ҚҰРАЛБЕКТІҢ ІЗБАСАРЫ, ҚАЗАҚТЫҢ НӘКЕНІ

11.04.2015, 01:42
ҚҰРАЛБЕКТІҢ ІЗБАСАРЫ, ҚАЗАҚТЫҢ НӘКЕНІ
5 сәуір күні Қазақстан құрамасының «Намыс», «Қайрат», «Тараз», «Восток», «Қайсар» командаларының бұрынғы қақпашысы, «Мақтаарал» командасының жаттықтырушысы Нәкен Қойшыұлы Қырықбаев кенеттен қайтыс болды. 
Нәкеннің қысқаша өмірбаяны мына­дай: 1975 жылы 29 қыркүйекте туған. 1993 жылы «Намыс» футбол клубының құра­мында спорттық ғұмырын бастап, 2008 жылға дейін «Қайрат», «Қайнар», «Тараз», «Восток», «Қайсар» және «Жамбыл» командаларында өнер көрсетті. Қазақстан жоғары лигасында 157 матч өткізіп, 242 гол жіберген. Ұлттық құрама сапында 2 ойынға қатысты, 5 гол жіберіп алды. 2012 жылдан бастап бапкерлік қыз­метке ауысып, «Лашын», «Гефест», «Мақ­таарал» командаларында қақпашылар жаттықтырушысы болып істеді. Өмірінің соңында «Мақтаарал» командасының қақпашылар жаттықтырушысы болды. Спорт шебері.  Бұл – құрғақ мәліметтер ғана. Қазақ футболының тәуелсіздік жылдарынан бергі қадамы көз алдымызда болған­дық­тан, Нәкеннің де спорттық ғұмырындағы үзік сәттер жадымызда қалыпты. Қақпашыға жарымаған халықпыз Жалпы, біз – қақпашыға жарымаған ха­лықпыз. Халқымыздың осы өнерге қабілеті зор екенін сонау 1970 жылдары Құралбек Ордабаев керемет дәлелдеп еді. Одан кейін қақпашылықты жоғары дең­гейге жеткізген санаулы футболшы болды. Ол – Нұрлан Әбуов. Ол – Тимур Оразов. Ол – Нәкен Қырықбаев. Кейін бұл сапқа Мұрат Мұқашев қосылып, Қазақстан құрамасына кандидат дәрежесіне дейін көтеріліп еді. Бірақ кейін футболдан мүлде алыстап кетті. «Алматы» командасы пре­мьер-лигаға жолдама алатын жылы Ержан Серғазин негізгі қақпашы болды. Кейін ол Грекияға, Норвегияға сапарлап, ақыры Скандинавия түбегінде қалып қойды. «Қайраттың» сапында Ерлан Тілеуқұлов деген қақпашы болды, бірақ ол премьер-лигада жалғыз ғана матчта алаңға шығып, кейін бапкерлікке ауысып кетті. Қазір «Атыраудағы» Нұрболат Қалменов те, «Ордабасыдағы» Самат Отарбаев та, «Қай­сардағы» Мақсат Сейдахмет те, «Оқжет­пес­тегі» Руслан Әбжанов та қосалқы құ­рам­да отыр. Әзірше олардың ешқайсысы Қазақстан премьер-лигасында 10 матч та өткізген жоқ. Бірінші лигада Хамит Матаев («Бо­лат»), Талғат Қаленов («Қыран»), Нұрлы­бек Аязбаев пен Махамбет Қадешов («Ка­спий»), Серік Елубаев пен Рүстем Ай­дар­ғалиев («Екібастұз»), Шыңғыс Таңат­қанов («Байқоңыр»), Ерлан Өзбехан (ЦСКА), Азат Битабаров («Лашын») сияқ­ты қақпашылар тіркелген. Осылар­дың ішінде жаңа маусымды Қаленов, Аязбаев, Таңатқанов, Мұқанов («Бәйтерек») және Айдарғалиев негізгі құрамда бастады. Ен­деше, алда қазақ қақпашыларының жаңа толқыны келе жатыр деп күтейік. «Құралбектің ізбасары боламын» деп келген Нәкен қандай азамат еді? Ол спортқа қалай келді? Нәкен Қырықбаев Тараз қала­сындағы №45 орта мектепте оқыды. Бала күнінен ол қақпашы болуды мақсат тұтты. Бұл туралы Нәкеннің жерлесі, команда­ласы, Қазақстан құрамасының бұрынғы қор­ғаушысы Ерлан Елеусінов айтады. – Нәкен Алматы қаласындағы Қажы­мұқан атындағы олимпиялық ізбасарлар дайындайтын училищеге бізден екі жыл­дан кейін түсті. Жерлес інім болғандықтан, қолдау көрсетіп, білмейтін нәрсесін көр­сетіп жүрдім. Өте ақкөңіл, қарапайым, аузын ашса, көмекейі көрінетін азамат еді. Адамға ешқашан жамандық ойламайтын. Қақпашылықты өзі таңдады. Алматыға келе салысымен, «мен Құралбек Ордабаев­тың жолын қуамын» деп қақпаға тұрды. Ол училищеде жақсы оқыды. Қақпашылық өнердің қыр-сырын үйренуге жанын сала кірісті. Нәкен аяғымен өте жақсы ойнай­тын. 70-80 метрге допты теуіп, өз команда­ла­сының алдына салып беруге өте шебер болатын. Футболда бұл әдіс Плассер пасы деп аталады. Нәкен осы Плассердің ше­бері еді, – дейді Е.Елеусінов. 1993 жылы училищенің соңғы курсын­да оқып жүрген бір топ жас футболшыны қазақ спорт журналистикасының ардагері, жазушы Несіп Жүнісбаев «Намыс» коман­дасына шақырды. Кіл қазақ жігіттерінен жинақталған команда ә дегеннен-ақ кө­рер­мендер көзайымына айналды. Нәкен Бектұр Рысқұловпен (Виктор Раскулов) бірге қақпаға жауапты болды. 18 жастағы жігіт өз міндетін адал атқарды. Алғашқы маусымда 17 матч өткізіп, 42 гол жіберіп алған Қырықбаевты ешкім кінәлай алмас еді. Өйткені «Намыс» бұған дейін фут­бол­мен кәсіпқой айналысып көрмеген қа­зақ жігіттерінен жасақталған еді. Нәкен­нің жолы ақ болды. Одан кейін «Намыс­тың» намысын Бегалы Жақыпбеков қор­ға­ды. Бірақ Бегалы кейін алаңдағы ойын­шы болып кетті. – Нәкен намысқой, алаңда барын сала­тын жігіт еді, – деп еске алады досы, Қа­зақ­стан құрамасының бұрынғы ойыншы­сы Асқат Қадырқұлов. – Екеуміз ин­­­тернатта бірге оқыдық, өте жақын ара­ластық. «Намыс» біздің футболдағы жолы­мызды ашты. Бұдан кейін біз «Қайратқа» бардық, ел жанкүйерлеріне жақсы таныл­дық. Нәкен Құралбек Ордабаевты, Оливер Канды үлгі тұтты. Құралбек ағамыздың пенальти қайтару өнерін жаңа деңгейге көтерді, Кан сияқты қақпа сызығынан шығып ойнау, аяқпен ойнау машығын өте жақсы меңгеріп алды. Бізбен бірге оқыған Серік Жейлетбаев, Талғат Өсеров қайтыс болып кетті. Енді міне, Нәкеннен айыры­лып отырмыз... Нәкен «Қайратта» да жақсы өнер көр­сетті. Алайда 1996 – 2000 жылдар аралы­ғын­­да «Қайрат» екіге бөлініп, балапан ба­сы­на, тұрымтай тұсына кетіп жатқан сәт­тер еді. 1998 – 2000 жылдар аралығында Нәкен өзі туған топырақтағы «Тараз» командасында ойнады. 1995 – 97-жылдар аралығында ел біріншілігінде жетекші орындарда жүрген «Тараз» кейін күрт құлдырап, алғашқы ондықтың сыртында мәреге жетіп жүрді. Нәкен осы уақытта команданың ар-абы­ройы болды. 1998-99 жылдардағы маусым­дар­да ол «Та­раз» қақпасына белгіленген 20 пенальтидің 12-сін қайтарды. Бұл нәти­жені осы күнге дейін Қазақстан премьер-лигасында ешбір қақпашы қайталай да, жаңарта да алған жоқ. Ұлттық құрамадағы екі матч Нәкен ұлттық құрамаға алғаш рет 1997 жылы шақырылды. Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде Жапония, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбек­стан құрамаларымен бір топқа түскен отандастарымыз айды аспанға шығармаса да, 8 ойында 6 ұпай жинады. Алматыдағы 4 кездесуде де жеңілген жоқ. Бірақ бұл кез­де құрамадағы негізгі қақпашы Олег Вос­кобойников еді, қосалқы құрамда Юрий Ишутин жүрген-ді. Бұл тәжірибелі қақпа­шылардың тасасынан шығу кім-кімге де қиын болатын. Қараша айындағы Жа­пония – Қазақстан матчы алдында Воско­бойников жарақаттанып қалды да, бас бапкер Серік Бердалин жиынға Қырық­баевты шақырды. Токиода алаңға Ишутин шықты, біздің құрама 1:5 есебімен ұтылды. Нәкен ойынды қосалқы ойыншылар ара­сын­да тамашалады. Кездесу аяқталған сәтте камера қос қолғабын көтере ұстап, трибуна астына беттеген Нәкенді көрсетіп қалды. Қазақ қақпашысының ойын нәтижесіне қатты өкініп тұрғанын байқау қиын емес еді. Бұдан кейін Нәкен біраз уақыт құрама бапкерлерінің назарынан тыс қалды. Өйтетін себебі де бар. Бұл кезде Қазақстан футбол федерациясы Азия футбол кон­федерациясының (АФК) құрамында еді. АФК-да ол кезде құрамалардың тұрақты ойын кестесі болған жоқ. Іріктеу ойын­дарының өзі бір елде бір апта аралығында өткізіле салатын. 2000 жылғы мамырда Қазақстан құрамасы Иордания астанасы Амман қаласында Иордания королінің кубогына қатысты. Бас бапкер Ваит Тал­ғаев Иран – Қазақстан матчында қақпа кілтін Нәкен Қырықбаевқа сеніп тапсыр­ды. Алайда Әли Кәрими – екі рет, Вахид Хашемиан бір рет Қырықбаев қақпасын дәл көздеп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. – Нәкен ұлттық құрамада өнер көрсетуге қатты талпынды. Олимпиялық құрама сапында да барын салды. Ал Иранмен кездесу алдында өзінің негізгі құрамда шығатынын естігенде, қатты толқыды. Бірақ намысқойлығына салып, ештеңе сездірмеуге тырысты. Біз жеңіліп қалдық, бірақ бірде-бір гол үшін Нәкенді кінәлауға болмас еді. Бұдан кейінгі Сириямен кездесуге негізгі құрамда Давид Лория ойнады, онда да ірі есеппен ұтылдық (0:4). Соңғы ойында Палестинаға қарсы қатты ширығып шықтық. Ұтылсақ, ұят болар еді. Нәкен жақсы ойнады. 3:2 есебімен жеңіске жеттік, – дейді сол матчта қос гол соққан А.Қадырқұлов. Осы матчтан кейін Нәкен ұлттық құрама есігін қайта ашқан жоқ. Ол талантты қақпашы еді Өзінің ізін қуған інісі туралы Құралбек Ордабаев не дейді? – Нәкен келешегі зор қақпашы еді. Оның табиғи бітімі қақпашылыққа әбден орайлы болатын. Бойы ұзын, сонысына қарамастан, реакциясы өте жақсы болды. Ойынның барысын жақсы сезіп, есептей білетін. Кез келген оқыс соққыға дайын еді. Әуелгі қадамдарынан-ақ Нәкеннің жақсы қақпашы болып өсетініне сенімім зор болды. Ішкі есебім бойынша, ол 28-35 жас аралығында таптырмас, алмастырмас қақпашы болса керек еді, жұлдызы жанса керек еді. Менің ойымша, дәл осы кезеңдерде Қырықбаевқа бапкердің сенімі жетіспей қалғандай. Ұлттық құрамаға ша­қы­рылды, ойнады. Бірақ сол кезде Воско­бойников, Ишутин, Новиковтардың таса­сында ұстай бермей, бапкерлер сәл сенім артса, Қырықбаев құла­шын кеңге жаяр еді. Қақпашылық таланты ішінде булығып кеткендей көрінеді де тұрады. Ол келген жылдары мен «Қайрат­тың» президенті едім. Жаттығу барысында өз білгенімді үйретіп жүрдім. Тез қағып алатын. Деген­мен біздің елде қақпашыға бүкіл жанкүйер алаңдағы футболшылармен бірдей қарай­ды. «Қақпашы деген – жеке мамандық» деген сөз бар. Осыған ешкім мән бермейді. Қақпашы алаңдағы футболшы сияқты эмоциясын жарқыратып жайып салмайды, іштей түйсініп, іштей қорытын­ды шыға­рады. Нәкеннің де осы ерекшелігіне еш­кім жете мән бермеген сияқты. Өкінішке қарай, қазір елімізде қазақ қақпашылары аз. Бар болса да, негізгі құрамға ілініп жүргені сирек. Тіпті жоқтың қасы. Тәп-тәуір көрініп келе жатады да, қосалқы құрамға отырып қалады. Ойнамай-ақ алып жүретін ақшасына қанағат біл­діріп қалатын болса керек. Әйтпесе, Қазақстанда қақпашылық мектеп жаман емес. Лориядан бастап, Логиновский, Плотников, Шаба­нов, Пасе­чен­ко, Бой­ченко, Нұрмұхаметов, Петухов сияқты та­лантты, мойындалған қақпа­шылар бар... Нәкен өмірінің соңғы кезеңдері Ол 2012 жылдан бастап бапкерлікке ден қойды. В, С категориялары бойынша оқуды тамамдап, А категориясына оқуға талаптанып жүрген-ді. «Жақында ғана Алматыға келіп, үйіме қонақ болып кетті. «Ауырып жүрмін, жайым болмай жүр» деп мүлде әңгіме қозғаған жоқ. Екеуміз өткен-кеткенді айтып, біраз әңгімелескенбіз» дейді А.Қадырқұлов. Нәкен әуелі – «Лашын» командасында, 2013 жылдың алғашқы айналымында «Гефест» командасында қақпашылардың бапкері болып жұмыс істеді. Былтырғы жылдың ортасынан «Мақтааралға» ора­лып, бұрынғы жұмысына белсене кірісіп кеткен-ді. Тамара Ақындықова, «Мақтаарал» командасының кадр жұмысы бойынша қызметкері: Нәкеннің қазасы бәрімізді сансыратып кетті. Ол өте ақкөңіл, орнымен сөйлейтін, футболшылардың алдында абыройлы, өз пікірін қорғай алатын азамат еді. Жақында ғана бір апталық оқуға барып келді. Өз жұмысына өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Түр-тұлғасы келісті, үнемі спорт­тық бабында жүретіндіктен, алаңға әне-міне шығып кетсе де ойын сәнін бұза қоймайтын еді. Футболшылардың жағ­дайын жақсы түсінетін, көмегін беруге әзір тұратын. Командамызбен осы жыл­дың соңына дейін келісім жасаған-ды... 4 сәуір күні Бірінші лига ойындары бастал­ды. «Мақтаарал» «Лашынды» қабылдап, 1:0 есебімен жеңді. Бәріміз алғашқы 3 ұпайға қуанып жүргенімізде, ертеңіне Нәкеннің жүрек талмасынан қайтыс бол­ғанын естідік. Қазақтың мақтан тұтар аза­маттарының бірі еді. Команда басшылығы Нәкеннің отбасына көңіл айтып қайтты, аздаған қаржылай көмек те ұсынды. Осылайша, қылшылдаған қырықтың төбесі көрінгенде Нәкен Қырықбаев өмірмен қоштасты. Алдына үлкен мақсат қойып, сол мақсатқа жете білген Нәкендей азаматтың еңбегі кейінгі інілеріне үлгі болса игі. Оның артында екі қызы қалды. Нәкен әлеуметтік желілерді аса белсенді пайдалана қоймаған сияқты. «Майл.ру» порталындағы «Менің әлемім» парақшасынан ғана өмірге құштар азаматтың екі-үш суретін таптық. Бақұл бол, Нәкен...
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×