Құрбан Бердыев: «Шахтер» ойыншылары әр эпизод үшін күреседі және қорғаныс шебін дұрыс құра алатын білікті бапкері бар»

28.11.2021, 00:18
Құрбан Бекиұлы ертеңгі матчтың қиын әрі қызық болатынын айтты
Құрбан Бердыев: «Шахтер» ойыншылары әр эпизод үшін күреседі және қорғаныс шебін дұрыс құра алатын білікті бапкері бар»

«Қайрат» командасының бас бапкері Құрбан Бердыев Қазақстан кубогінің финалында «Шахтерге» қарсы өтетін матч жайлы пікір білдірді.

- Сіздерге қарсы қыркүйек айында ойнаған «Шахтердің» қазіргіден айырмашылығы қандай?

- Менің ойымша, «Шахтер» кубокте керемет ойнайтын команда. Олар әр эпизод үшін күреседі және қорғаныс шебін дұрыс құра алатын білікті бапкері бар. Ертең қиын кездесу күтіп тұр.

- Жартылай финалда «Астана» мұншалықты әлсіз ойнайды деп күткен жоқсыз ба?

- «Астананың» негізгі ойыншылары болмады. Әрине, бұл нәтижеге әсер етті. Бірақ, Нұр-Сұлтанда өткен бірінші жартылай финалдық кездесуде «Астананың» гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Егер олар мұны пайдаланғанда, әрі қарай не болары белгісіз еді.

- «Базельге» қарсы матчта сіз 5-2-3 схемасымен ойнадыңыз және үш орталық шабуылшыны шығардыңыз. Чемпионат ойындарына қарағанда схеманы сәл өзгерткіңіз келді ме?

- Әңгіме алдыңғы немесе артқы жақта ойнайтын ойыншыларда емес. Чемпионаттағы 5-3-2 схемасы туралы айтатын болсақ, бұл жерде Косович алға жылжитын еді, сондықтан 5-2-3 схемасында ешқандай өзгеріс бола қойған жоқ. Мәселе ойыншылардың осы жүйе аясында өзара әрекеттесуінде. Қайталап айтамын, «Шахтер» – сауатты команда. Бұл қызықты ойын болғалы тұр.

- Пенальти сериясына дайындалып жатырсыз ба?

- Жоқ, дайындалып жатқан жоқпыз. Егер ойыншылар дайындық кезінде соққыларын сәтсіз орындаса, бұл оларға психологиялық тұрғыдан әсер етуі мүмкін.

- «Шахтердің» «Астана-Аренада» жаттығып жүргеніне екі аптадан асты, ал сіздер енді ғана келдіңіздер. Бұл қарағандылықтар үшін артықшылық бола ма?

- Бұл артықшылық болады деп ойламаймын. «Карабахпен» болған матчтан кейін «Астанамен» ойнаған кезде де дәл осындай жағдайға тап болдық.

- Турнирдің топтық кезеңінде «Қайрат» көптеген жас ойыншыларға мүмкіндік берді. Шешуші кезеңдерде олардың саны азайды. Болашақта оларда өзін көрсетуге мүмкіндік бола ма?

- Мен клубтың қандай стратегия ұстанатынын білмеймін. Көп нәрсе стратегиялық бағытқа байланысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×