Құрбан Бердыев: «Қайрат» еурокубокте сәтті өнер көрсету үшін бар күш-жігерін салады»

16.09.2021, 01:40
Құрбан Бекиұлы өзінің қызметі жайлы және ертеңгі матч жайлы өз ойымен бөлісті.
Құрбан Бердыев: «Қайрат» еурокубокте сәтті өнер көрсету үшін бар күш-жігерін салады»

«Қайраттың» бас бапкері Құрбан Бердыев УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңіндегі матч алдында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

- Команда осындай жоғары деңгейдегі матчқа дайын ба?

- Менің ойымша, топтық кезеңде өте қиын матчтар болады. Сондай-ақ командалық ойындағы мәселелер мен ұлттық құрамалардағы ойыншыларымыздың өткізген матчтарын ескерсек, бізді қиын ойын күтіп тұр.

- Қазақстанда «Рубин» секілді команданы құруға бола ма және мүмкін болса, оған қанша уақыт қажет?

- Бұл сұраққа келетін болсақ, қазір оған жауап беру қиын. Барлығы кезең-кезеңмен жүзеге асады.

- Құрбан Бекиұлы, сіз бастапқыда «Қайрат» ФК Бақылау кеңесі төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалдыңыз. Сіз клубты бас бапкер ретінде тізгіндеймін деп ойладыңыз бе?

- Жұмыстың алғашқы кезеңінде менің клубты басқару мүмкіндігім нөлге тең болды. Жағдайға сүйене отырып, біз Қайрат Советайұлымен бас бапкер лауазымына мені тағайындау туралы келісімге келдік.

- Бәріміз білеміз, «Қайрат» еурокубоктегі жорығын Еуропаның ең беделді турнирі Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінен бастады. Одан кейін Чемпиондар Лигасынан түсіп, Еуропа лигасына да ене алмай қалғанын ескерсек, Конференция лигасы сіздер үшін маңызды ма?

- Еурокубок ойындарының барлығы маңызды. Белградтағы жағдай жанкүйерлердің есінде. Ол кезде бұрын негізгі құрамда көрінбеген жас ойыншылар ойнады. «Алашкертке» қарсы өткен матчта кездейсоқ жағдай орын алды, басқа ештеңе де болған жоқ.

- Біз білетіндей, «Омония» ФК-ның кейбір негізгі ойыншылары ертеңгі ойынға қатыспайды. Бұл ертеңгі кездесуде шешуші фактор бола ма?

- Үлкен өзгерістер болған жоқ. Мұны орны толмас шығын деп айту қиын. Олардың қосалқы құрамында жақсы ойыншылар бар, олар міндетті түрде жоқ ойыншыларды алмастырады.

- Құрбан Бекиұлы, «Қайрат» командасында алғашқы жұмысыңыздан кейін өзгеріс болды ма?

- Бірдеңе деп айту қиын. Клуб жаттықтырушылық жағынан да, ойын тәжірибесі жағынан да менің мансабымда шешуші рөл атқарды. Мен жұмысқа үлкен жауапкершілікпен келдім. Клуб мен үшін қымбат болып саналады, мен командада болуымның маңыздылығын түсінемін.

- «Ордабасыға» қарсы өткен матчта Айбол Әбікен тағы да алаңнан қуылды. Біз мұндай жағдайларды жиі көріп жүрміз. Осыған байланысты әңгіме болды ма?

- Айболға келетін болсақ, мұндай жағдайда өзін-өзі ұстай алмау біз үшін өте қымбатқа түседі. Эмоцияны ұстай білу керек. Команданы қиын жағдайда қалдыруға болмайды.

- Яцек Гуральскийдің жағдайы туралы көптеген сұрақтар қойылады. Оның қайтып келуіне қатысты нақты мәліметтер бар ма?

- Жағдайы жақсы. Құдай қаласа, ол айдың соңында қатарға қосылады.

- «Ордабасыдан» жеңілгеннен кейін чемпиондық үшін күрес ушығып кетті. Ертең команда Конференция лигасындағы жорығын бастайды. Жанкүйерлер командадан чемпионатта да, еурокубокте де сәтті өнер көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп күте ала ма?

- Бұл сұраққа жауап ретінде мен айта алатын жалғыз нәрсе - команда табысты өнер көрсету үшін бар күш-жігерін салады және қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×