Құрбанның қателігі

05.03.2012, 05:40
Құрбанның қателігі

Жығылып жатсақ та, сүрінгенге күлеміз. Ол да өзіндік табиғат. Ешкімде жоқ және әркімге сіңіп кете бермейтін. Қазақ футболының қақалып, шашалып жүргенін қайтеміз. Ат басын Қазанға тіреу ойда бар, «Рубиннің» ұңғыл-шұңғылына үңілу үшін. Бердыевті берген отандық аяқдоп Ресей премьер-лигасына көз тастаса айып емес шығар. Өзбектерге рахат. Әділін айтады. «Анжидегі» Ахметов ше немесе Санжарын мақтайды. «Волгадағы» Тұрсыновты. Біздер Бердыевті өзімізге тартып әлекпіз. Бекейұлы түркіменін төрге сүйресе де. Ол да қазақы түсінік. Өзімізді жігерлендіріп аламыз, бір күнгі досқа қырық күндік сәлем бар екендігін алға тартып. Сонымен, бүгін Құрбанның қателігін таңбалауға тәуекел еттік.

Жә, Бердыев неден мүлт кетті? Ай аман, күн тұтылған жоқ. «Рубин» де Ресей чемпионатында біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік кешуде. Себеп табылып тұр. Қазан командасының қалт-құлт жағдайы. Баяғыда «Спартактың» дәуірі жүрді. Олег Романцев шәкірттері орыс біріншілігінде ешкімге дес бермеді. Иванның ұлы да бір кезде Константин Бесковтен көшірген концпектілердің қызығын көрді. Талантты жаттықтырушы ғой, Дмитрий Парфенов, Василий Баранов секілді ешкімнің көзіне түсе қоймаған ойыншыларды шақырып, ромбикті жейде киген команданың ойын өрнегін әбден ширатты. Бірде сол Романцевке арық жігіттің алып келіпті. «Спартак» ұстаханасында шыңдалса дейді ғой. Олег Иванович кәдімгідей ашуланыпты. «Бұл жігіттен ешқашан футболшы шықпайды». Болды, ұстаз айтты, қорытынды шықты. Арық жігітті енді Валерий Газзаев сынайды. «Болашағы мықты сияқты. Мен тәрбиелеймін». Шешім осы. Жасындай жарқылдаған әлгі ойыншы бірде қорғаныста, енді бірдей шабуыл өтінде құйындатып, ЦСКА матчындағы маңызды арттыра түседі. Тіпті Ресей құрамасының белді мүшесіне айналады. Айтпақшы, атын түстеуді ұмытыппыз. Юрий Жирков. Оны танитын шығарсыздар. Құрбанның да Қазанда футбол қайнатқан шағын білеміз. Бір кезде біздің Сәрсеннен үйренгенін жүзеге асырды. Келжановтың кереметі туралы оқта-текте айтып жүрміз. Павел Черепанов мен Владимир Мостовой куә. Немесе Бауыржан Сәрсекеновтен сұраңыз. Бірде Сәрсен аға бізді іздепті. Жалғыз емес екенбіз. Александр Трофимов пен Максим Карташовты да тауып алды. Жоспарын жайып салды. Қазақ футболының даму бағытын айқындайтын бағдарлама. Қаржыны да тапқан секілді. «Аяқдоп өнер»,– дейді өзі, – «Өнер болғанда да тұтас мемлекеттің намысына құрылған өнер. Мұнда елдің арман-мұраты жатыр. Кез келген құрлықты алыңыз, футболы өрістеп келеді. Бұл – жатқан бір ғылым. Ғалымдардың тікелей атсалысуы қажет. Ілімді ілгерілету арқылы тұтас аяқдоптың еңсесін тіктеп аламыз. Шаруашылықтың шылығы көп, бірақ адамгершілікті ту етіп ұстансақ тұралап қалмаймыз». Қадау, қадау ойлар айтты. Біраз идея тарқатты. Жобаны көрсетті, бағдарламасын жайып салды. Таңдай қағыстық. 2012 жылы доп тебетін ұландардың деңгейін ойлап, қиялға өріс бердік. Арада жиырма жыл өткенде Қазақстанның футбол мемлекет атанатынына шүбә келтірмедік. Алайда Сәрсен аға кенеттен көз жұмды да, жоба жабулы күйінде қалып қойды. Бірде Мостовойды көрдік. Келжановты еске алдық. Құрбанның Ресейде жүргенін естідік. «Кристалдан» Қазан шақырыпты. Виталий Кафанов бірге екен. Енді Алматыдан Павел Черепановты іздетіпті. Сүйсініп қалдық. Бір кездегі бастаманың жүзеге асуы мүмкін екенін ойладық. Бірақ өзге жерде. Ештеңе етпейді. «Рубинге» назар аудардық. Ойын өрнегі күн санап түзеле бастады. Орландо Калисто, Магбед Сибая секілді сирақты балалар футболдың түбін түсірді. Роман Шаронов, Степан Томас секілді тасқамал қорғаушыларды көрдік. Алехандро Домингесті тапты, Бердыев. Өзі Чори атандырған әлде шабуылшы, әлде жартылай қорғаушы татар футболын өрге тартты. Станислав Каминскийден қалған сөз бар. Сол Сәрсен аға кезінде Ақтауда жүрді. Каспий жағасында айтқан. «Футбол алаңында айтулы бір қызмет бар, ол шабуылшыға астар болатын аяқдопшы». Аудармасы соған жақын. Мағынасы мүлде бөлек. Яғни он бір футболшының ішіндегі еркін қимылдайтыны. Байдың баласы секілді. Допты кез келген жердей сүйреп кете береді. Жетегіне алған соң ешкімге жалтақтамайды. Қақпаға тура тартады. Рас, пас ұсынуға ерікті. Оған тағы тосқауыл жоқ. Чори сол алаңдағы ерке бала. Кейін «Зенитке» барып, сіңбей қойды. Бердыев белесі биіктеген тұста Сергей Семак пен Саво Милошевич жүрді. Украинадан Сергей Ребровты алып келді. Түркиядан Гекдениз Қараденизді шақырды. Александр Бухаров жетілді. Қысқасы, «Рубиннің» айдарынан жел ескен жылдар көрініс тапты. Қақпаны Сергей Рыжиков күзетті. Виталий Калешин мен Лаша Салуквадзе, Критиан Нобоа мен Сесар Навас, Кристиан Ансальди мен Петр Быстров жұрт күткен футбол ұсынды. Александр Рязанцевтің «Барселона» қақпасына соққан голы қандай еді. Татар аяқдопшылары орыс спортының айбынына айналды. Сосын сәттілік сусып кетті. «Рубиннің» ойын өрнегі қожырады. Сибая кетті. Магбетпен бірге футбол командасының береке-бірлігі көшті. Ортада ешкімге доп бермейтін, соңғы минуттарға шейін жанын салатын Сибаяның орнын басатын ешкім табылмады. Домингес Испанияға жол тартты. Рас, Бибрас Натхо, Карлос Эдуардо секілді тыңнан спортшылар тартылды. Қателіктің басы да сол Карлос Эдуардо. Трансферлік құны 20 миллион шартты бірлікке бағаланған Бразилия жартылай қорғаушысы күні бүгінге дейін «Рубин» сапында толық бір матч ойнаған жоқ. Жарақат алады, анасы бар, мынаса бар, әйтеуір футболдан сырт жүр. Сібірден Алексей Медведевті алдырды, ісі алға ұзамады. Лебеденко да келіп, кетті. «Кубань» серкесі Алан Касаевтың мінезі тік пе, немесе табиғаты түсініксіз бе, негізгі құрамнан көп көріне бермейді. Топ-топ болып келіп жатқан ойыншы нәтиже көрсетпейді. Ағайынды Еременколарға сенім артылды. Әзірше олар да ортадан бұзып жарып кіретін серкеге аз ұқсайды. Тағы бір трансферлік маусым аяқталды. Кеткендер көп. Демек, жалпы селекцияда селкеулік бар. Құрбан қателесе бастады. Қателігі сол, ойыншы танудан жаңылып жүр. Бәйгені құлынынан білетін бапкердің үлесі мол болмаушы ма еді? Бәлкім, Бердыев Келжанов оқулығының келесі бетін түсінбеген шығар. Дегенмен шыңға шыққаны анық. Оның қасында қазақ футболы қаншама жылдарға қалып қойды. Бағдарлама қолда тұрса да. Қолданатын ешкім табылмады. Сондықтан да сыртта жүрген Құрбанды бір сынап қалуды жөн көреміз. Бізде жүзеге асуы мүмкін болған жоба екенін түсінген соң. Бердыев бірер жылда еңсе тіктеп кетсе тіпті тамаша. Күндердің күнінде Қазақстан да әлгі бастамаға мән беріп қалар… …Қызылордада жүргенбіз. Роза Рымбаева апаймен бір үйде қонақта болдық. Сонда жергілікті ақын өлең оқыды. Роза әнші зор ықыласпен тыңдады. Өлең мықты екен. Қуанышқызы қуанышын жасыра алмай, мақтаудан тау тұрғызды. Әншінің шын пейілі ол. Сонда әлгі ақын айтады, «халық әртісінен мақтау естіген менің несібем неткен керемет еді. Алайда қазақтық өлшем бәрібір қалады. Ауылдағының аузы сасық». Өткенде оқысақ, футболға белорус жерінен білгір келіпті. Анатолий Юревич. Соның әңімесін естіп сылқ-сылқ күлдік. Есімізге Роза апайдан мақтау естіген ақынның сөзі түсіп…

Аманкелді Сейітханов, «Жас қазақ» газеті
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×