Қазақтар Францияда доп теуіп жүр

12.01.2012, 20:52
Қазақтар Францияда доп теуіп жүр

немесе намыстан жаралған команда

Таяуда Парижден сүйінші хабар жетті. Францияда кілең қазақтардан құралған футбол клубы жақында француз лигасына қабылданыпты. Мұны естігенде бөркімізді аспанға атып қуандық. Өйтпегенде ше, Франция – футболдың сиқырын жетік меңгерген елдің бірі. Әрі Платини мен Зиданның Отанында доп тебу – екінің бірінің қолынан келе бермейтіні тағы бар.

1986 жылы Парижде шетел қазақта-рының қолдауымен «Париж-Қазақспорт» командасы құрылады. Ол кезде әр түрлі себептерге байланысты клубты кәсіпқойлық дәрежеге жеткізуге мүмкіндік болмаған. Алайда, 2006 жылы клуб жастардың қолына өткеннен кейін Франция Лигасына еніп, ресми тіркеуден өткен болатын. Клубтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргендердің бірі, команда жаттықтырушысы Селжұқ Биіклі мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Селжұқ мырза, «Париж-Қазақспорт»-тың француз лигасына қабылданғанын естіп қуанып жатырмыз. Клуб жайлы толығырақ айта кетсеңіз? – Бұрын «Қазақспорт» ресми тіркелмегендіктен аула клубы ретінде ойнайтын. Былтыр бірінші рет француз лигасына енді. Өзіңіз білетіндей Франция чемпионаты көптеген лигалардан тұрады. Әзірге біз енді-енді күш жинап келеміз. Биыл лига жеңімпазы атанар болсақ, бір саты жоғары көтерілеміз. – Клуб сапында неше ойыншы бар? – Негізгі және қосалқы құрамдағы ойыншыларды қосқанда 45 футболшымыз бар. Басым бөлігі 17-21 жас аралығындағы жігіттер. – Аптасына қанша күн жаттығасыздар? Жеке алаңдарыңыз бар ма? – Иә, өзіміздің футбол алаңымыз бар. Аптасына екі рет жаттығу өткізіп, бір ойын ойнаймыз. – Демеушілеріңіз ше? – Қазіргі таңда демеуші іздестіріп жатырмыз. Бұған дейін кішігірім демеушіміз болғанымен, клуб ойыншыларына жалақы төлеуге мүмкіндік жоқ. Көмек қолын созғандардың бергені ойыншыларға жейде, доп сатып алудан артылмайды. Сондықтан «Париж-Қазақспорт»-тың жігіттері доп тебумен бірге жұмыс істеуге мәжбүр. Көңілге демеу болатыны, жігіттердің ешқайсысы бұған қабақ шытқан емес. Әйтсе де, клубтың дамуы үшін біраз қаржы қажет екені түсінікті. Осы орайда, Қазақстан тарапынан көмек болып жатса, қуанар едік. – Алдағы уақытта Қазақстандағы жарыстарға шақырту алсаңыздар келесіздер ме? – Әлбетте! Бұл бізге рухани демеу болар еді. Біздің жастар өздерінің қазақ екенін біліп, салт-дәстүрін ұстанғанымен, қазақ тілін нашар меңгерген. Атажұртты көзімен көрсе, олардың қазақ еліне, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі арта түседі деп ойлаймын. Атажұртқа бару – көбісінің арманы. – Франциядағы қазақтардың басын қосып, клуб құру қиын болған жоқ па? – Ойыншылардың көбі бұған дейін өзге клубтарда тәлім алған. «Париж-Қазақспорт» лигаға енген соң барлығы осында жиналды. Мақсаттары – қазақтардың клубында тер төгу. Нәтижеміз де жаман емес. Өткізген ойындарымыздың біреуінде ғана жеңіліс тапсақ, екеуінде тең түсіп, қалғандарында мерейіміз үстем болды. Әзірге бірінші орында келеміз. Бапкерден бөлек, «Париж-Қазақспорт»-тың ойыншыларымен де ғаламтор арқылы байланыстық. Біз әңгімеге тартқан Әмре Үзділ мен Әли Тұрған – клубтың белді ойыншылары

Әмре Үзділ: Атажұртты көру – арманым

– Әмре, футболға деген қызығушылығың қалай басталды? – Мен 1991 жылы 7 қаңтарда Париж қаласында дүниеге келдім. Әкем 7 жасымда «US IVRY» деген футбол клубына алып барды. 18 жасыма дейін сол клубта доп тептім. Алайда, бір жылдай алаңнан қол үзе тұруға тура келді. «Қазақспорт» лигаға кірген соң, осында келдім. – Футболдан басқа немен айналысасың? – Францияның Ұлттық Темір жол компаниясында машинистің көмекшісі болып жұмыс істеймін. – Бос уақытыңды қалай өткізесің? – Көбіне үйде боламын немесе достарыммен бірге киноға барамын. – Қазақшаң қалай? – Түсінемін, алайда күнделікті қолданбағандықтан сөйлесу ауырлау. – Қазақстан туралы хабарың қаншалықты? – Қазақстанға барған емеспін. Өте қатты барғым келеді. Біз қазақпыз және тарихи отанымды көргім келеді. Әке-шешем Қазақстанға бармаса да, әрдайым Түркияға қалай келгендерін, қалай көшкендерін, аталарымыздың көрген соғыстары жайлы айтып отырады. – Ата-анаң қазақша біле ме? – Әкем қазақша жақсы сөйлейді. Анам аздап шорқақтау. – Қай футболшының ойын мәнері ұнайды? – Әлемде ең талантты футболшы деп Зиданды есептеймін. Ал, қазіргі ойыншылардан Рикарду Куарежманың ойыны ұнайды. – Басқа қандай клубтардың ойындарын көресің? – «ПСЖ», «Бешікташ», испан және ағылшын лигасының ойындарын жиі қараймын. Үйде болған уақытымда теледидардан көрсетілген әрбір ойынды қалт жібермеймін. – Биыл Қазақстан-Түркия арасындағы ойынды көрдің бе? – Иә! Ойын қатты ұнады. Екі жаққа да болысуға себебіміз болды. – Әңгімеңе рахмет!

Әли Тұрған: Еншімде 4 гол және 8 пас бар

– Әли, футбол ойнауды қанша жасыңнан бастадың? – Допқа деген құмарлығым 6 жасымда басталды. 10 жасымда Париждің «Fc Montfermeil» клубына барып, төрт жыл тәлім алдым. Одан кейін «AS Chelles» клубына ауыстым. Төрт жыл сонда өнер көрсеттім. Кейін Селжұқ ағамыздың ұсынысымен «Қазақспорт»-қа келдім. – Дүние есігін Парижде ашқан шығарсың? – Иә, 1992 жылы 3 сәуірде. – Қазақстан туралы не білесің? – Өзім қазақ болғандықтан, Қазақстанды Отанымыз деп есептеймін. – Бізге келуге ынтаң бар ма? – Мүмкіндік болса, Отанымызға барғанға не жетсін! – Ана тіліңде емін-еркін сөйлей аласың ба? – Өкінішке қарай, олай емес. Бұл жақта сөйлесу мүмкіндігіміз жоқ болғандықтан, қазақша өте аз білеміз. Өкінішті, әрине. – Қай жерде білім алып жатырсың? – «Universite de Paris» университетінде құрылыс мамандығы бойынша 1-курс студентімін. – Францияда Қазақстан туралы толық мағлұмат алуға мүмкіндік бар ма? – Әлбетте! Астананың суреттерін интернет арқылы көрдім. Жаңаша, өзіндік стилі бар қала екен. Әлі де дамып жатқан секілді. – Кумирің кім? – Зидан. Оның алаңдағы қозғалысы, допты алып жүруі, техникалық тұрғыдан мықтылығы ұнайды. – Түркия-Қазақстан ойынын көрдің бе? – Иә, біздікілер (өзімсіне айтқаны бауырмалдығын көрсеткендей – А.А.) жақсы ойнады. Әсіресе, түріктердің қақпасына доп соққан Ұлан Қонысбаев есімде жақсы сақталыпты. Бірақ, біразы орыстарға ұқсайтын секілді… – Отбасыңда сенен басқа спортпен шұғылданатындар бар ма? – Ағам да футболшы. Ол да «Қазақспортта». – Осы маусымда гол соға алдың ба? – Бүгінге дейін еншімде 4 гол және 8 пас бар. – Бос уақытыңды қалай өткізесің? – Кітап оқимын. Әсіресе, Агата Кристидің шығармалары қатты ұнайды. – Еуропаның үздік клубтарының қатарына енуге мүмкіндіктерің бар ма? – Әрине, болады ғой. Бәрі өзімізге байланысты. Клубтардың скауттары келгенде көздеріне түсер болсақ, бірден өздеріне шақыртып алады. – Әңгімеңе рахмет! Жетістікке жете беруіңе тілектеспін! Францияда өмір сүріп жатқан қандастарымыздың әрекеті үлгі боларлық-ақ. Айлық алмаса да, қазақтардың клубы үшін, намыс үшін тегін ойнауға бар. Олардың арасында болашақ Пеле мен Марадонналардың ойнап жүрмесіне кім кепіл!

Абай Асанкелдіұлы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×