Алайда, деңгей деген болады. Еуропаның алпауыт командаларымен таласқа түсер күнге де жетерміз деп өз-өзімізді жұбатумен келеміз. Өзімізді солай иландырамыз. Осылай иланып келе жатқанымызға биыл міне, он екі жыл толады. УЕФА-ның құрамына кіргенге дейін қалай ойнайтын едік, бүгінгі таңда сол деңгейден жоғарылап кеткеніміз шамалы. Жыл сайын қыруар қаржыны обыр сайдай жұтып жатқан футболымыздың шарықтап кеткенін көрмедік. Сол баяғы айдалаға лағып кететін қисық пас пен соқырдың тепкеніндей шығатын соққыларды көріп, аһ ұрумен жүрміз. Бір жағынан «өзіміздікілер ғой...» деп қатты айтқың да келмейді. Алайда, осындай көңіл көншітпейтін ойындарына қарамай, біздің ойыншылар қарапайым қазақтың өңі түгіл түсіне де кіріп шықпайтын жалақы алады. Тіпті миллиондап алады десем қайтесіз?
«Шаншардың» бір қойылымында қазақтың аса талантты әзілкеші Жүсіп Ақшора айтатындай, «шүкір, 13 мың теңге айлық бар...» дейтіндер бүгінгі футболшылар емес. Алайда, біздің доп қуып жүрген «жүгермектер» сол 13 мың теңгеден жүз есе артық жалақы алып жүрсе де жұрт қатарлы ойнай алмай-ақ келеді.
Тіпті сол қазақстандық футболшылардың айына қанша жалақы алатынын былайғы жұрт түгілі, жанкүйерлер түгілі кәнігі тілшілеріңіздің өзі біле бермейді. Айдалада қой бағып жүрген қазақ Роналду мен Мессидің апталық, айлық, жылдық табысының қанша екенін жаңылмай айтып беруі мүмкін, бірақ, Финонченколар мен Карповичтердің табысын білу оларға әзірге мүмкін болмай тұр. Себебі, ол – «коммерческий секрет!».
Сол «секреттің» сырын ашпақ болған республикалық БАҚ-тардың бірі осыдан екі жыл бұрынғы деректерге әрең қол жеткізіпті. Онда да еліміздің премьер-лигасында ойнайтын он төрт команданың жетеуінің ғана қаржылық жағдайы белгілі болған. «Капитал kz» іскерлік порталы жаиялағандай, 2012 жылы Қазақстан футбол клубтарының ішінде ең жоғары жалақы алатын – «Ордабасы» командасының ойыншылары екен. Барлығы 85 адам қызмет ететін клубтың орташа жалақы көлемі – әр адамға 1,17 миллион теңгеден келген. Қарағандының "Шахтерінде" "суперфутболшының" алатыны - 10 мың доллар, ең арзымайды дегендері 2 мың доллар алады. Ал, ең аз алатындар – «Тобыл» клубының құрамы екен.
Тобылдықтар орта есеппен әрқайсысы 190 мың теңге айлық алған. Ал, қалған клубтарда орташа айлық жалақы көрсеткіші – адам басына 400 бен 900 мың теңге аралығында. Айта кетерлігі, қарапайым еден сырпырушы 1,17 миллион түгілі 190 мың теңге ала алмайды. 190 мың теңгені айтамыз-ау, облыс орталықтарындағы мекемелерде істейтін еден сыпырушылардың басым көпшілігі 19 мың теңге де жалақы ала алмайды. Демек, біздегі футболшы атаулының бәрі кемінде 3 мың АҚШ доллары көлемінде айлық табыс табады деген сөз. Басқаша айтқанда, ең нашар ойнайтын, маусым бойы «заменде отыратын» ойыншының өзі республикалық орташа айлық жалақы мөлшерінен 3-4 есе жоғары алады.
Осынша қаржыны қалтаға басып жүрген футболшыларымыздың жанкүйерлеріне мардымды қуаныш сыйлағанын әлі көре алмай келеміз. Ал, біздікілермен бірдей жалақы алатын шығысеуропалық елдердің командаларының алды УЕФА Чемпиондар лигасында атой салып, арты Еуропа лигасының топтық кезеңін толтырып жүр. Айталық, 2011 жылғы деректер бойынша, Белоруссия футболшылары айына орта есеппен 2,5, Сербия футболшылары да сол көлемде, ал, Польша мен Чехия ойыншылары 4-4,5 мың АҚШ доллары шамасында жалақы алған екен. Көріп отырғанымыздай, бұл елдер футболшыларының айлық жалақысы бойынша біздің футболшылардан асып тұрған дәнеңесі жоқ. Бірақ, футболсүйер қауым арасында «БАТЭ», «Партизан», «Црвена Звезда», «Спарта Прага», «Виктория Пльзень», «Легия», «Лех», тағы басқаларын білмейтіндер кемде-кем. Ұлттық құрамалары туралы айтпай-ақ қоялық.
Тағы бір мәселе, біздің футболшылар ұясын ауыстырып кететін көкектер секілді жыл сайын команда ауыстырудан шаршамайды. Еуропаның мықты клубтарына қарасаңыз кез келген команданың негізгі ойыншылары сол ұжымда кемінде 3-4 жыл ойнайды. Одан кейін келісім-шартыңды созбаса, агентің бар, басқа жанашырларың бар, ауысатын командаңа ауыса бер... Ал, қазақстандық футболшылар жыл сайын әр клубтан жылт етіп бір көрінеді. Мәселен, жуырда ғана қарағандылық «Шахтер» сапынан алматылық «Қайрат» құрамына өткен Аслан Дарабаев 2008-2014 жылдар аралығында 4 рет команда ауыстырыпты. Байқасаңыз, әр клубында небәрі бір жарым жыл ғана ойнаған болып шығады. Ал, мына футболшылардың трансферлік жылдамдығы тіптен таңғаларлықтай. «Атырау» футбол клубының қазіргі жартылай қорғаушысы Алексей Шакин 2002-2013 жылдар ішінде 9 рет команда ауыстырған! Бір ұжымнан екіншісіне ұшып-қонумен болған жарықтықтың футболшылық ғұмырына қарасақ, бір командада жарытып ойнамапты. Керек десеңіз, 2010-2013 жылдар аралығында, яғни, үш жыл ішінде төрт қайтара трансферге түскен. Бір кездері ұлттық құрамамыздың қорғаушысы болып өнер көрсеткен Ренат Абдуллиннің футболшылық ғұмырына қарасаңыз алдыңғы Алексей әріптесі секілді бұл бауырымыз да бес жыл ішінде алты команда ауыстырған! Тіпті былтыр маусым басында «Қайсар» құрамына, одан жыл аяқталмай жатып «Атырау» командасына өткен екен.
Бұдан бөлек, трансферлік маусым кезінде әр командамыз 4-5 ойыншыдан сатып, тағы сонша ойыншыны өзіне қабылдап алатынын түсіне алмадық. Осыдан кейін ойын деңгейі өсіп кетсе мақұл-ау... Біреулер «мұның бәрі ақша жасаудың амалы» деп жатса, оған ренжудің қажеті бар ма?!
Мұның бәрі осыдан екі жыл бұрынғы көрсеткіштер. Жоғарыда айтылған басылым «Шахтер» клубы ойыншыларының соңғы екі жылдағы жалақы мөлшері екі есеге дейін өскендігін жазған болатын. Оның үстіне, екі жыл ішінде нарықта қымбатшылық толқыны бірнеше рет қайталанды. Соған қарағанда, футболшыларымыздың жалақылары онысынан да өскен болар.
P.S. Айта кетейік, қазақстандық футболшылардың нақты жалақысын сұрап білгеннен гөрі еліміздің Премьер-министрінің жалақысын сұрап білген оңайырақ. Осы мақаланы жазу барысында өзіміз танитын бірнеше футболшыға хабарластық. Біреулерін «ұстау» мүмкін болмады, енді біреулері оны «коммерциялық құпия» деуден әрі аспады. Әлем жанкүйерлерінің түсіне кіретін Месси мен Роналдудың жалақы мөлшері құпия емес, «қаныңды ішетін» қазақстандық футболшылардың жалақылары құпия екен... О, тоба!
P.P.S. Арқаның ақшұнақ аязында қолы мен бетін суық қарып жаңа Астананы салып жатқандар 1 миллион теңге жалақы алмайды. Еуропадағы ерінбеген командалардың бәрі ұтатын «Ордабасының» футболшылары бүгінде 1 миллионды да місе тұта қоймайды. Сонда қиратып жатса мейлі ғой... Қайран, Қазақстанның қор болған ақшасы...
Ербол ТҰРЫМБЕТ,
SKIFNEWS.KZ.