Латвияның «Рига» клубының капитаны Антоний Черномордый УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі Алматылық «Қайратқа» қарсы матч алдында пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Футболшы Balticfootballnews.com сайтына берген сұхбатында алдағы кездесудің өзі және командасы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Бұл – клуб үшін де, жеке өзім үшін де тарихи мүмкіндік. Мен осы клуб құрылған кезден бастап ойнап келемін. Біз бұған дейін Еурокубоктардың негізгі кезеңіне бірнеше рет жақындадық. Конференциялар лигасы енді құрылған кезде плей-офф сатысында жеңіліп қалғанымыз есімде. Бұл өте ауыр соққы болды. Өйткені әр маусымда Еуропалық турнирлердің жалпы кезеңіне шығуды мақсат еттік. Енді ақыры сол арманымызға жеттік. Барлығымыз қатты қуанып, ертеңгі дебютімізді асыға күтіп отырмыз», – деді Черномордый.
Алматылық «Қайрат» та Конференциялар лигасының жалпы кезеңін жеңіспен бастауға ниетті. Екі команда арасындағы кездесу бүгін, Рига қаласындағы «Сконто» стадионында өтеді. Қазақстан уақыты бойынша ойынның басталуы – 21:45.