Сенбі-жексенбіде көруге міндетті ойындар. Лондоннан Санкт-Петерборға дейін

04.04.2015, 05:48
Сенбі-жексенбіде көруге міндетті ойындар. Лондоннан Санкт-Петерборға дейін
фото Getty Images Жарты жылда әлемнің назарын өзіңе аударатын Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аяқталып, енді көктемнің жайма-шуақ екі айы клубтық футболдың еншісінде. Талай шешуші сәттерді, жеңіс пен жеңіліске, қуаныш пен өкінішке толы талай финалдарды көреміз. Ал, сәуірдің алғашқы аптасында Еуропадағы чемпионаттардан маңызды бірнеше ойындарды атап өтуге болады. "Аладоп" сайты Лондон, Дортмунд, Петербор, Марсельдегі кездесулерге матч алдындағы сараптамалық-шолуын жасамақ. "Боруссия Д"-"Бавария" 4-ші сәуір. "Сигнал Идуна Парк" стадионы. 22:30 Бундеслиганың орталық ойыны Дортмунд шаһарында өтеді. "Боруссия Д"-"Бавария". Өткен жылдары бұл екі команда арасындағы кездесу маусымның шешуші ойыны санатында болса, өкінішке орай, бүгін екеуінің жағдайы екі түрлі. Мюнхендіктер әдеттегідей барлық турнирде чемпиондыққа таласты жалғастырып жүрсе, Дортмунд осы маусымда Бундеслиганың "ортаң қол" командасына айналып кетті. Бірінші айналымдағы матч Мюнхенде алаң иелерінің жеңісімен аяқталған еді. "Бавария" қанша айдаһар кейпінде болғанымен, 2:1 есебі тіркеліп, Клопп шәкірттері супер-клубпен ойынның біраз бөлігінде терезесі тең ойнаған болатын. Бұл кездесу де "Бавария" үшін қиынға соққалы тұр. Біріншіден, Роббен, Алаба, Риберидің жарақаттары. Әсіресе, голландиялық футболшысыз мюнхендіктердің шабуыл шебі өз реңкін жоғалтады. Екіншіден, қазірден бастап, Гвардиола шәкірттерінде ішкі чемпионатқа деген немқұрайлылық пайда бола бастады. Оны өткен ойыннан байқадық. Естеріңізде болса, "Бавария" өз алаңында менхенгладбахтың "Боруссиясына" 0:2 есебімен жеңілген еді. Әрине, қонақтар тамаша ойын өрнегін көрсетті, дегенмен, ол матчтың қорытындысына әсер еткен жайт, Гвардиола командасының салғырттығы деп түсінген жөн болар. Футболшылар қанша жерден өз ісінің шебері, кәсіпқой деңгейде болғанымен, алтынды ешкім тартып ала алмасын түсініп, чемпиондықты "ойша" тойлап жүрген секілді. Бастысы былтырғы қателік қайталанбаса болды("Реал"-"Бавария" 5:0-ді айтам). Ал, дортмундықтардың барын салып ойнайтынына сенімдімін. "Баварияны" жеңу олар үшін кішігірім чемпиондық. "Марсель"-"ПСЖ" 5-ші сәуір. "Велодром" стадионы. 01:00 Француз чемпионатының кезекті турының шымылдығы орталық ойынмен жабылмақ. Чемпиондыққа таласып жүрген үш команданың екеуі жеке кездесуде кім мықтыны анықтайды. Әзірше, "Лионды" бір ұпайға, "Марсельді" екі ұпайға озып, париждіктер көш бастап тұр. "ПСЖ" соңғы кезде өз бабында. Чемпионаттағы соңғы үш жеңіс, және оған Лондондағы жеңіске пара-пар тең нәтижені қосыңыз. Ал, Марсельо Бьелса баптайтын команда чемпионға тән ойын да, нәтиже де көрсетіп жүрген жоқ. Қонақта қарсыласты талқандайды, өз алаңында аяқ астынан аутсайдерге жеңіледі. Бір сөзбен, тұрақтылық жоқтын қасы. Түптеп келгенде, Париж бұл ойында жеңілсе де ештенке жоғалтпайды. Қос қарсылас бір-екі ұпайға озар, бірақ алда 7 тур бар. Ал, "Марсель" үшін алтынға қол жеткізетін соңғы мүмкіндік. Жеңіліп жатса, Парижді бес ұпайға ұзатып алады. Онымен қоса, өкшелеп қуып келе жатқан "Монако" тағы бар. "Зенит"-"ЦСКА" 5-ші сәуір. "Петровский" стадионы. 16:30 Прогноз на матч Зенит - ЦСКА (05.04.2015): «золотая» игра Ресей Премьер-Лигасының 21-ші турында екінші айналымның орталық ойыны өтеді. Екі көшбасшы команда жеке текетіресте кімнің чемпиондыққа лайық екенін көрсетіп бақпақ. Екі команда қалғандарынан біраз ұзап кетті. Дегенмен, "Зенит" сенімді түрде 5 ұпай басымдылықпен көш бастап тұр. Қатарынан екі жыл қолда тұрған алтыннан айырылған "Зенит", үшінші рет тақты "ЦСКА"-ға беріп қоймауға ниетті. Спалеттиді орнынан босатып, Петерборға Андре Виллаш-Боашты шақырудағы мақсат та осы. Әзірше, португалиялық бапкер өз тапсырмасын беске орындап жатқанын көріп отырмыз. Чемпиондар Лигасындағы нәтиже үшін ғана бұл бапкерге сын айтылып жүр. Бірақ та, Ресейдің клубтары да, ұлттық құрамасы да "тозақ" топқа түссе де, "жұмақ" топқа түссе де, келесі кезеңге аяқ баса алмайтын ауруы бар. Осы бір құпияның сырын, футболды май шаммен саралайтын сарапшы мамандар да аша алар емес. Алысқа бармай, Әлем чемпионатындағы топты еске алыңыз, Чемпиондар Лигасындағы "Зениттің" тобын бір қараңыз. Матчтың фавориті-"Зенит". Петерборлық команда өз алаңында ұпай жоғалта бермейді. Осы чемпионатта тек, "Терек" пен "Спартакка" қарсы ойындарда ғана сүрінді. Қалғаның бәрі жеңіс. Екінші айналым басталғалы бері команда ішкі чемпионатта төрт ойында үш рет жеңіп, Еуропа Лигасында екі кезеңді артқа тастап, ширек финалға шықты. Иә, "ЦСКА" да қатарынан үш рет жеңіске жетті, бірақ ұлттық құрамадағы ойындардан кейін, бірнеше жетекші футболшылары жарақат алып қайтқан еді. Сондықтан, бұл матчта "Зенит" жеңіске жетіп, чемпиондыққа нық қадам жасайды деген сенім басым. "Арсенал"-"Ливерпуль" 4-ші сәуір. "Эмирейтс" стадионы. 17:45 Бұл екі алыптың арасындағы текетірес, қашан да жанкүйерлер тарапынан ерекше қызығушылық тудырады. "Арсеналды" Чемпиондар Лигасы үшін қанша жазғырсақ та, ішкі чемпионатта бұл ұжым соңғы кездері тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, бес турдың ішінде 6-шы орыннан 3-ші орынға көтерілді. Соның нәтижесінде, Арсен Венгер наурыз АПЛ-дағы үздік бапкері атанды, 6 турда алаңнан голсыз кетпеген Оливье Жиру айдың үздік ойыншысы атанды. Қысқасы, наурыз-Англиядағы француздардың айы болды. Екінші айналымда ес жиған "Ливерпуль" де, ішкі біріншілікте қатарынан 5 мәрте жеңіп келіп, өткен турда "қызыл сойқандарға" есе жіберіп, Чемпиондар Лигасына жолдама берер орыннан алыстап, жағдайды қиындатып алды. Оған қоса, Стерлинг төңірегінде кішігірім жанжал туды. Старридж бен Лаллананың ойынға қатысу да жауапсыз сұрақ. Бірақ, осы бір екі аптаға созылған үзілістен кейін, командалардың қандай күйде болары да белгісіз. Екі апта жан-жаққа тарап, бір-бірін көрмей, команда кейде алаңда адам танымастай өзгеріп кетеді. Дегенмен, "Арсеналды" тоқтату қиын болып тұр. "Монакодан" оңбай таяқ жегеннен кейін, "Арсенал" алаңда қарсылас елемейді. Өмірі жарақаттан айықпайтын футболшылар да, алаңда ойқастап жүр. Өз жанкүйерлерінің қолдауымен "зеңбірекшілер" иә жеңіске жетер, немесе қонақтар қарсылық танытып тең нәтиже тіркелер. Ал, қандай нәтиже тіркелеріне 4-ші сәуір күні, сағат 17:30-да "КАZSPORT" арнасын қоссаңыз куә бола аласыз.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ    
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×