Роббен «Баварияны» алға сүйреді

19.08.2011, 14:33
Роббен «Баварияны» алға сүйреді
УЕФА-ның Чемпиондар лигасындағы тартыс осы аптада қайта жалғасты. Бұл жолы үміткер командалар топтық кезеңге жолдама берер соңғы кездесулерін өткізеді. Күшті шыққандары мәртебелі жарыста тағы кемі алты ойын өткізу құқығына ие болады. Топтық сынға өтуді, тіпті финалға жетуді көздейтіндердің арасында немістің «Бавариясы» да бар. Мюнхен қаласының ұжымын біліктілік кезеңінен жиі көре бермейтінбіз. Бірақ биыл солай болып тұр, азулы клуб өзінен әлдеқайда әлсіз командалармен бәсекелесіп, топтық тартысқа түсу үшін әрекет етуде. Осы маусымда Чемпиондар лигасының ақтық кездесуі Мюнхендегі «Альянц-Арена» стадионында өтетіні белгілі. Сондықтан немістердің беткеұстары - «Бавария» үшін ең беделді еурокубоктық бәсекедегі жауапкершілік жүгі арта түспек. Германия чемпионатында 22 рет топ жарған «Бавария» бұл жолы Швейцарияның «Цюрих» командасына қарсылас атанды. Екі клуб арасындағы алғашқы кездесу неміс жерінде, атап айтсақ, Чемпиондар лигасының финалдық бәсекесін қабылдайтын «Альянц-Аренада» өтті. Ойынның қарсаңында неміс мамандары «Баварияның» басты проблемасы шабуыл шебінде екенін нақты дәлелдер келтіре отырып алға тартты. Бірақ олар жарақатынан айыққан голландиялық шебер Арьен Роббеннің сапқа қайта қосылуы мәселе түйінін шешуге сеп болатынын да айтқан еді. Расымен, аузы дуалы мамандар қателеспеген екен. Голландия елінің мақтанышы - Роббен «Альянц-Арена» төрінде хас шебер екендігін тағы бір дәлелдеп берді. Ол алдымен «Цюрих» қақпасына соғылған голдың ассистенті ретінде көзге түсті. Роббенің әдетте командалық әріптесі Франк Рибери ойнайтын оң қанаттан табылып, Бастиан Швайнштайгерге әуелете жеткізген добы қақпада тулап жатты. Бұл кездесудің 8-минутында орын алған оқиға еді. Одан соң да голландиялық шебер өзіне тиесілі сол қанатта еркін ойқастап, швейцариялықтар қорғанысын жиі бұзып-жарып отырды. Бірақ өткір шабуыл өтіндегі Марио Гоместің ойыны мүлдем жүрмеді. Өткен маусымда Германия бундеслигасының үздік мергені атанған Гоместің тепкен добы біресе қақпадан қиыс кетіп, біресе қақпашы Джонни Леонидің қолынан табылып жатты. «Баварияның» бірнеше мәрте гол соғар тамаша мүмкіндігі болды. Сондай сәттердің бірінде Леони алдымен Гоместің күшті соққысын, артынша Филипп Ламның қайтара бағыттаған добына тосқауыл бола білді. Дегенмен алаң иелері екінші кезең орта тұсына жеткенде нәтижелі соққы тіркеп, жергілікті жанкүйерді қуанышқа бөледі. Бұл жолы Арьен Роббеннің өзі мергендік танытып, шабуыл шебіндегі Гомеске артылған міндет жүгін көтерді. «Бавария» алғашқы кездесуде 2:0 есебімен жеңіске жетті. Жауап ойын араға апта салып, Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді. Сондай-ақ осы күні Еуропаның өзге қалаларында да еурокубок бәсекелері өтті. Дания жерінде жергілікті «Оденсе» Испанияның «Вилляреал» командасын қабылдап, жалқы доп айырмасымен жеңді. Голды кездесудің 84-минутында қақпашы мен қорғаушының өрескел қателігін пайдаланған Ханс Хенрик Андреасен соқты. Израильде «Маккаби-Хайфа» Бельгияның «Генк» командасын 2:1 есебімен ұтса, Хорватияда «Динамо-Загреб» Швецияның «Мальме» клубын 4:1 нәтижесімен тас-талқан етті. Ал Польшада «Висла» Кипр елінің командасы «АПОЭЛ-ді» жалғыз доп соғып ұтты. aikyn.kz
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×