«Атан өлсе сойылар, Атаң өлсе қойылар, енді маған мынадай матч қайдан табылар»…

24.12.2010, 23:18
«Атан өлсе сойылар, Атаң өлсе қойылар, енді маған мынадай матч қайдан табылар»…
Қазақтың «Атан өлсе сойылар, атаң өлсе қойылар, енді маған мынадай Қансонар қайдан табылар» дейтұғын мақалын Түркия жағдайына орайластырып «Атан өлсе сойылар, Атаң өлсе қойылар, енді маған мынадай матч қайдан табылар» деп өзгерте аламыз.  Иә, атам қазақтың аңшылыққа құмарлығын түріктердің футболға құмарлығымен теңестіруге болады. Футбол болатын күн олар үшін мейрам. Әсіресе Галатасарай мен Фенербахче, Бешікташ пен Галатасарай сықылды күшті командаларының арасындағы кездесулерде билеттер күні бұрын бітіп қалады. Ойын болатын күні базардағыдағылар заттарын әдеттегіден ертерек жинастырып, мемлекеттік қызметтегілер компьютерін ертерек өшіріп дегендей… матчқа асыға бастайды. Айтпақшы, осы жерде түріктердің діндарлығына дау айтатындарға бір дәлел келтіре кетейін. Әр жұма біздің ықшамауданымызда жайма базар жұмыс істейді. Тек жұма күні ғана. Сол базардың саудагерлері жұма намазы басталасымен сатып тұрған заттарының үстін үлгергені матамен жауып, үлгермегені ашық тастап, мешітке қарай асығады. Футбол фанаттары да дәл солай матч уақыты таясымен намаз уақыты кіргендей стадионға асығады. Билет ала алмағандары көшелердегі «чай бахчелерінен» жайлы орын тауып алуға тырысады. Тіптен біз тұратын жатақхана асханасының екінші қабатындағы үлкен экранның алдында да ине шаншар жер қалмай қалады. Оны білетіндер ерте келіп орындықтарға атын жазып кетеді. Әгәрәки олардың орнына отырып қойған болсаң, нәзік жынысты болсаң да кешірім жоқ. Тоқсан минуттық матчты өз кайфымен тамашалау үшін джентльмендігін құрбан етуге бар. Есімде, Фенербахче мен Галатасарай арасындағы кездесу. Матчқа сәл кешігіп келген-тұғынмын. Екінші қабаттың жарығы өшірілген, бәрі экранға телміруде. Отыруды айтасыз, тұрып тұруға орын жоқ. Итеріп-қағып, біреудің аяғын басып, қысылып-қымтырылып жүріп орта тарапқа өттім әйтеуір. Жарық жоқ болса да белгілі, тамашалаушылардың жартысынан көбі сары қызыл түсті шарф, футболка(Галатасарайдың түсі), ал қалған бөлігі қою көк пен сары түсті(Фенербахче) шарф тағынған. Айтпақшы, матчты тамашалап отырған бөріктілермен көріктілердің саны тең немесе бөріктілер 55 пайыз да, көріктілер 45 пайызды құрайды десем пәлендей артық кетпедім ғой деймін. Нақты санағам жоқ та, бірақ етектілердің де саны аз емес еді сол жерде. Он бірдің әр қимылын қас қақпай қадағалап отырған олар біреуі сәл мүлт кетсе айғайды жаудырады кеп. «Сабри(Сабри Сароғлы) яяяяя, ең құрымаса сен солай жасамашы», «Теп, иттің баласы(жұмсартып аударғаным, әйтпесе түпнұсқасы біраз анайылау)», «Ой, атаңа нәлет Айхан, 35 жасына келген адам, допты қалай тебу керектігін білмейді», «Керемееееееееет, жүгір, жүгір, жылдам, әй, басе, ееееее, қақпаға қарай, қақпаға… ой, итттің күшігі..!» деген секілді айғайдан құлақ тұнады. Мына жақта Фенерліктер де осы тәріздес наразылықтарын жасырып қалмайды.Қақпаға бағытталған доп қиыс кетсе, не мүмкіндікті жіберіп алса, бәрі бір мезгілде орындарынан атып тұрады. Келісіп алғандай. Орындықтарын серпіп лақтырып жіберіп. Алғашында кәдуілгідей тіксінесің, мұнысы несі, жоғалтқан ештеңесі жоқ қой деп. Бірақ бірте-бірте сен де оларға бой үйрете бастайсың. Делебең қозып, сен де алаңда жүргендей, мазаң кетеді кеп. Олар секілді «Арда, ой, мал, аяғыңа түкірейін сеніңңңңңңңң…, өгіз!!!…» деуге  шамаң жетпейді, бірақ гол мүмкіндігін қалт жіберіп алғанда сен де қос тізеңді салып жіберіп, «түһ!!!…» деп қайғырып қоясың. Әр матч сайын әдеттерінен жаңылмайды және. Айтпақшы, сол Фенермен Галатасарайдың арасындағы матч тең бітіп, абырой болды. Әйтпесе жеңілген тарап ұрыс шығарар ма еді кім білсін. Мұны да бекер айтып отырған жоқпын. Жақында ел чемпионы Бурсаспор мен Бешікташтың арасындағы матчта жанкүйерлер бүлік шығарып, біразы жараланғаны бар. Бешікташ дегеннен шығады, аталмыш команда стадионына жақын жердегі Кабаташ кеме айлағында қыдырып жүргенмін. Артуымнан бір топ адамның, топ емес-ау жүз қаралы адамның шуылы естілді. Құдай өзі кешірсін, жаназаға кетіп бара жатқандар ма деп ойладым. Сөйтсем, сағат жетіде стадионда командалары біреумен ойнайды екен. Кіммен екені нақты есімде қалмапты. Құлақ сап тыңдасам, «Бешікташлы олмаянлар махфолсын, дефолсын» дейді. Тәржімелесек былай: «Бешікташқа жанкүйер болмағандар құрысын, жоғалсын!!!». Ал керек болса… Фанатизмді дәрежелесек, бірінші орынды осы Бешікташтықтар алады-ау. Өтке қызуқанды. Онан кейінгі орында Фенерліктер. Қандай да бір сауда орнына барып, Галатасарай тауарын сұрай қалсаң, «Галатасарайды қайтесің-ау, Фенердікін ал. Ең күшті команда сол. Театр, кино көңіл көтеру орны емес, нағыз сауық орны Шүкір Сараджаоғлыдааааа(Фенербахче стадионы)» деп өзінікін саған тықпалай бастайды жазғандар. Айтпақшы, тағы бір нәрсені ұмытып барады екем, барған жердің барлығында басқа командалардың тауары сөрелерде шаң басып тұрады да, Галатасарайдың тауарын табу қиынның қиыны. Бұл да халықтың басым бөлігі қай командаға жанкүйер екенін көрсетсе керек. Биылғы сезонда Трабзонспордың айы оңынан туып тұр. «Қаратеңіз дауылы» ешкімге бет қарататын емес. Соны білген Трабзондық дос қыз маған жақында үйіне барғанда Трабзонспордың кәдесыйын алып келіпті. Қысқасы, «Әркімдікі өзіне ай көрінер көзіне» дегендей, қанша бағы төмендеп тұрса да өз командасы туралы жылы сөз айта салсаң кез-келген фанат түрік астындағы атын түсіп беруге дайын. Қазір менің қорымда түрік командаларының барлығының кәдесыйы табылады. Міне, командаларына адалдық деген!…

Ғалия СЕРІКҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×