Самир Францияның болашақ Зиданы!

25.12.2010, 07:54
Самир Францияның болашақ Зиданы!
Самир Насридің үлкен футболға қалай келгенін білгіңіз келсе, онда осы мақалаға мұқият ден қойыңыз. Жалпы француз футболшылары туралы сөз қозғағанда, негізінен Африка құрлығынан шыққан эммигранттар жайлы айтылады. Себебі, бұл елдің футболшыларының басым көпшілігі өзге  ұлт өкілдері болып табылады. Солардың бірі, бүгінгі біздің басты қаһарманымыз Францияның болашақ Зиданы және Кішікентай ханзада атанып жүрген Самир Насри жайлы болмақ.

"Футбол.кз" анықтамасы

Аты-жөні: Самир Насри Лақап аты: Le Petit Prince (Кішкентай ханзада), Le Minot. Дүниге келген жылы, жері: 26 маусым 1987жыл, Франция, Марсель Азматтығы: Франция Бойы: 177 см Салмағы: 75 кг Клубы: "Арсенал" Амплуасы: жартылай қорғаушы Насридің ата – анасы Алжирден Францияға көшіп келген эмигранттар. Самир 1987 жылы 26 маусым күні Францияның Марсель қаласында дүниеге келген. Оның балалық шағы Марсельдің шетінде орналасқан ең тәртіпсіз аудандардың бірі саналатын Ла Гавот Пейрет қалашығында өтті. Болашақ футболшының алғашқы пірі футбол әлемінде өз ізін қалдырған, есімі аңызға айналған, әйгілі аргентиналық футболшы Марадона болатын. Кішкентай ханзада алғаш рет оның ойынын 5 жасында көріп, жүрегінде футболға деген құлшынысы пайда болады. Марадонаның ойынын көріп болған соң, Насри әкесіне доп сатып алып беруін өтінді. Әкесі мұнысын мақұлдап, оған доп алып береді. Енді Кішкентай ханзаданың негізгі арманы Марадона стиліндегі футбол ойнау болды. Ол 7 жасқа дейін балалармен көшеде доп ойнайтын және футболға деген ықыласы ерекше болды. Кішкентай Насри футбол десе ішкен асын жерге қоятын. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген біздің қазақ ата-бабамыз. Футболға деген мұндай құлшынысты Насридің әке-шешесі де байқайды. Ата-анасы оны  жергілікті футбол мектебі «Пенс Миррабеуге» береді. Ол онда 2 жыл оқиды. Кейін ол марсельдік «Марсель» клубы скауттарының көздеріне көрініп, 9 жасынан бастап «Марсельдің» жастар құрамасына ойнай бастайды. Алғашында Самир аталмыш клубтың  жастар құрамасында шабуылшы қызметін атқарады. Бірақ, үлкен футболға шыққанан кейін, бапкерлер оны жартылай қорғаушы шебіне қояды.  Насри 2004-05 жылдары алғаш рет «Марсельдің» негізгі құрамында Франция чемпионатында алаңға шығады. Жалпы сол жылдары Насри 24 ойын өткізіп, соның 11 ойнын қосалқы құрамнан бастап, 1 доп соғады. Самирдің болашағы әлі алда еді, өйткені, оның жасы небәрі 17-де болатын. 2005-2006 жылдары Насри «Марсель»  сапында жалпы 46 ойын өткізіп, 1 доп соғып, Интертото Кубогі мен УЕФА Кубогіне қатысып, мол тәжірибе жинақтайды.  2007 жылдың 20 мамырында ол Франция чемпионатының ең жас үздік ойыншысы атағына ие болады. Бұл атақ үшін Карим Бензема, Дмитри Пайет сынды белді жас ойыншылардан да көп дауыс жинау арқылы осы атақты жеңіп алады. Сол жылы ол жанкүйерлердің сенім үдесін ақтап, «Марсельдің» жыл ойыншысы атанады. Болашақ Зидан 2008 жылы 11 шілде күні "Арсенал" клубымен ұзақ мерзімді келісім шартқа қол қойып, канонирлер клубына өтеді. Жалпы ойыншының  трансферлік  құны 12.7 миллион фунт стерлингті құраған болатын. Насри «Арсенал» үшін алғашқы голын Англия премьер-лигасының 2008/09-шы маусымындағы алғашқы ойнында, нақтырақ айтатын болсақ,  2008 жылыдың 16 тамыз күні "Вест Бромвичке" қарсы ойнында соғады. Сол ойын "Арсеналдың" пайдасына 1:0 есебімен аяқталады. Кішкентай ханзада «Арсеналға» өткелі жылдан-жылға өзінің шеберлігін шыңдап, жақсы ойын өрнегін көрсетуде. 2010/11 жылғы маусымда  ол Англия премьер-лигасында 14 ойын өткізіп, 8 доп соққан. Ол премьер-лиганың сұрмергені атануға үміткер. Енді жартылай қорғаушының ұлттық құрамаға қалай келгендігі жайлы айтып кетсек. Самир Насри алғашқыда Францияның жастар құрамасында өнер көрсетті. Ол  2004 жылы Франция жастар құрамасы (U-17) сапында Еуропа чемпионатын жеңіп алды. Францияның негізгі ұлттық құрамасындағы алғашқы ойынын 2007 жылдың наурыз айында Австрия құрамасына қарсы өткізді. Сол ойында Карим Бензема Насридің пасын ұтымды пайдаланып, мачтағы жалғыз допты соққан болатын. Кішкентай ханзада ұлттық құрамаға алғашқы голын 6 маусым 2007 жылы Еуро 2008 доп додасына іріктеу ойнында Грузияға қарсы соқты. 2008 жылы Еуропа чемпионатына қатысты. Сол жарыста ол небәрі 2 рет алаңға қосалқы құрамнан шығып, жалпы Еуропа чемпионатында 32 минут қана доп теуіп үлгереді.

Насри жылдам, техникасы мықты ойыншы. Бірақ әр адамның өзінің кемшілігі болады десек, Кішкентай ханзаданың бойынан кемшілік табылады.  Мәселен, оның бойындағы кемшілік физикалық дайындықтың болмауы. Насри тек доппен ғана жаттығуға көп көңіл бөледі, ал физикалық күшті арттыратын тренажерлық дайындыққа немқұрайлы қарайды. Әлемге танымал футболшы Зинедин Зидан Самир туралы жақсы пікірлер айтып, бойындағы күші аз болғанымен болшақта оның Әлем, Еуропа чемпионы болатынына сенетіндігін айтқан. Көптеген футбол мамандары оны "болашақ Зидан", "жаңа Зидан" деп атайды. Олай айтуға да өзіндік себебі бар. Біріншіден екеуінің тарихи Отаны Алжир болып табылады. Екіншіден екеуінің өмірі бір қалада, бір ауданда, бір көшеде, бір алаңда өткен.

Соңғы кезде қазақ футболының болашағы бұлынғыр екендігі жайлы көп айтылып келеді. Қазақ ұлтының гені 90 минут футбол ойнауға шыдамайды дейді баз біреулер. Қазақтар бойлары аласа, жүгіруге шамасы жетпейді деп те естіп жүрмін. Бұл айтылған әңгімелер шындыққа жанаспайды. Өйткені, бұған Самир Насри мысал бола алады. Бойы аласа болғанымен, аяғына ілген допты ешкімге бергізбейді. Физикалық күші әлсіз болғанымен, доп соғуды білетін бұл қарапайым жігіттің болашақта бағындыратын белестері көп. Неге біздің қазақтан осындай Кішкентай ханзада шықпасқа? Бұған бізде барлық мүмкіндіктер бар емес пе? Тек уақыт керек. Мысалы, Бразилияның кедей аудандарындағы жас балалардың доп тебуі немесе 40% территориясы спидке шалынған Африка құрлығының ойыншылары да ешқандай мүмкіндіксіз жыртық доппен-ақ доп теуіп, жарты әлемді өздеріне қаратып, алпауыт клубтың мамандарының көздеріне көрініп жүргенін біз жақсы білеміз. Ал елімізде бұған қарағанда жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Әлде біздің доп тебуге менталитетіміз келмейді ма? «Асық ойнаған азар, доп тепкен тозар» деген халқымыздың мақаласын біздің жігіттер құлақтарына әбден іліп алған сияқты. Менің ойымша, түбінде сол Самир Насри сынды саңлақ ойыншы біздің ауылдан да шығатынына кәміл сенеміз!

Абзал СҮЛЕЙМЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×