Рекордтар чемпионаты

13.07.2014, 06:00
Рекордтар чемпионаты

20140618_230256Әлем чемпионатының соңғы аяқталар аптасы қалды. 4 жыл тағатсыздана күткен дүбірлі дода да мәресіне жетпек. Көптеген болжамдар бордай тозып, көріпкелдер айтқан жорамалдар іске аспады. Футбол - әрине, сонысымен де қызықты. Биылғы чемпионатта жасы егде футболшы рекорд орнатып, футболшылар ақшаға таласып, кейбірі тіпті бір-бірін тістеуге де барды.

Әр чемпионтта фаворит атанып, өзінің темір тәртібімен ұзаққа баратын Германия құрамасы биыл да әдеттен қашпады. Олар Франция құрамасын ұтып жартылай финалға Бразилиямен шықты. Ал жарыс қожайындарының сапында үлкен ақау бар. Негізгі шабуылшы Неймар омыртқасын сындырып, қиын жағдайға түсті. Сонымен бірге, күллі бразилиялықтардың да көңіл-күйі жоқ. Сенгені де, сиынғаны да Неймар еді.

Осы тұста чемпионаттың шақырылмаған қонағы Диего Марадона өз пікірін айтып қалды. "Команда ешқашан бір футболшыға байланысты болмауы керек. Бразилиядағы Неймар Аргентинадағы Месси секілді. Күллі команда бір ойыншының аяғына қарағаны түбі жақсылыққа апармайды" - деді. Ол осы сөзімен Аргентина құрамасын да астарлап сынай кеткенін ұғыну қиын емес. Себебі, жартылай финалға шыққан Аргентина құрамасының да ойыны қарық қылып тұрғаны шамалы. Олар да Мессидің соққан голдарының арқасында топтан шықты. Және айта кетуіміз керек Бразилия, Германия, Аргентина секілді жартылай финалға шыққан құрамалар қарсыластарын плэй оффта тек бір ғана голдың арқасында ұтып өтті. Ал төртіншіт құрама Голландия болса, тіпті ойын соңынан кейінгі пеналти сериясында ғана жолы болды. Чемпионаттың сенсациясы Коста-Рика құрамасы сол ойында пенальтилерді дәлірек соққанда тіпті, елді аузына аратушы еді. Дегенмен де, кіп-кішкентай мемлекеттің футболшылары сөзсіз ерлік жасады. Олардың бұл өнері талай командаларға үлгі болары анық.

Бразилия-Колумбия арасындағы матч болған түні Рио-Де-Жанейро қаласы көз ілмеді. Көшедегі сансыз кафелерде ойын-күлкі орын алып, аспанды от-шашу қаулады. Қос голдың авторлары Давид Луис пен Тияго Сильва халық қаһармандарындай дәрежеге көтерілді. Екеуі де қорғаушы екендігін айта кетейік. Жалпы, алғанда соңғы матчтарда шабуылшыларға қарағанда қорғаушылар көп гол соғып жүр. Германияны да алға сүйреген Матс Хуммельс болатын. Ширек финалда біз небәрі 5-ақ гол көрдік. Командалар бұрыңғыдай көп гол салмайтын болған. Сол 5-голдың үшеуі қорғаушылардың еншісінде болса, біреуі шабуылшы Игуаинның, ал бірі жартылай қорғаушы Хамес Родригестің атына жазылды. Айтпақшы, Хамес Родригес осы чемпионатта аты әлемге танылған жас ойыншы болып саналды. Жас таланттың жарқ еткен сәті оның соққан 6 голымен байланыстырылуда. Әзірге үздік сұрмерген осы жігіт. Чемпионатта оның нәтижесін бұза алатын санаулы ойыншы ғана қалды. 4 доптан соққан Месси мен неміс Томас Мюллер, және 3 голдан соққан Голландия құрамасының ойыншылары Ван Перси мен Роббен.

Колумбия құрамасының ойыншыларының рекордтары мұнымен де бітіп тұрған жоқ. Қақпашы Фарид Мандрагон 43 жасында әлем чемпионатындағы ойынға қатысып Әлем чемпионаттарының тарихындағы жасы ең егде ойыншы деген атаққа ие болды. Оның өнеріне аса қатты мұқтаж болмаса да құрама бапкері Хосе Пекерман оны соңғы 7 минут қалғанда ойынға әдейі енгізді. Бұл қадаммен футболда әлі де болса ұлттық сипаттың сақталып отырғандығын ұғынамыз. Сонымен қатар, 15 гол соққан Мирослав Клозенің тағы бір гол соғуына Германия бапкері Иоахим Лев те жағдай жасап көрді. Бразилиялық Роналдоның рекордын жаңартпақ болған Клозе Францияға қарсы ойында гол соға алмады. Бірақ, оның командасы әлі де болса жарыста келе жатыр. Енді ол Бразилия құрамасының қақпасына гол салатын болса онда жергілікті жанкүйерлерге тіпті ауыр соққы болмақ.

Өткен аптада үлкен дауға айналған Суарестің ісі де соңына жетті. Италиялық қорғаушы Кьелиниді иығынан тістеп алған уругвайлық шабуылшыны ФИФА 4 айға футболдан аластатты. Отанына оралған Луис өз кінәсін одан кейін де мойындамады. Байқаусызда шалынысып құлап, тісім Кьелинидің иығына тип кетті дей салды. Одан кейін футболшының атақ-абройы айрандай шашылып, демеушілердің көбісі оған төккен қаражатты қайтарып алуда.

Чемпионаттың басында жорналшылар фаворит жайлы мынандай ой қозғады. 1966 жылы хоккейден Әлем чемпионатын Кеңес құрамасы жеңген екен. Биыл да Минскте өткен біріншілкте Ресей құрамасы топ жарды. Соло жылы Атлетико Мадрид командасы Испания чемпионы атанған, биыл да солай болды. Және де тура сол 66-жылы мадридтік Реал чемпиондар лигасын жеңіпті. Бұл факті де биыл қайталанды. 1966 жылы Еуробайқауды Аустрия азаматы жеңген. Үстіміздегі жылы да солай болды. Осы 4 фактке енді 5-сі қосылды. 1966 жылы Әлем чемпионаты Англияда өтіп, онда Ұлыбританиялықтар чемпион атанған еді. Биылғы біріншіліктің басында бес факт қайталануы үшін Англия чемпион болса болды деген сарапшыларымыз қазір тағы бір тұжырым ұсынуда. 1966 жылы жарысты өз жерінде қабылдаған ел чемпион атанса, онда неге араға 48 жыл салып чемпионатты өз стадиондарында өткізіп жатқан Бразилия болмасқа. Биыл чемпион атанып, Бразилия 6 дүркін үздік атанатын болса, онда әлгі 5 фактымыз айна-қатесіз қайталануы әбден ықтимал.

Бұл чемпионаттағы тағы бір рекорд ол қосымша минуттардың көптігі. Мысалға Әлем чемпионаттарының тарихында ешқашан 1/8 финала 5 бірдей экстра-тайм болмаған екен. Жалпы, алғанда командалардың бір-бірімен тең ойнау жағдайы көбейген. Ал сол қосымша минутта гол соққысы келмейтіндер бірден пенальти сериясына дайындалып шыққандығын көрсетуде. Мысалы Голландия құрамасы Коста-рикамен ойында соңғы минуттарда қақпашыны алмастырды. Бүкіл ойын бойы гол жібермеген қақпашы Силессеннің орнына Тим Крул шықты. Сөйтсек, бас бапкер Луй Ван Галь қателеспеген екен. Крул нағыз пеналтиге маманданған қақпашы болып шықты. Екі пенальтиді қайтарған ол, Голландияны жартылай финалға алып шықты.

Латын Америкасында өткен Әлем чемпионаттарында ешқашан Еуропалық командалар жеңіске жетпеген дедік. Ал биылғы біріншілікте жартылай финалда қалған 4 команданың екеуі еуропалық. Және жеребенің түсуі бойыншы екі ұжым Латын америкасының екі командасына қарсы шықпақ. Бразилия Германиямен ойнаса, Аргентина Голландияға қарсы шықпақ. Бразилияда жүрген мен үшін чемпионаттан өзге бір сұрақ көкейімді қатты мазалады. Айналама қарасам барлық бразилиялықтардың аяқтары жуан, күшті. Балтырлары толық, сирақтары ұзын. Және де, бұлар неліктен футболға икемді деген сауал да мазалады. Осы сауалға жауапты маған бразилиялық журналисттер қатты. Қайнап тұрған ыстық құмда, жастайынан жалаң аяқ жүретін олар жердің энергиясын алады екен. Сондай табиғи жағдайдың, климаттың адам баласының физикалық тұрғыда өсіп-өнуіне көп ықпал етеді-міс. Ғылымда дәлелденгендей, жалаң аяқ құм кешіп өскен адамның аяқ сүйектері икемді, әрі күшті келеді екен. Былайша айтқанда жілігінің майы бар балалар доп тепкен кезде, футбол ойнағанда өздерін толықтай еркін сезінеді. Осыдан кейін, атақты Копокабана жағалауында отырған маған сап етіп ауылдың бейнесі елестеді. Біздің де ауылдың балалары жалаңаяқ құм кешіп, табанына жөңке кірсе де күс-күстенген өкшеменен қой бақпайтын ба еді?! Бәлкім,  ауылдың балалары қаланыкыне қарағанда ширақ өседі дейтініміз бекер емес-ау. Мүмкін, шынымен де қазақ футболын көгертетін сол ауылдың қара домалақ баласы шығар. Олай болса, қазақ ауылына футболдың иісін апару қажет. Футбол үйірмселерін ашып қалға салған алаңды ауылға көшіруімз керек сияқты. Осы бір ойды қойын дәптеріме түртіп алып, толқыны көбіктенген көкжиектегі қарт Атлантты көз ұшына жіберіп, ойға батумен ғана отыра бердім.

Бразилиа қаласынан

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×