Сараптама. Ирландиямен бастап, Ирландиямен аяқтаймыз

22.11.2011, 00:43
Сараптама. Ирландиямен бастап, Ирландиямен аяқтаймыз

Футболдан 2014 жылы Бразилия елінде өтетін Әлем чемпионатына барар жорықты Қазақстан құрамасы өз алаңында бастайды. Алғашқы қарсыласымыз – Ирландия.

Әдетте іріктеу турнирінің кестесін бекіту ұзаққа созылып кететін. Кесте бекітуде әр ел өз нұсқасын ұсынып, бір-бірімен келісе алмай, бір емес, екі-үш рет бас қосатын. Германияның Франкфурт қаласында бас қосқан «С» тобының өкілдерінің бәрі де шетінен керемет дипломат болып шықты. Мәселені бір-ақ кездесуде шешіп тастады. Сонымен, бірінші кездесуіміз өз жанкүйерлеріміздің алдында өтеді. Келесі жылы қыркүйектің 7-сінде Джованни Трапатони баптайтын Ирландия құрамасымен кездеседі екенбіз. «Әлем чемпионаты – 2014» іріктеу турнирінің соңғы матчын да Ирландия құрамасымен өткіземіз. Австрия, Германия сынды құрамалармен қатарынан екі мәрте кездесетін күндер де болады екен. Ал енді кестеден кейінгі түйген ойларымызды ортаға салсақ. Алғашқы ойынымызды өз алаңымызда өткізетіндігіміз оң болған. Оның үстіне, қарсыласымыз ретінде Ирландия Республикасы құрамасының түскені де бір жағынан дұрыс болған сияқты. Өйткені Ирландия – Германия емес, тіпті Швецияның өзі де бұлардан бір саты жоғарырақ. Ал қалай деген күнде де «жасыл жейделі жігіттермен» текетіресуге болады. Тіпті өз алаңымызда бұл құраманы жеңіп кетуге де болады. Олай дейтініміз, команданың негізін Шей Гивэн, Кевин Килбэйн, Дэмьен Дафф, Джон О’Ши, Робби Кин, Стивен Хант сынды ардагерлер құрайтын бұл құрама бүгінде ақырындап буын алмасу процесін басынан өткеруде. Украина мен Польшада өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі бұл ойыншыларға ұлттық құрама жейдесіндегі соңғы ойындар болуы да әбден мүмкін. Яғни сол додадан кейін Ирландияның тәжірибелі футболшылары ұлттық құрамамен қоштасып, Қазақстанмен болатын алғашқы кездесуде олардың орындарын басқан ойыншылар бір-бірімен түсінісіп үлгермеуі ғажап емес. «Соңғы ойынымызды да өз алаңымызда өткізгеніміз дұрыс еді», – деп аздап наразылықтарын білдіріп жатқан футболсүйер қауым аз емес сияқты. Иә, жанкүйерлік тұрғыдан қарастырсақ, турнирдің соңғы кездесуін өз алаңымызда өткізгеніміз тиімді болар ма еді, бірақ ұпай тұрғысынан алғанда, «бұл бізге пайда әкеле ме?» алдымыздан шығары хақ. Олай дейтініміз, Ирландиямен болатын ойынның алдында Қазақстан құрамасы Фарер аралдарына қонаққа барады. Бұл ойын 2013 қазанның 11-де өтуі тиіс. Ал төрт күннен кейін соңғы ойын. Жарайды, кестені соған лайықтап, «соңғы ойынды өз жерімізде өткізетін болдық» делік. Бірақ, ойлап қарасаңыз, түзде Фарер аралдары құрамасымен кездесіп, өз жерімізде соңғы ойынды өткізер болсақ, ұзақ жолдан қажыған футболшылары­мыздың алаңға шығуға шамалары келмей де қалуы ғажап емес. Оның үстіне, «Еуро – 2012» іріктеу турнирінің аясында өз жерінде Эстонияны 2:0 есебімен жеңіп, Солтүстік Ирландия құрамасының бір ұпайын тартып алған фарерліктер қазақтарға қонақжайлық танытады дей алмаймыз. Яғни біз үшін Фарер аралында «балықшылар» құра­масын қалай да жеңіп, соңғы кездесуде Ирландия құрамасымен шайқасу. Ал Ирландия аралдары мен Фарер арал­дарының бір-біріне өте жақын орналасқанын картадан жақсы білеміз. Яғни футболшыларымыз соңғы ойын алдында сергек болады. Оның үстіне, Германиямен кездесуден кейін ирландықтардың да әбден шаршайтынын ескеріңіз. Кесте бойынша өз алаңымызда қатарынан екі ойын өткізеді екенбіз. Алдымен 2013 жылдың 6 қыркүйегінде Фарер құрамасын қабылдасақ, төрт күннен кейін шведтерді қонақ қыламыз. Яғни бұл екі кездесуде де сәтті ойнауға болады. Оның үстіне, шведтердің елімізге сонау Ирландия жерінен келетінін ескерсек, бұл матчтан да жоғары ұпай иеленуімізге мүмкіндік бар. Тағы бір айта кетерлігі, Австрия, Германия құрамаларымен қатарынан екі рет кездеседі екенбіз. Алдымен Австриямен өз жерімізде ойнасақ, төрт күннен кейін сол жаққа қонаққа барамыз. Сол сияқты Германияны да бірінші өз алаңымызда қабылдаймыз да, апта өтпестен немістердің жерінде емтихан тапсырамыз. Бұл матчтар­дың бір жағынан қиын, бір жағынан қызық болары сөзсіз. Өйткені төрт күнде қатарынан екі ойын өткізу футболшы­ларымызға ауыр тиері анық. Бірақ бірінші матчта кеткен қателіктерді қарымта кездесуде түзеуге жақсы мүмкіндік. «Әлем чемпионаты – 2014» іріктеу турниріндегі «С» тобының кестесі: 06.06.2012 Фареры – Австрия 07.09.2012 Германия – Фарер аралдары Қазақстан – Ирландия 11.09.2012 Австрия – Германия Швеция – Қазақстан 12.10.2012 Ирландия – Германия Қазақстан – Австрия Фарер аралдары – Швеция 16.10.2012 Германия – Швеция Фарер аралдары – Ирландия Австрия – Қазақстан 22.03.2013 Швеция – Ирландия Қазақстан – Германия 26.03.2013 Германия – Қазақстан Ирландия – Австрия 07.06.2013 Австрия – Швеция Ирландия – Фарер аралдары 11.06.2013 Швеция – Фарер аралдары 06.09.2013 Ирландия – Швеция Германия – Австрия Қазақстан – Фарер аралдары 10.09.2013 Қазақстан – Швеция Фарер аралдары – Германия Австрия – Ирландия 11.10.2013 Германия – Ирландия Швеция – Австрия Фарер аралдары – Қазақстан 15.10.2013 Швеция – Германия Ирландия – Қазақстан Австрия – Фарер аралдары Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×