Ресейлік «ФНК» сайты Қазақстан премьер-лигасының 10-турын қортындылап, фавориттердің сәтсіздігіне байланысты пікір қалдырыпты.
«ҚПЛ-дің 10-туры көптеген сенсация әкелді. Көшбасындағы «Ақтөбе» күтпеген жерден әлі күнге дейін жеңіске жетіп көрмеген «Жетісудан» есе жіберді. Бұл бәсекенің бірінші таймы фавориттің үстемдігімен өткен, алайда команда өзінің жетістігіне уақытынан бұрын сеніп, нәтижесінде жетісулықтар жеңісті жұлып алды. Сондай-ақ, чемпион қатарынан екінші жеңілісіне ұшырады. «Елімаймен» сәтсіздіктен кейін «Қайрат» өзінің алаңында «Оқжетпеске» қарсы ойында сұрапыл өнер көрсетеді деп күтілген, бірақ Оңтүстік астаналық клуб білгенінен жаңылды. Ауыр жарақаттарына байланысты Жоао Пауло мен Элдер Сантананың қатардан шығып қалуы Рафаэль Уразбахтиннің командасына әсер етпей қоймайды. Есесіне Сәтпаев бабында. Дастан өзіне-өзі мүмкіндік жасап, қақпашыны жазалап гол соқты. Осы голының арқасында ол ҚПЛ-дің шабуылшылары арасындағы таласта жеке дара көш бастады. Бұдан бөлек, «Ордабасы» сол кезеңде чемпионатта ең соңғы орында тұрған командадан ұтылып қалды. Бұл ойындағы жалғыз голды «Ұлытау» пенальтиден салып кеткен. Сенсациялық жеңіліске «Астана» да жақын болды. Григорий Бабаянның ұжымы «Жеңіспен» дербиде 76-минутқа дейін ұтылып жатып, артынан үш гол соғып камбэк жасап кетті. Үздік үштікке «Тобыл» таяды. Қостанайлықтар сырт алаңда «Тұранды» тұқыртып, төртінші орынға жайғасты. Енді жоғалтқан ұпай саны бойынша осы «Тобыл» көшбастап тұр», - делінген сайттың материалында.
ҚПЛ-дің 10-турынан кейін «Ақтөбе» 25 ұпаймен көш бастап келеді. Екінші – «Астана» (24 ұпай) және үшінші сатыда 23 ұпай еншілеген «Қайрат».