Қазақстан кубогы. Жартылай финал жолындағы тартыс

29.09.2012, 05:00
Қазақстан кубогы. Жартылай финал жолындағы тартыс

      Бүгін футболдан Қазақстан кубогының ¼ финалының қарымта кездесулері өтеді. Естеріңізде болса алғашқы ойындар қыркүйек айының он тоғызы күні өткен болатын. Өз алаңында қызылорданың «Қайсары», елордалық «Астанадан» бір доп айырмасымен басым түссе, «Ақтөбе» мен «Ордабасы», «Жетісу» мен «Шахтер» тең тарқасқан еді. Ал «Ертіс» болса  қостанайдың «Тобылын» 3:0 есебімен тізе бүктіріп, ширек финалға алар жолдаманы өз пайдасына шешуге құлықты екенін көрсете білген.                                                                                 

                                                            Жартылай финал жолындағы тартыс

«Астана» - «Қайсар»

   Екі ұжым арасындағы кездесулер осымен үшінші рет қатарынан өткелі отыр. Ең алғаш командалар ширек финалдың алғашқы ойындарында (19.09.2012) кездескен болатын. «Қайсар» өз алаңында ойынның 89 минутында Стахивтің соққан голынан кейін жеңіске жеткен еді. Араға 4 күн салып, 23 қыркүйек күні премьер-лиганың ХХІІІ тур ойындарында екі команданың жолы қайта түйісті. Елордада өткен кездесуде «Астана» «Қайсар» қақпасына жауапсыз 3 допты енгізіп, ірі есеп айырмасымен жеңіске жеткен болатын. Енді екі команданы ширек финалдың қарымта кездесулері күтіп тұр. «Астана» өз алаңында барын салары сөзсіз. Ойынды «Еларна» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.  

 «Шахтер» - «Жетісу»

  Талдықорғандық команда биылғы маусымда сүреңсіз ойын өрнегін көрсеткенмен, кубок жолында тәп-тәуір ойнап келеді. Ширек финалдағы алғашқы кездесуін өз алаңында кеншілер командасымен 1:1 есебімен тең аяқтаған болатын. Жауапты кездесуде қос ұжым да аянып қалмасы анық. Бұл кездесу туралы «ФФК-тв» жобасы арқылы мәлімет ала аласыздар.

 «Тобыл» - «Ертіс»

   Ел премьер-лигасында «Ертіс» ерекше ойын өрнегімен көзге түсіп келеді. Соңғы турда «Ордабасыны» өз алаңында ойсырата жеңді. «Тобылмен» болған алғашқы кездесуде де үш доп айырмасымен басымдық танытқан болатын. Осы нәтиже енді керекулік команданы келесі кезеңге алып шығуға көмектесе алады. Ал «Тобылға» енді өз алаңында «Ертісті» ірі есеп айырмасымен тізе бүктіру қажет.

30-қыркүйек

 «Ордабасы» - «Ақтөбе»

    Биылғы маусымда қос ұжым осыған дейін 3 рет кездесу өткізді. Үш бірдей кездесу де тең нәтижемен аяқталған. Сондықтан екі команда да бір-бірінің қыр-сырын жақсы меңгерген десе де болады. 26 қыркүйек күні «Ақтөбе» өз алаңында «Ақжайыққа» есе жіберді. Бұл премьер-лиганың кейінге шегерілген ХVІІІ тур ойындары болатын. Осы ойыннан кейін «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Муханов отставкаға кетуі мүмкін деген команда жанкүйерлері әлеуметтік желіде мәлімдеме таратқан еді. Әзірге бұл туралы мәлімет жұмбақ күйінде қалып отыр. Қос ұжым арасындағы кездесу шымкенттегі Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтеді. Ойынды «Қазақстан» ұлттық арнасынан көре аласыздар.  

Өмірбек САНСЫЗБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×