Кеше Алматыда футболдан Қазақстан жастар құрамасы Румыниядан келген құрдастарын қабылдаса, Түркия астанасы Ыстамбұлда ұлттық құрамамыз Гус Хиддинк шәкірттерінің алдында емтихан тапсырды. Енді қыркүйектің 6-сы күні Мирослав Беранек бастаған өрендеріміз Әзірбайжан құрамасымен кездессе, жастар словактарды қабылдайды. Аталмыш матчтар қарсаңында біз «Қайрат» футбол клубының ардагері, бүгінде Қазақстан құрама командаларына ойыншыларды сұрыптаумен айналысатын бапкер қызметіндегі Юсуп Шадиевті әңгімеге тартқан едік.
– Сіздіңше Қазақстан ұлттық құрамасының ең әлсіз тұсы қай шеп?
– Шабуылда Сергей Гридин тырысып жүр. Талпынысы жаман емес. Мен қорғаныс шебінен қорқамын. Әлі де болса, қорғаушыларымыздың арасында аздап түсініспеушілік бар секілді. Осы шеппен әлі де біраз жұмыстар жүргізу керек сияқты.
– Самат Смақовтың ұлттық құрамадан кетуге біржола шешім қабылдауын қалай қабылдадыңыз?
– Оның әлі бас командамызға пайдасы тиер еді. Ұлттық құрамаға өте керек футболшылардың бірі ғой. Самат сияқты футболшылар алаңға шықпай, алаң жиегінде тұрып-ақ командаға пайдасын тигізе алады. Ойыннан тыс кезде футболшыларды, әсіресе жас буынды қайрап отыруға Самат секілділер өте керек. Мен оны ойнамаса да, ұлттық құрамада жүре бергенін қалар едім. Бір жағынан алаңға шықпай, қосалқы құрамда отыра беру оған да оңай тимес еді. Сондықтан Смақовты түсінуге болады. Оның Қазақстан футболына бергені өте мол болды. Ел футболының көркеюіне бір кісідей атсалысқандардың бірі. Бір сөзбен айтқанда, Самат қандай шешім қабылдамасын, оның шешіміне құрметпен қарауымыз қажет.
–Ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мирослав Беранектің жұмысына баға берер уақыт та жақындап қалған секілді.
– Бұрынғы жаттықтырушылармен салыстырғанда Беранек әлдеқайда артық. Білікті маман екені көрініп тұр. Ең бастысы, орыс тілін жақсы біледі. Яғни, футболшылармен аудармашының көмегінсіз-ақ сөйлесе алады. Ол бастаған командамыздың ойыны түлеп шыға келді. Мен оған әлі де болса мүмкіндік беріп, келер жылға да қалуын қалар едім.
– Өзіңіздің тікелей міндетіңіз бойынша, Қазақстан жастар құрамасында ерекше бақылайтыныңыз қай ойыншылар?
– Жас дарындарымыз өсіп келеді. Шынын айту керек, жастарымыздың қай құрамамен болмасын, тең деңгейде өнер көрсете алатын қабілеті бар. Әсіресе, «тараздық» саңлақ Бауыржан Исламхан мен «Тобыл» ойыншысы Бауыржан Жолшиев менің назарымды өздеріне ерекше аудартты. Нағыз дарындар. Исламханның жасы небәрі 18-де болса да, қазірдің өзінде-ақ ұлттық құрама сапында ойнауға лайық. Аздап бас командаға тарта беруге болады. Ал Жолшиевті сөндіріп ала жаздаған едік, «Тобылға» ауысып, өз ойынын қайта тапты. Сондай-ақ «Тараз» футбол мектебінің тағы бір түлегі Бауыржан Байтананы да қатардан сызып тастауға болмайды. Рас, өткен жылы ол клубының барлық матчына қатысты да, футболға әбден тойып қалды. Дегенмен, дарынды жігіт. Аздап футбол сусынына шөлдеген соң, өз ойынын қайта табуы тиіс. «Атырауға» ауысқаны да жақсы болды. Негізі, жас футболшылармен өте мұқият жұмыс жасай білу керек. Қай кезде ойнатып, қай кезде қосалқы құрамда қалуын біліп отыратындай, бас бапкер бір жағынан психолог болуы тиіс.
– Дегенмен, шыны керек, дарынды жас футболшыларымыз соншалықты көп емес. Мұның себебі неде? Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Өйткені біздің клубтарымыз осы уақытқа дейін жастармен жұмыс жасаған жоқ. Дегенмен федерация басшысы Әділбек Жақсыбеков: «Премьер-лиганың әр командасында жастар мектебі болу керек. Әр жастағы өз командасы болуы тиіс. Әйтпесе, премьер-лигаға қатыса алмайды», – деп бір ғана сөзі арқылы бұл мәселенің түйінін шешіп тастады. Енді әкімдер еріксіз клубының жастар командаларына да қаржы бөле бастайды. Сосын менде тағы бір тілек, оны бұрыннан бері айтып келемін. Үлкен сауда орталықтарын аша бергенше, көпшілікке қолжетімді футбол алаңқайларын салса екен. Өйткені бүгінде футбол бұқаралық спортқа айналып үлгерді. Тіпті, боксшы, балуан, ауыратлеттердің өздері де футбол десе, ішкен астарын жерге қояды.
Автор: Әзиз жұмаділ