ҚФФ бірінші турда жасаған қателіктері үшін командалар мен ойыншыларға жаза тағайындады

19.03.2021, 17:34
Үш бірдей клубқа айыппұл салынды, үш ойыншы матчтардан шеттетілді.
ҚФФ бірінші турда жасаған қателіктері үшін командалар мен ойыншыларға жаза тағайындады

Қазақстан футбол федерациясының Бақылау-тәртіптік комитетінің отырысы өтті. Аталған жиында келесі шешімдер қабылданды:

Olimpbet-Қазақстан Республикасының Чемпионаты, I тур

"Тұран" - "Астана"

Olimpbet-Қазақстан чемпионатының ережесінде көрсетілген 66-бапқа сәйкес матчтың кеш басталуы, жедел жәрдем машинасының, өрт сөндіру машинасының кешіктірілуіне байланысты "Тұран" футбол клубына 100 АЕК көлемінде, яғни 291 700 теңге айыппұл салынды. "Тұран" кәсіби футбол клубы айыппұлды 2021 жылдың 18 сәуіріне дейін төлеуі тиіс.

"Қайрат" - "Жетісу"

Тәртіптік ереженің 44-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, "Қайрат" командасының ойыншысы Денис Поляков қарсылас команданың ойыншысына қарсы өрескел ойнағаны үшін екі матчқа дисквалификацияланды. Жаза 2021 жылдың 14 наурызынан бастап күшіне енді.

"Қайсар" - "Тараз"

Қазақстан Республикасының Чемпионаты мен Кубогі матчтарының техникалық регламенттерін бұзғаны үшін (4.7, 6.2 тармақтары) "Қайсар" клубына жаза тағайындалды. Қақпаның сыртында орналасқан баннерлердің схемаға сәйкес келмеуі, арка камераларының жоқтығы, матчты тарату мүмкіндігін қамтамасыз етпеуі, ақпараттық тақтаның дұрыс жұмыс істемеуі және көрермендердің төрешілерді балағаттап, оларға қар атуына байланысты қызылордалық клубқа 250 АЕК көлемінде, яғни бұл 729 250 теңге айыппұл салынды. "Қайсар" футбол клубы айыппұлды 2021 жылдың 18 сәуіріне дейін төлеуі тиіс.

"Атырау" - "Шахтер"

Тәртіптік регламенттің 45-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес матчтың ресми өкіліне айтылған ұятсыз сөздер үшін "Атырау" командасының ойыншысы Алексей Родионов төрт матчқа шеттетіледі. Жаза мерзімі 2021 жылдың 14 наурызынан бастап есептеледі.

Қазақстан Республикасының Чемпионаты мен Кубогі матчтарының техникалық регламенттерін бұзғаны үшін (6.2. тармақ), матчты Интернет арқылы тарату мүмкіндігін қамтамасыз етпеуіне байланысты және стадион аумағында (трибунаның астында) төрешілер құрамымен бірге ішкі істер органдарының немесе жеке құрылымдардың ілесіп жүруін қамтамасыз етпегендіктен "Атырау" командасына 160 АЕК көлемінде, яғни 466 720 теңге айыппұл салынды. "Атырау" футбол клубы айыппұлды 2021 жылдың 18 сәуіріне дейін төлеуі қажет.

Тәртіптік ереженің 118-бабына сәйкес, "Атырау" командасының 8-нөмірлі ойыншысы Сәбит Тастанбеков ҚФФ-ның ұйымдастыруымен өтетін матчтарға 30 (отыз) күн қатыса алмайды. Жаза 2021 жылғы 14 наурыздан бастап күшіне енді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×