Футболға қызыққан жанның барлығы жүрек түбінде жанкүйер. Әр ойыншыны, әр команданы көре келе түрлі ойларға беріліп өз командасына таңдау жасайды. Кейде қателік жасағанын біліп, өзге командаға ауыса салуы да ықтимал. Елімізде соңғы кездері жанкүйерлер, ғаламтор бетінде фандар қаптап жүр. Бұл елімізде футболға деген қызығушылықтың артқаны деп түсінеміз, әлбетте.
Бірақ, негізгі әңгімеміз кезінде біз жанкүйерлік еткен командаларға тоқталу болып отыр. Өз басым Бельгия футболын бұрыннан қадағалап келемін. Өз жерінде Еуро өткізгеннен бастап көріп келем. Футбол әдебиеттерін оқи келе олардың сол заманға дейін де мықты команда болғанын оқып білгем. "Қызыл қырғындар" деген лақап аты болған бұл команданы мен кезінде Англия құрамасына ауыстырып кеткен едім. Кейіннен түсінгенім бойынша шын көңілмен тек 2 ғана командаға жанкүйер бола алады екенмін. Оның бірі Қазақстан ұлттық құрама командасы болса, екіншісі туып өскен қаламның ұжымы "Тараз" футбол клубы екен. Әйтпесе, бірде Болгарияға, бірде бағы жанып қатты ойнаған сәтінде Югославияға, Әлем біріншілігінің немесе Еуропа кубогының финалдық кезеңіне шыққан ұжымдарға жанкүйерлік таныта салушы едік.
Мысалы, бұл ауылда бір қызбен жүріп, Алматыға оқуға түскеннен соң өзге қызға ауыса салумен бір. Кейде тіпті қызға білдіртпей, екінші бір әдемілеу бойжеткенге қырындап та қоясың. Мысалы финалдық кезеңге Англия өтпеген кезде Ресейге немесе Украинаға ауыса салу дегендей. Кейін қайтадан, түк болмағандай өзіңнің бұрынғы қалпыңа келе саласың.
Осы аптада өздеріңіз білесіздер іріктеу ойындары болып өткен еді. Сербиямен сырт алаңда күш сынасқан Бельгия тамаша өнер көрсетті. Ағылшын премьер-лигасының жұлдыздарын жинаған команданың ойыншылар құрамын қалай мақтасаң да артық емес. Төрт бірдей қорғаушылар Компани, Вермален, Вертонген, Алдервейрельд! Компани мен Вермален «Сити» мен «Арсенал» қорғаушылары екенін білесіздер. Әлемдегі ең мықты, тас қамал қорғаушылар. Жартылайқорғаныста болашақ Зидан - Эден Азар, өзінің ойынды керемет басқара білетін қабілетімен танылған Аксель Витсель, Кевин де Брюйне мен Мусса Дембелені таныстырудың өзі артық. Дембелені Вилаш Боаш қызығып, «Тоттенхемге» алдыртқанынан хабардарсыздар. Сербиялықтардың қақпасына алғашқы голды салған Кристиан Бентеке ағылшын біріншілігінің әр турында гол соғып жүрген шабуылшылардың бірі. Үшінші допты соққан Кевин Миралльястың өзі «Эвертонның» үздік трансферлік жобасы болып саналып жүр. Миралльястың Алматыдағы ойында біздің қақпаға екінші допты соққанын да білерсіздер. Сербияны 3:0 есебімен ұтқан кездесуде Ромелу Лукаку мен Маруан Фелаини алаңға шықпағанын да айта кетуіміз керек.
Осы арада айтпағымыз келе жатқан Әлем біріншілігінде осы бельгиялық ойыншылар жұлдыз болады-ау. Өйткені әр команданың гүлдеп, бір кезеңдерде қарсылас шыдатпай кететін де кездері болады. Сол заман Бельгия футболының басына бақ болып келгелі тұрған секілді. Себебі, мұндай талантты ойыншылардың бір заманда, бір командаға тоғысуы бекер дүние емес.
Бельгия кеше ғана өз алаңында Шотландияны да ұтты. Бентеке мен Компани "қызылдарды" турнирлік кестеде бірінші сатыда қалуға мүмкіндік жасады. Биылғы іріктеу сындарын қорытындылай келгенде "жарқ" етіп көрініп отырған ұжым ретінде біз еш қорықпастан Бельгия құрамасын айта аламыз. Сонымен қоса, біз бұл қатарға Венгрия құрамасын да қоса кеткіміз келіп отыр. Түріктерді тас-талқан етіп ұтқан олар турнирлік кестеде екінші сатыға көтерілді. Оның үстіне бұл ойында Балаш Джуджак алаңға шықпады.
Қыпшақ ағайындарымыз да бір кісідей кәрі құрлықта доп тебетін болған. Арғы атамыз Атилланың ұрпақтарына біз жанкүйерлік танытарлықтай ортақ қасиеттеріміз бар. Мадиярлар еліміздегі жанкүйерлердің көп қызығатын орыстары мен түріктеріне қарағанда әдемі ойын өрнегін көрсетіп жүргені жасырын емес. Мені осы бір нәрсеге түсінбеймін! Ешқашан жетістіріп футбол ойнамаған орыстар мен түріктерге қазақстандық жанкүйерлер қалайша фанатизмдік сезімдер танытады? Алматыда алты гол салып, Еуропаға енді өткен команданы аямай ұтудың астарында бауырмашылдықтың қандай исі шығып тұрғанын білмедім. Орыстар жайлы қателесетін шығармын. Кеңес кезінде жоғарғы жетістікке жеткен орыс ойыншылары болған шығар. Бірақ, алып қарасаңыз "Алтын доп" пен "Алтын бутсыны" кигендердің барлығы украиндар ғой. Түріктер де, орыстарда бір ғана финалдық кезеңдерде "жарқ" ете түсті құйрықты жұлдыздай. Неге ол командалар одан кейін де керемет нәтиже көрсетпейді? Әлемдегі мықты ұжымдар Бразилия, Германия, Италия секілді. Өйткені, кездейсоқтық, сәттіліктің бір мезет жолдас болуы. Мәселе тіпті онда да емес. Қазақстанның азаматы болып ұлттық құрама ойнап жатқан кезде, барға барып "Ресей-Португалия" кездесуін тамашалау барып тұрған сорлылық емес пе? Бір үйдің нанын жеп, басқа үйдің ауласына барып үргенмен тең. Өзге команданың ойынын қара, жанкүйерлік ет, бірақ Ұлттық құраманың жөні бөлек әрқашан.
Ермұхамед МӘУЛЕН
Біздің серіктес: FONBET