішкене арыққа құлады. Есін енді жиғандай, үстін шала қағып, доп қуған балалардың қатарына енген. – Ей, Төле! Жүгірсеңші! Қақпаға жіберме! Алдын жап! – Гоол!!! – Үй, мешкей! Айттым ғой саған жалаңаяқ түк бітіре алмайсын деп. Әкеңнің етігін болса да киіп келсеңші. Келесі жолы аяқкиімсіз келсең, ойнамайсың, – деп қабақ шытқан қара дәуге Төле қорқа қарап, «иә, айтқаның болсын, бастық» дегендей, басын төмен салбыратты. Осы сәтте көшенің аяғынан маңыраған мал мен ысқырған аттының дауысы қатар естілген. Бейне жер қопарылып, аспан жерге түскендей. Шаң–топырақтан тірі жан көрінбейді. Қой бөліскен адамның айқайы, үрген қаншықтың ащы үні – ауылдың күнделікті кеші еді. Жаңа ғана доп қуалап, есер салып жүрген балалардың барлығы қой келетін бағытқа кетті. Төле  аяғын сілтіп басып, кері аяңдады. Үш–төрт ай бұрын ауылға қаладан бір отбасы көшіп келген. Жаңа көршінің үлкен ұлы ауылдағы қолдары «қалт» етсе, асық ойнаған балаларды жиып, доп тебуге әуестендіріп жүр. Қаладан алып келген былғары ала доп – ауылдағы жалғыз ермек. Жыртығына шүберек тығып, ары да бері тепкілейді. Әсіресе, кешқұрым мал келер уақыттан ерте жиналып, футбол ойнайды. Бастық – ала доптың иесі, ауыл тұрғындары «Қара дәу» деп атап кеткен. Доп тепкісі келетін балалар жаңағы дәуге үйлерінен құрт, май немесе тәтті ұрлап шығады. Кішкене ғана алаңның арам шөбі жұлынып, карама–карсы бетке екі тастан қойылған. Бір жағы сымтемірмен қоршалған біреудің шарбағы. Екінші шеті кәдімгі қазылған арық. Бұдан артық қандай алаң, қандай бақыт керек. Бүкіл ауыл балаларының басын қосатын – осы мекен. Бұл қуаныштан Төле де қалмайды. Алғашқыда мектепке киетін жалғыз аяқкиімді допқа салатын. Шешесі тыйым салғалы бері жалаңаяқ ойнауға мәжбүр. Бір жолы көршінің қорасындағы ілініп тұрған конькиді алып, табанындағы айдында сырғанауға арналған темірлерін сындырып тастаған. Оның орнын кәдімгі болтпен бұрап, сыртынан жіппен орап қоятын. Бұнымен оңдырып доп тебе алмасын білген ол, кейін жалаңаяқтарын арқанмен орап тастайтын болды. Ойын кезінде арқан аяғына оратылып, жерден талай таяқ жеген. Жатса–тұрса есіл–дерті футболда. Қарсыласты қалай алдап өтуге болады? Қақпаға допты қалай тепкен ынғайлы? Кейде өзінше қызылша, картоп теуіп жаттығады. Ең ыңғайлысы – жер жаңғақ. Қанша тепсең де жарылмайды, сынбайды, өзі кіп–кішкентай ыңғайлы. Қалтаға толтырып алып кете бересің. Әрине, оны да табу оңай іс емес. Жаңағы «Қара дәудің» үйіне теледидардан футбол көруге жиналғанда 4–5-тен алып алады. Таңертең малды өріске айдап, қора тазалағаннан кейінгі шаруасы – жаңғақ ойнау. Өз–өзімен дайындық. Күндіз күнді доп қылып елестетіп, аспанға шалқая жатады да, қос аяғымен миллиардтаған шақырымдағы күнді тепкен болады. Түнде Төле үшін әр жұлдыз кәдімгі доп, аспан – алаң. Бір жұлдыз аққан сайын «гол» деген үн естіледі. Кейде өзін мыңдаған жанкүйердің алдында футбол ойнап жүрмін деп елестетеді, доп соққанда түрлі қимылдар жасап қуанады. Естіп–көруінше Бразилия, Франция деген елдер футболды әкесін танытып ойнайды. Төле сол алпауыттардың қатарына түбі солай болады деп, Қазақ елін де қосып қоятын. Ия, оның бұл қиялын тірі жан білмейтін. Төленің арманына аспан ғана куә еді. Оның арманы аспанмен астасып жататын. Бұл күндері Төле – «Жаңғақ Төле» атанған. Ауыл, аудан былай тұрсын, облыс та емес, республиканың үздік ойыншысы атағын иеленгелі де біраз болған. Қазақ елінің құрамасында өнер көрсететін оның ендігі арманы – шетелді бағындыру еді. Қазақ елінің атын футболды басты орынға қоятын Еуропаға, әлемге таныту-тұғын. Қазірдің өзінде жаңғақтай төзімді, тепкен добы нысанаға дәл тиеді. Бойы ұзын болмағанымен, шымыр, күні кешке дейін доп қуаласа да, шаршамайды. Жиырмаға жаңа қараған жігіттің ойын мәнерін көрген бапкер жабыса кететін кез. Кәдімгі кәсіби деңгейдегі клубта, арнайы футболға арналған аяқкиіммен доп ойнайды. Тіпті, жейдесі де бірнешеу. Жасыл алаңда жүгіргенде алдына жан салмайды. Сүйікті ісі – айып добын орындау. 30 метр қашықтықтан шиіре тепкен добы қақпашыны ауада алдап өтіп, діттеген нүктесіне дәл жетеді. Қарсыласты алдау жолдарының да біразын меңгерген. Пеле, Марадоналардың ойындарын жатқа біледі. Жаттаған, үйренген тәсілдерін алаңда қолданады. Міне, бүгін де көпшілікті таңдайқақтырар сәт туып тұрған сыңайлы. Аяқкиімінің бауын мықтап байлады да, жанындағыларға қарап: «Ал, жігіттер! Жұмылған жұдырықтай болыңдар. Жейденің жүрек тұсындағы белгі – арқадағы жазудан әлдеқайда жоғары. Жүрекпен ойнаңдар. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозардың» заманы емес. Барларыңды салыңдар» – деді де, сөмкесінен бір жаңғақ алып біраз үнсіз отырды. Кенет ол отырған бөлмеге келбеті орыстектес, еуропалық па нақты айыра алмаған, әдемі киінген бейтаныс кісі кірді. Жанында қазақ қызы бар. Сірә, аудармашы болуы керек. Амандық сұрасқан соң әлгі кісі бірдеңелерді айтып әлек. Төленің көзі сонда, құлағы қазақ қызда. – Сіздің ойын мәнеріңіз еуропалықтардан еш кем түспейді. Елдің үздік ойыншысы атандыңыз. Тіпті, қарсыласты алдап өтетін әдістеріңіз елге беймәлім. Сізді жас кезіңізде жаңғақты доп қылып ойнаған деседі. Бұл сіздің техникаңызды тамаша денгейге өсірген. Футбол королі Пеленің де балалық шағында мандарин теуіп өскенінен хабардар шығарсыз. Бүгінгі кездесуден кейін көңіліңіз қаласа, Еуропаның үздік командаларының біріне өнер көрсетуге шақырамыз. Жол ашық. –  Қалай сонда? Мынау күтпеген жағдай болды. Мен... Еуропа... Не істеуім керек сонда? – Мына қағазға қол қойсаңыз болды, Еуропа сізді тосып отыр. Тек бүгінгі кездесуде жақсылап ойын көрсетіңіз. Сізге бола арнайы мамандар келіп отыр. –  Бүгін сіздер болашақ футбол королінің қазақтан шығатынына куәгер боласыздар. Күллі әлем қазақ футболын мойындап, бас иетін болады. –  Бұл сізге байланысты. Іске сәт, жолыңыз болсын. –   Кім болсаңыз да айтқаныңыз келсін – деді де, жүзіндегі қуаныш сезімін жасыра алмай  жанкүйер толы аланға беттеді. Бұл – Қазақстан чемпионатының ақтық кездесуі еді. Жаңғақ Төле алаң жиегін аттамас бұрын көкке қарап, «Аспан, (Алла) ойыныма өзің куә бол», – деп бетін сипады...

...

–  Айып алаңына шығарылған пас! –  Қауіпті сәт! –  Гооллл! –  Мұсұлмандардың мактанышы Зинедин Зидан есепті ашып, Франция құрамасын алға шығарды!.. Төле теледидардағы комментатордың үнін өшіріп, телефон тұтқасын алды. Көңілсіз жүзі одан әрі түңіреніп, қабағы түйіліп кеткен. Орындыққа сүйеніп тұрған балдағына әрең жетті де, орнынан сүйретіліп тұрды. Есік алдына шығып біраз отырып, ентігін басты. «Футболды ұмытыңыз. Сіздің жағдайда балдақпен жүрудің өзі жетістік». Жаңағы телефонның арғы жағынан естілген суық хабар құлағынан кетер емес. Дене бойы түршігіп, көзіне жас келді. Жасыл алаңдағы соңғы сәті есіне түсті. Екі–үш қорғаушыны алдап өтіп, қақпаға соққы жасаған сәті. Ала допты кеудемен тосып, аяғының ұшымен қақпашының бойынан асыра тепкен кезі. Қарсыластың қорғаушысы бар екпінмен келіп, тізе мен тобық арасынан тепкен секундтар. Сүйектің сынып, екі–үш аунай құлаған шағы. Соңғы сәттер. Көз алдынан қайырылмас сағымдай болып өтіп жатты. Міне, жеттім. Еуропаға есік енді ашылды деп жүрген кездер еді. Сол кездесуден кейін жарты жыл аурухана палатасынан басқаны көргені жоқ. Одан кейін тағы 3–4 жыл төсек тартып жатты. «Мүмкін, бәрі баяғы қалпына келер» деген соңғы үміт телефон тұтқасын алғаннан кейін мүлдем сөнген. Біраз отырды. Кенет, аулада жаңғақ теуіп, домаласа артынан қуып «Гол» деп жүгірген үш жасар Самғатқа көзі түсті. Сол сәтте сөнген үміт қайта жанғандай болды. Баласының бейнесіне қызыға қараған. Ендігі мақсат – жалғыз ұлын өзі жетпеген шыңға көтеріп, өзі көрмеген биікке шығару. Міне, қазақтың атын әлемге паш ететін болашақ тұлға. Мүмкін жиырма, отыз жыл өтер, бірақ, қазақ футболы алыптар қатарына косылатыны анық. Төле ұлын алдына алып, жоғары нұсқады. «Мынау аспан, футбол ойнайтын алаң секілді. Анау домалақ күн – сенің добың. Абайлап, айласын таппасаң күйдіріп жібереді. Сен кейін осы аспанның иесі боласың, қазақтан шыққан тұңғыш әлемнің үздік ойыншысы боласың. Ол күн – сенің де, менің өміріміздегі ең бақытты кез болады, алтыным». Төле бәрін басынан бастауға бел байлады...

Саламат ОМАШ,

журналист

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×