Қазбек Иса қай жерде қателесті?

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
18.11.2021, 19:53
Мәжліс депутаты конструктивті сын айта алмады.
Қазбек Иса қай жерде қателесті?

Депутаттардың футболды сынға алуы бірінші мәрте емес. Осы жақында Қазыбек Иса Қазақстан футболын сынап түрлі фактілер келтірді.

"Футбол федерациясының бас хатшысы біз бюджеттен қаражат алмаймыз, 200 миллион теңге ғана алдық деп жауап берді. Ал жеңілістің себебі жақсы футболшылардың тапшылығы дейді. Федерация бюджеттен көп ақша алмаймыз дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алып жатыр. Соңғы үш жылда облыстық әкімдіктердің кәсіпқой клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес – 111,2 миллиард", - дейді Қазыбек Иса.

Әлемнің ешқандай лигасында футбол клубы федерацияға кіріптар емес. Ол заңды түрде мүмкін емес. Сол секілді әр облысымыздағы клубтар өз алдына бөлек ұйым. 2-3 миллиард бюджетті 10 айда игеріп, ішкі чемпионатта 7-8 орын алып жүрген командалар бар. Демек, осындай қаржы бөліп, жергілікті футболдың дамуын қадағалай алмай отырған әкімдіктер барлық жауапкершілікті өз мойындарына алуы тиіс. Сондықтан да, депутат мырзаның сыны сәл түсініксіздеу. Ол кісінің ойынша Қазақстандағы клубтар тікелей Қазақстан футбол федерациясына бағынып, үкіметтен алған бюджетін сонда апарып тапсыратындай сезіледі. Бұл қисынға келмейтін дүние. Сондықтан, тура осы сынды халық қалаулысы облыс басшылықтарына жолдауы тиіс.

"Ақ жол" партиясынан сайланған депутат легионерлер мәселесіне де шүйлгіпті. Оның айтуынша, премьер-лигадағы 370 футболшының 150-і – легионерлер. Оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосса, барлығы 166 легионер болады депті. Ал негізінде, шынтуайтына келгенде биыл Қазақстан футбол лигаларында ойнаған легионерлер саны - 114 (Премьер-лигада 103, Бірінші лигада - 11). Мақұл делік, сандардан қателік кеткен шығар, алайда легионерсіз футболды елестету қазір мүмкін емес екенін кез келген жанкүйер түсінеді. Еуропаның футболына көз жүгіртсеңіздер бәрі бір-бірінің біріншілігне ауысып, легионер болып жүре береді. Легионерлер болғаннан кейін жергілікті футболшылардың сапасы артатыны да белгілі. Себебі, бәсекелестік болмаса футболшы жеке шеберлік тұрғысында дамымасы анық. Сондықтан Қазыбек Иса мырза осы тақырыпты бекер қозғаған деп есептейміз. Бұл футбол саласын жақсы білетін маманның сөзі емес.

Депутат болған соң халықтың мұңын айтып, мәселе көтергені әлбетте құптарлық. Бірақ, бұл кісінің айтып отырған сыны өте шашыраңқы. Тек бір орынды пікірі байқадық. Ол - стадиондар жағдайы. Өзбекстан 10 стадион салғанын айтып, Қазақстанда жаңадан салынған стадион саны небәрі екеу ғана депті. Иә, бұл әлбетте солай. Футбол ойнау үшін бірінші алаң керек, кәсіби деңгейге көтеріліп футболы дамыған елдермен терезесі тең ойнау үшін стадиондар қажет. Бұл пікірмен ешкім сөз жарыстыра қоймас. Біздің Қазақстанда соңғы отыз жылда 2 стадион ғана салынған. "Астана Арена" мен "Түркістан Арена". Бұл жерге Қостанай қаласындағы "Тобыл Арена" жабық манежін де қосуға болады. Дей тұрғанымен, бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан да, еліміздің әрбір қаласында заманауи стадиондар бой көтеруі тиіс. Оны мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырмаса, елдегі федерацияның да, облыстағы футбол клубының да қолынан келмейтіні анық.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×