Қазақстанның "Халық командасы" атағына кім лайық?

11.11.2015, 23:27
Қазақстанның "Халық командасы" атағына кім лайық?
Қазақ даласына аладоп келгелі ғасырдан астам уақыт болды. Ең алғаш Әуезовтер тепкен теңбіл доп тұтас Қазаққа түгел таныс спортқа айналды бүгінде. Әр спорт түрінің жілігін шағып, майын алған мықтысы болмайма?! Ендеше, біздің елде футболдың падишасы қай клуб? Бізге беймәлім өткенді емес, бәрімізге белгілі бүгінгі футболдағы нағыз "Халық командасы" атағына кім лайық екенін саралап көрейік... "ЕРТІС" Еліміздің бес дүркін чемпионы "Ертістің" ел назарынан тыс қала бастағаны шындық. Чеммпиондық атақ түгілі жүлделі орыннан көрінбегелі де біраз болды. Керекуліктердің көп көңіліндегі келбетінің күңгірттене түсуіне олардың соңғы кездері лeгионерлер легіне көп сенім артып жүргені себеп болғаны сөзсіз. Сол олқылықтың орыны Самат Сымақовтың келуімен сәл толыққандай болғанымен, Қазақстанның "халық командасы" атану мүмкіндігі Ертістің асау толқынындай тулап кеткен секілді. "ТОБЫЛ" Тереңге тартар тарихы бар "Тобыл" командасы ХХІ ғасырдың табалдырығын аттасымен Қазақ футболының жаңа жетістіктерін жазған болатын. Ел чемпионы болды, еларалық бәсекелерде ел намысын қорғап Еуропада да доп тепті. Бұған Қазақ футболының аңызы Нұрбол Жұмасқалиевтің жиырма жыл төккен тері қосылып қостанайлық команданың абыройы асқақтаған болатын. Тіпті, "Тобыл", "Ақтөбе" арасындағы кездесулер "эль-классикоға" баланған кездер болды. Бірақ, соңғы жылдардағы сүреңсіз ойындары мен екінші алтылықтың көшін бастауға ғана жарап қалған жартікеш нәтиже, торғайлық ұжымды да ел есінен өшіре бастады. "ОРДАБАСЫ" Футболда оңтүстік өңірдің аты өз қаракөздерімізді командаға көптеп тартумен шықты. Шымкенттік команда сапында бір ойында  бес-алты Қазақ футболшысының алаңға шығуы таңғаларлық жағдай емес еді. Бұған тарихи ордамыздың туы тігілген түстік обылыстағы Қазақ жанкүйерлер санының көптігі қосылып "Ордабасы" клубы ел футболындағы еңселі ұжымдардың біріне айналған болатын. Бірақ, ел чемпионатында елең еткізер елеулі жетістіктерінің жоқтығы, Еуропада да ел намысын өз деңгейінде қорғай алмауы, бапкерлік тізгінге Кумыковтың келуімен отандық ойыншылар санының күрт азайып, шетелдіктердің шоғырлануы клуб беделіне нұқсан келтіргені сөзсіз. "ШАХТЁР" Қазақ футболына атасында көрмегенді ботасында көрсеткен, алғаш болып "кәрі құрлықтың" кәнігі бәсекесінде бақ сынаған қарағандылықтар, Қазақ елінің мақтанышы атанып, ат-атақтарын Алатаудан әрі асырған еді. (2013 жылы Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты) Біздің футбол Еуропаның кенжесі деп күйініп жүрген Қазақ жанкүйерлері "Шахтердің" шабысынан кейін "Қарт құрлық" төрінде де ұран салуға болатынын сезініп дүр сілкінген-ді. Сол кездері миллион жанның махаббатына бөленген бұл ұжым бүгінде тактикалық тоқыраудың және қаржылық қиындықтың қыспағында қалып отыр. Кешегі керемет жетістіктеріне жету былай тұрсын, табаны төменгі лигаға тайып кетуге таяу жүрген клубты "халық командасы" еді деу бізге де қиын. "АҚТӨБЕ" Ел біріншілігінде он бір жыл бойы жүлдеден қағылып көрмеген; Еуропада да азды-көпті жетістікке жетіп жүрген "Ақтөбенің" мықты команда екені даусыз. Бұған футбол сүйер Ақтөбе халқын қосыңыз, "Қобыланды батыр" стадионындағы қызуқанды жанкүйерлер команда көркін келтіп тұрары сөзсіз. Алайда, біз білетін "Ақ-қызылдар"- "Ақтөбелік команда" әрі кетсе "Батыстық ұжым" деп ғана аталады. Ендеше, азулы "Ақтөбенің" Алаштың командасы деңгейіне көтеріле алмауына не себеп?
  1.  Қызуқанды жанкүйерлер. Қазақстандағы жанкүйерлері ең жалынды команда "Ақтөбе" екені сөзсіз, алайда, сол жанкүйерлердің командаға келтірер кері әсері де жоқ емес. Ақтөбелік қызуқанды жанкүйерлер басқа командаларға және басқа команданың жанкүйерлеріне танауын шүйіре қарайды. Өз командаларының күшіне сенген олар қарсыластарына қарсы жәбірлеу және бөліну сипатты сөздер айтудан да тайынбайды. Мәселен, кездесу алдында "Кіші жүз"! деген жазуы бар плакат көтеріп шығу; жақында алматылық командаға қарсы "Қазақстанда жалғыз Қайрат бар" ұраны. Бұған қоса, әлеуметтік желілердегі жас ақтөбелік жанкүйерлер басқа қаланың жастарына қарсы "электронды соғыс" ашуы- осының бәрі-бәрі басқа қала жанкүйерлерінің ашу-ызасын тудырып, "Ақтөбе" командасына деген теріс көзғарастарды қалыптастырады.  ("Ордабасы" жанкүйерлерінің "Қайратқа" қарсы кездесуде "Ұлы Қазақ даласын біріктірген- Ордабасы деген плакат көтеріп шығуы жалпы Қазақ жанкүйерлерін әділ бәсеке, әдемі берекеге үндейтін тамаша ұран болған. Алда "Ақтөбе" жанкүйерлерінен де осыны күтеміз!)
  2. Еурододаларда ел туын тым биікке тіге алмауы. Он жыл бойы ел чемпионатында жүлдегер атанып келген ақтөбеліктер сол он жылда да Еуропада ел намысын қорғады. Осы барыста ел есінде қалатын ерекше жеңістерге де жетіп, тамаша кездесулерді  де өткізігенімен бірде-бір мәрте мәреге жете алмауы, туларын топтық кезең төріне қадай алмауы, жанкүйерлердің командаға деген сенімдеріне селкеу түсіріп қойды.
  3.  Командадағы келімсектер. "Ақтөбе" сапында не лeгионер емес, не Қазақстандық емес бір топ "жаңа қазақтар" доп тепті. Команда көшбасшыларының бірі Марат Хайруллиннің өзі Қазақстан азаматтығын алған Ресейдің екінші сортты ойыншысы. Осындай келімсектердің кесірінен команда сапында Қазақ жастарының орны өгейсіді. Әдетте алаңда көп болғанда екі Қазақ ғана өнер көрсете алады...
Міне, осы факторларлар алпауыт "Актөбе" командасының көп көңіліндегі "Халық командасы" атануына кедергі келтіріп келеді. "АСТАНА" Біздің ғасырымыздың бірінші он жылдығының соңында ғана құрылған клубтың "қарт құрлықтың" бас бәйгесінде бақ сынап жүруін жаһан жұртшылығы сенсация деп санады. Алғашқыда бұл кереметке өздері де сенер-сенбесін білмей жүрген Қазақ жанкүйерлері қазір бұның сенсация емес, он неше жылдық төккен тердің заңды нәтижесі екенін ұғынып, "Астананың" айбатына сенім арта бастады. Енді, олар елордалық командадан "Бенфиканы" ұтып, "Атлетиконы" тізерлетуді талап етуге де болатынын түсінді. Білікті бапкер бастап, бірегей ойыншылармен жасақталған "Астананың" айдарынан жел есіп тұр бүгінде. Екі мәрте ел жеңімпаздарының енді Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінен әрі асатынына,  тым құрығанда жорықтарын Еуропа лигасынында жалғастыратынна сенетіндер саны артып келеді. Ендеше, осындай жетістікке жеткен астаналықтарды "халық командасы" деп танысақ болмай ма? Бірақ, бірақ... Екі жылдық ерен еңбектері үшін елордалықтардың "Ел командасы" атағына ие бола салуы мүмкін емес. Ол үшін мына кемшіліктердің кетігін жамау керек.
  1. Тұрақты жанкүйер жинай алу. "Астананың" Чемпиондар лигасындағы кездесулерінде "Астана Арена" ауызы-мұрыннан шығып толады, командаға қолдау көрсетер жанкүйер жерге қаратпайды мұндайда. Өкініштісі, "Атлетико" мен "Галатасарай" еліне қайтқан соң елордалық стадион қаңырап қалады. "Ертіспен" ойнаса екі мың, "Атыраумен" кездессе алты жүз жанкүйер отыз мың орындық стадионның әр бұрышында "шемішке шағып" отырады. Әр ойынын қалт жібермей көретін көрермен жинай алмай ел сүйіспеншілігіне ие болдым деу асылық болар...
  2. Отандық ойыншыларды тарту. Азуын айға білеген "Астананы" алға сүйреп жүрген шеберлер шетінен шекара асып келгендер. Каньяс Колумбиядан келген болса, Жуковтың жүрегі Ресей деп соғып тұр. Легионерлерді ойнатуға қарсы емеспіз, бірақ соларды алмастыра алатын Алаш ұландарын тәрбиелеуді де ұмытпау керек. "Атлетикоға" қарсы кездесуде негізгі құрам ойыншыларын демалдырды, сол кезде олардың орынын жоқтатпау үшін суырылып шығар бір мықты табылмады. Демек "Астананың" қосалқы құрамында ертең дүбірлі додаларға дайын отандық ойыншы жоқ деген сөз.
Алаштың атағын әлемге танытты дейміз, танытқаны жақсы, әрине. Алайда, Қазақ футболы үшін шын жанашыр жанкүйер жинап, ертең ұлттық құрама үшін адал тер төгер шебер футболшы тәрбиелеудің маңызы өз алдына. Демек, дәл бүгін "халық командасы" атану біздің жеңімпаз "Астанаға" да әлі ертерек... "ҚАЙРАТ" ХХ ғасырдағы "халық командасы", КСРО кезінде көршілес республика командаларымен терезесі тең өнер көрсетіп, ел еңсесін көтерген "Қайраттың" Қазақ сүйіспеншілігіне бөленгені шындық болатын. Өкініштісі, тәуелсіздік алып таза өз футболымызды тебе бастағалы "Қайраттан" қауқар кетті, ел чемпионатында екі-ақ мәрте топ жарған алматылықтар, тіпті, ел біріншілігінде табан тіреп тұра алмаған сәттері де болды. Көш тізгінін Владирмир Вайсс ұстағалы қайта түлеп сала берген команда "Oрталық стадионды" қайтадан қуанышқа бөледі. Орталық стадионға ағылған алматылықтардың арасында; сонау жылдарда Сегізбаевтың сиқырлы өнеріне тамсанып, Құралбек Ордабаевтың қақпа алдындағы қимылына тәнті болған, бүгінде алпысты алқымдаған аға жанкүйерлер де; алты жасқа жаңа толған "Астанамен" жасты бала жанкүйерлер де бар. Өз футболын тапқанына үш-ақ жыл болған "Қайраттың" мұнша тез мыңдаған жанкүйер жинай алу себебі: біріншіден, ертеден бері келе жатқан тұрақты жанкүйері бар болғанынан болса; екіншіден, ел чемпионатында да, Еурододаларда да тамаша ойын өрнегін көрсетіп жүргенінен екені сөзсіз. Тағы бір маңызды себебі, команда сапында Қазақ футболының болашағына баланған Бауыржан ИCЛАМХАН, Исламбек ҚУАТ сынды саңлақтардың доп тебетіндігі болса керек. "Қайраттың" Қазақстандағы үздік командалардың бірі екені даусыз. Еуропада атой салып жүрген "Астанаға" ел біріншілігінде есе жібере қойған жоқ, тіпті, кей жақтарынан басым да болды. Бір жыл бойы көрсеткен керемет өнерімен өздерінің чемпиондық атаққа лайық команда екенін дәлелдеді. Бірақ, халықтың шынайы құрметімен сүйіспеншілігіне бөлену үшін "Қайратқа":
  1. Осы ойын мәнерінен оң нәтиже шығару. Ел чемпионатын ұтып, Еуропада атой салуы керек. Сол кезде әр кездесу сайын стадионға қолдау көрсете келетін Он мыңдаған жанкүйерлердің сенімін ақтап, ықыласына одан әрі бөленетін болады.
  2. Ұлттық құраманың болашақ базасына айналу. "Қайраттың" сапында ұлттық құраманың негізгі ойыншылары көп. Ұлттық құрамада өнер көрсететін Қазақ футболшылардың тең жарымынан астамы алматылықтар. Жақында керемет футбол акедемиясы ашылды, демек, болашақта Қазақ футболының қаймағын "Қайраттан" қалқып аламыз деп сенуге болады.
  3. Мемлекеттік тілге құрмет. Бір өкініштісі, біз мақтап отырған "Қайраттың" мемлекеттік тілде жұмыс жасауы ақсап тұр. Сүйікті командасына қолдау көрсете келген жанкүйерлер 90 минут бойы ресми тіл-орыс тілінде оқылған мәтіндерді тыңдап отыруға мәжбүр. Бұдан бөлек клубтың ресми сайты, әнұрандары,  жанкүйерлердің жан-айқайы(ұрандары) бәрі-бәрі мемлекеттік тілден мақұрым жатыр.
Осы олқылықтың орынын толтырмай "Қайратқа" "Халық командасы" деген қасиетті атақты асығыс тапсыру ағаттық болары сөзсіз. Бүгінде біздің елде "халық командасы" атағына бір табан жақын командалар осы аталған ұжымдар деп шештік. Көштің қалай жүрерін, кімнің озып, кімнің қаларын бізге болашақ айтып берер. Қысқасы, Қазақ футболының дамып келе жатқаны шындық!     Қуанышхан ӨМІРХАН  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×