ҚАЗАҚТАР ЗИДАН ЕЛIНДЕ ДОП ТЕУIП ЖYР

10.02.2012, 07:25
ҚАЗАҚТАР ЗИДАН ЕЛIНДЕ ДОП ТЕУIП ЖYР

Францияда кілең қазақтардан құралған футбол клубы жақында француз лигасына қабылданыпты. Бұл туралы хабарды ғаламтор беттерінен алғаш оқығанымызда кеудемізді қуаныш кернегені жасырын емес. Франция – футбол спортын жетік меңгерген ел. Әйгілі Мишель Платини мен Зинедин Зиданның Отанында доп тебу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа.

1986 жылы Парижде шетел қазақтарының қолдауымен «Париж-Қазақспорт» командасы құрылады. Ол кезде түрлі себептерге байланысты клубты кәсіби дәрежеге жеткізуге мүмкіндік болмаған. Алайда, 2006 жылы клуб жастардың қолына өткеннен кейін Франция Лигасына еніп, ресми тіркеуден өткен екен. Клубтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жандардың бірі, команда жаттықтырушысы - Селжұқ Биіклі мырза. «Бұрын «Қазақспорт» ресми тіркелмегендіктен, аула клубы ретінде ойнайтын. Былтыр бірінші рет француз лигасына енді. Франция чемпионаты бірнеше лигадан тұрады. Әзірге біз енді-енді күш жинап келеміз. Биыл лига жеңімпазы атанар болсақ, бір саты жоғары көтерілеміз. Командада негізгі және қосалқы құрамдағы ойыншыларды қоса есептегенде барлығы 45 футболшы бар. Басым бөлігі 17-21 жас аралығындағы жігіттер. Өзіміздің жеке футбол алаңымыз бар. Аптасына екі рет жаттығу өткіземіз. Әзірге, демеушіміз жоқ. Қазіргі таңда демеуші іздестіріп жатырмыз. Бұған дейін кішігірім демеушіміз болғанымен, клуб ойыншыларына жалақы төлеуге мүмкіндік болмайтын. Көмек қолын созғандардың бергені ойыншыларға жейде, доп сатып алудан артылмайды. Сондықтан, «Париж-Қазақспорт»-тың жігіттері доп тебумен бірге жұмыс істеуге мәжбүр. Көңілге демеу болатыны, жігіттердің ешқайсысы бұған қабақ шытқан емес. Әйтсе де, клубтың дамуы үшін біраз қаржы қажет екені түсінікті. Осы орайда, Қазақстан тарапынан көмек болып жатса, қуанар едік», - депті Селжұқ Биіклі «Нұр Астана» республикалық жастар апталығына берген сұхбатында.

- Қазақстан тарапынан жарыстарға шақырту түсіп жатса, қуана-қуана келісер едік. Бұл біз үшін рухани демеу болар еді. Командадағы жастар өздерінің қазақ екенін біліп, салт-дәстүрін ұстанғанымен, қазақ тілін нашар меңгерген. Атажұртты көзімен көрсе, олардың қазақ еліне, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі арта түседі деп ойлаймын. Атажұртқа бару – көбісінің арманы. Ойыншылардың басым көпшілігі бұған дейін өзге клубтарда тәлім алған. «Париж-Қазақспорт» лигаға енген соң барлығы осында жиналды. Мақсаттары – қазақтардың клубында тер төгу. Нәтижеміз де жаман емес. Өткізген ойындарымыздың біреуінде ғана жеңіліс тапсақ, екеуінде тең түсіп, қалғандарында мерейіміз үстем болды. Әзірге бірінші орында келеміз,-депті команданың бас жаттықтырушысы.

Әмре Үзділ мен Әли Тұрған – клубтың белді ойыншылары. Олар «атажұртты көру – арманымыз» дейді. Ерте жастан футболға араласқан жоғарыда аты аталған жігіттер қазақтың атын шығарып, әлемді мойындатқысы келеді. Францияда өмір сүріп жатқан қандастарымыздың әрекеті үлгі боларлық-ақ. Қазақ спортына намысы биік, рухы зор қазақ жігіттері келмей, айымыз оңынан тумайды. Осыны есте ұстаған жөн болар.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×