Балалар арасындағы биылғы «Былғары доп – Coca-Cola» жобасының ержеткендер арасындағы додасында жеңімпаз атанған Меркі ауылының қарадомалақтары тамыз айында Оңтүстік Африкада өтетін әлем чемпионатына қатысатын болды.
Осымен екінші рет «Былғары доп – Coca-Cola» додасының ержеткендер арасындағы жеңімпаз командасы балалар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын болып отыр. Естеріңізде болар, былтыр осы додада топ жарған Алматы облысының Іле ауданындағы №13 мектептің оқушылары Мадридте (Испанияда) өткен балалар арасындағы әлем чемпионатына (бүкіләлемдік «Copa Coca-Cola» біріншілігіне) қатысқан. Әйгілі «Сантьяго Бернабеу» стадионында доп теуіп, Испания және Алжир жеткіншектерімен додаға түскен. Үшінші орынға ие болып, қазақ футболының шежіресіне жаңа жетістік енгізген. Биыл «Былғары доп – Coca-Cola» додасы жетінші рет жалауын көтерді. Ержеткендер арасындағы (1998-1999 жылдары туған балалар арасындағы) ақтық сын Таразда өтті. Оған еліміздің барлық аймағынан 16 команда қатысты. Ақтық турнирге тек Павлодар облысының жеңімпазы келе алмай, олардың орындарын жергілікті Байзақ ауданының оқушылары басқан. Әуелі барлық командалар төрт топқа тең бөлініп, сынға түсті. Одан соң төрт топта ентікпей шыққандар жартылай финалда бақ сынады. Ал финалда Жамбыл облысы Меркі ауылының жеткіншектері мен Талдықорған қаласының таланттары кездесті. Тартысты өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Содан жеңімпазды анықтау үшін пенальтиге жүгінуге тура келді. Пенальти соғуда Меркі балаларының асықтары алшысынан түсті. Есеп – 4:2. Меркідегі №17 мектептің командасы бірінші орынға ие болып, оның әрбір ойыншысына «Adidas» дүкенінің 15 мың теңгелік сертификаты берілді. Талдықорған қаласындағы №13 мектептің оқушылары екініш орынды иеленіп, әрқайсысына 10 мың теңгелік сертификат табысталды. Үшінші орын мен 7,5 теңгелік сертификаттар Алматы қаласындағы №58 мектептің (Алмалы ауданы) командасына бұйырды. Орал облысының оқушылары жүлдеге бір қадам жетпей сүрінді. Сондай-ақ ақтық сынның әр шептегі үздік ойыншылары анықталды: үздік қақпашы – Берік Ахметов (Алматы); үздік қорғаушы – Шыңғыс Оразақын (Алматы); үздік жартылай қорғаушы – Жамиғат Назарият (Талдықорған); үздік шабуылшы – Нұрсұлтан Тұрлығұлов (Меркі); ең көп гол соққан ойыншы – Аслан Әділ (Талдықорған); ақтық ойынның ең үздік ойыншысы – Елдос Берік (Меркі). Сөйтіп, Меркі балалары «Copa Coca-Cola» додасына қатысатын болды. Балалар арасындағы кішігірім әлем чемпионаты биыл Оңтүстік Африка Республикасында өтпек. Өздеріңіз білесіздер, бұл елде соңғы әлем чемпионаты өткен (2010 жылы). Осыдан үш жыл бұрын әлем чемпиондары доп тепкен алаңдарда енді төрткіл дүниенің жас таланттары да додаға түспек. Нақтырақ айтқанда, Меркі оқушылары Претория қаласында дүниежүзілік теңбіл доп додасына түсетін болады. Осы ретте айта кеткен дұрыс болар, «Copa Coca-Cola» додасы былтыр бірінші рет ұйымдастырылды. Ал биыл қатысушылар саны көп болуы тиіс. Балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға арналған біздегі «Былғары доп – Coca-Cola» турнирі былтыр осы доданың құрамына енген. «Copa Coca-Cola» додасын ұйымдастырушылар, яғни «Coca-Cola» компаниясы мұны енді тұрақты түрде әлемнің ең үздік стадиондарында өткізуді жоспарлап отыр. Ал біздің елде «Былғары доп – Coca-Cola» додасы 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Содан бері бұл жоба қазақ футболына талай талантты түлетіп қосты. Олардың арасында Қазақстан ұлттық құрамасының сапына жиі ілігіп жүрген Сергей Хижниченко бар. Сондай-ақ Бразилияның «Оле Бразил» академиясынан дәріс алып келген Рауан Сариев те өзінің футболдағы алғашқы жетістіктерін осы додадан бастаған. Ал былтырғы «Былғары доп – Coca-Cola» додасының жеңімпазы болған Алматы облысының Іле ауданындағы №13 мектептің бір ойыншысы, атап айтқанда Дамир Орынбасар бүгінде спортқа дарынды балалар ордасында (мектебінде) шеберлігін шыңдап жүр Фархад Сейітов, «Coca-Cola» компаниясының өкілі: – Бұл – Қазақстандағы бұқаралық, ауқымы кең дода. Жалпы, бұл додаға 350 мың бала, 5 мыңға тарта команда қатысты. Ал ақтық сында 16 команда, 256 бала додаға түсті. Тартысты турнирде топ жарған Меркі балаларын құттықтаймын. Енді олар бір апта басқа құрлықта болып, Оңтүстік Африканың әдемі қаласында ел намысын қорғайды. «Coca-Cola» компаниясы олардың барлық шығындарын көтеріп (арлы-берлі жолдары, жатын орындары, тамақтары, визалары), бастан-аяқ футбол киімімен қамтамасыз етеді. Нұрғазы САСАЕВБіздің серіктес: FONBET