Биылғы жылғы Қазақстан кубогінің жартылай финал ойындары да өз мәресіне жетті. Ақтық ойынға алматылық «Қайрат» командасы және елордалық «Астана» клубы жолдама алды.
Қарашаның 6-шы жұлдызында «Атырау» командасы өз алаңында «Қайратты» қабылдап, 0:3 есебімен есе жіберіп алды. Екі ойынның қорытындысы бойынша есеп 4:0 болып, «Қайрат» командасы үшінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Кубогінің финалына жолдама алды.
Артынша келесі күні «Астана» жергілікті «Астана Арена» стадионында павлодарлық «Ертісті» қабылдады. Димитар Димитров шәкірттері астаналықтардың соққан бес голына тек үш мәрте ғана жауап қайтарды. Қос ойынның қорытындысы бойынша 7:4 есебі тіркеліп, «Астана» командасы кубокқа бір табан жақындады.
Биылғы маусымда «Қайрат» пен «Астана» алтыншы рет кездесетін болды. Бес кездесудің төртеуінде алматылық команда жеңсе, бір мәрте астаналық клуб жеңіске жетті.
Бір жыл бұрынғы финалда дәл осы екі команда кездескен болатын. Ол ойында «Қайрат» командасы, қазіргі таңда астаналықтардың намысын қорғап жүрген Джордже Деспотовичтің соққон қос голының нәтижесінде 2:1 есебімен ұтып, кубокты иеленді.
Биыл 2016 жылдың кубогінің финалы алматының «Орталық» стадионында өтеді деп жоспарланып отыр. Көптен бері кубоктың финалы «Астана Арена» стадионында өтіп келген еді. Енді мінекей, алматылық жанкүйерлер үшін бұл тамаша сый болғалы тұр. Финал қараша айының 19-күніне белгіленген.
Ерік Ерсін