Қос аңызды қос үздік алмастыра ма?

27.02.2021, 05:19
Бұл екі жас талант ағымдағы маусымда өз командасының көшбасшысына айналды. Қос футболшы жыл сайын тұрақты ойын көрсете ала ма? Әлде шамасы екі-үш маусымға ғана жете ме?
Қос аңызды қос үздік алмастыра ма?

Футбол әлемінде «Месси мен Роналду дәуірі аяқталуға жа­қын, келешекте олардың ізін басатын екі футболшы пайда болды» деген әңгімелер айтылып жатыр. Дегенмен ұзақ жыл­дар бойы дүниежүзі халықтарының назарын өзіне ау­дарған Лионель мен Криштиануға тең келетін, олардың жетістігін жақын уақытта қайталайтын футболшы болмай тұр. Қа­зір ерекше көзге түсіп жүрген мықтылардың ішінде Мбаппе мен Холандтың есімі ғана ерекше аталады. Ал олар расында да тізгінді осы бастан қол­дарына алып үлгерді.

Қазірдің өзінде екі футболшы ал­дыңғы буын ағалары секілді фут­болдағы рекордтарды бірінен соң бірін жаңарту үстінде. Биылғы маусымда Холанд Бундеслигада 17 ойын өткізіп, 17 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген. Чемпиондар ли­­­гасында 5 кездесуде 8 гол салып, 1 голдық пасты өз атына жазды. Ал Мбап­пе болса ішкі біріншілікте 22 ойын­да 16 гол соғып, 6 голдық пас­тың авторы атанды. Чемпион­дар лигасында 6 ойында 5 гол соғып, 3 голдық пас берді. Осыдан-ақ, екеуі­нің де әр матч са­йын жасындай жарқылдап жүр­ге­нін ешкім жоққа шы­ғара алмай­ды.

Соңғы кездері Мбаппе мен Холанд корольдік клубтың сапы­на ауысады деген әңгімелер де жел­дей есіп жүр. Испаниялық AS спорттық журналы «Реал» кімді таң­­­дайды?» деген тақырыппен ба­сы­лымның бірінші бетіне көлемді мақала да жариялады. Мадридтік клуб­тың басшылығы оларды сатып алу үшін 300 миллион еуродай ақша жұмсауы керек екен. Егер фу­т­болшылар алты жылдық ке­лісім-шартқа қол қойса, «корольдік клуб» басшылығы бұл соманы төлеуге дайын екенін айтты. Бү­гінде 22 жастағы Мбаппенің жылдық жалақысы 72 миллион еуро болса, 20 жастағы Холанд жылына 20 мил­лион еуро алады.

«Барселона» басшылығы да «Біз үш жұлдызды ойыншыны сатып алу­ды мақсат тұтып отырмыз. Тізімде Холанд пен Мбаппе де бар» деген болатын. Демек, екі фут­бол­шыны Еуропадағы гранд клубтардың бәрі дерлік өз сапынан көргісі ке­леді деп санай берсеңіз болады.

Өткен аптада Мбаппе Чемпион­дар лигасында ПСЖ сапында «Бар­селонаға» қарсы кездесуде алаң­ға шығып, Камп Ноуда хет-трик авторы атанды. Холанд бол­са «Севильяға» қарсы матчта дубль жа­сап, бір голдық пас берді. Олар­дың керемет ойынын, коман­да­ла­рын жеңіске жетелегенін барлық спорт­тық басылымдар мен телеар­на­лар жарыса хабарлады.

Бірақ кейбір спорт жанкүйерлері қос футболшының әр маусым сайын тұрақты ойын көрсететініне күмәнмен қарайды. Олардың ша­масы ары кетсе екі-үш маусымға ға­на жетеді деп санайды. Бұл ретте бел­гілі спорт комментаторы Ермек Төрениязов Мбаппе мен Холанд­тың үздік екенін жоққа шы­­ғармай­ты­нын, қос футболшының бола­ша­ғына үмітпен қарайтынын тілге тиек етті.

– Әр заманның өз мықтылары бо­лады. Дәл қазір жас буынның іші­­нен жарқырап шығып келе жат­қан Мбаппе мен Холандты ерек­ше атап өтпеске болмайды. Бүгінде екеуін жиі салыстырады. Бұрын­ғы­лар Пеле мен Марадоннаны са­­­лыстырды. Кейін Роналду мен Мес­си арасындағы бәсекелестіктің қар­қыны күшті болды. Яғни, бәрі­не төреші жанкүйерлер. Футбол со­нысымен қызық. Екеуінің ар­тық-кемін айтар болсақ, фран­цуз­дың дене бітімі норвегиялық шабуылшыға қарағанда шағындау, жеңіл қозғалады, өте шапшаң қи­мыл­дайды. Оның еңбекқорлығы, физикалық дайындығы Роналдуға келіңкірейтін секілді. Футболды өте жақсы түсінеді. Холанд көбіне Златанға келіңкірейді. Бойы да ұзын, денесі де ірі. Физикалық дағ­дылары өте жақсы. Аяқ-қолы да ұзын. Сол артықшылықтарын ойын кезінде жақсы пайдаланады. Бұл екі ойыншы болашақта осы қар­қынын жоғалтпаса, нәтиже жа­ғынан Месси мен Роналдудан асып кетуі әбден мүмкін. Қазір уа­қыт өткен сайын турнирлер кө­бейіп жатыр, ұлттық құрама қатысатын жарыстардың саны да арт­ты. Сондықтан қазіргі фут­бол­шылар бұрғынғыларға қарағанда көп ойнай алады. Нәтижелерді, рекордтарды да жаңартуға жас­тар­дың мүмкіндігі жоғары, – дейді Ермек Төрениязов.

Пеле мен Марадонна біздің ал­ды­мыздағы буынның жүрегін қа­лай жауласа, одан кейінгілері де Мес­си мен Роналдуды солай жақ­сы көрді, ойындарына сүйсінді, өне­ріне тамсанды. Алдағы 10-15 жыл­дықта жас буынның махаб­ба­тын солар секілді өзге де мықты футболшылар жаулап алары анық. Оның Мбаппе мен Холанд бо­лары­на, не басқа боларына уақыт төре­ші.

Абылайхан ЖҰМАШ

Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×