Солтүстік Македония алдындағы сынақ: жолдастық ойын не берді?

06.06.2025, 18:30

Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Македониямен өтетін маңызды кездесудің алдында сырт алаңда Беларусьпен жолдастық матч өткізді. Бұл ойын бапкерлер құрамына қандай да бір қорытынды жасауға мүмкіндік берді ме?

Солтүстік Македония алдындағы сынақ: жолдастық ойын не берді?

Қысқа уақытта ойын өткізу қажет пе еді?

Маусым айындағы ойын күнтізбесі тығыз. Қазақстан құрамасы 5 маусымда Беларусьпен жолдастық кездесу өткізсе, 9 маусымда Астанада Солтүстік Македонияға қарсы іріктеу матчын өткізбек. Көпшілік бұл екі ойын аралығы тым жақын болғанын айтып, Әли Әлиевтің ойыншыларды ұзақ сапарға жіберу шешімін сынға алды.

Алайда наурыз айында да ұқсас жағдай болған. Қазақстан Кюрасао құрамасын (2:0) қабылдап, артынша Уэльске (1:3) қонаққа барған еді. Ұлттық құрама сапындағы футболшылардың физикалық дайындығы мен ойынға деген көзқарасы клубтық деңгейден мүлде өзгеше. Жолдастық кездесудегі жеңіліс көңілге қаяу түсіргенімен, бұл матч жаттығу, тактиканы шыңдау, жаңа ойыншыларды сынау тұрғысынан пайдалы болды. Жақында ғана Әзербайжан Кубогының финалында жарқ еткен Стас Покатиловтың бұл ойындағы өрескел қатесін ешкім болжай алған жоқ. Бұл – футбол. Жеңіліс ащы, бірақ өмір жалғасады.

Кім фаворит болды?

Букмекерлер Беларусьті фаворит ретінде санағанымен, Қазақстанды жеңу оңай болмайды деп топшылады. Неге?

Біріншіден, 2022 жылғы Ұлттар лигасы аясында өткен қос матчта да Қазақстан ұпай алды (1 жеңіс, 1 тең). Бірақ 3 жыл бұрынғы құрам мен жолдастық ойынға шыққан футболшыларға көз жүгіртсек, Қазақстаннан тек Асхат Тағыберген, Сергей Малый, Ян Вороговский, Исламбек Қуат, Нұралы Әліп қана сақталған. Ал Беларусьтан Макс Эбонг, Евгений Яблонский, Кирилл Печенин, Валерий Громыко болған.

Екіншіден, Беларусь құрамасы 2025 жылы Әзербайжан (2:0) және Тәжікстан (5:0)  жеңген әрі кейінгі 8 ойынның біреуінде ғана жеңілістің ащы дәмін татқан болатын.

Үшіншіден, Беларусь жерінде өткен барлық 4 матчта алаң иелері Қазақстанға есесін (2 жеңіс және 2 тең) жібермеген.

Төртіншіден, Қазақстан сапынан көшбасшы футболшылар Бактиер Зайнутдинов, Абат Айымбетов, Рамазан Оразов, Әлібек Қасым, Роман Асранқұлов, Айбар Жақсылықов, Рамазан Каримов көмектеспеді.

Ойын қалай өрбіді?

Қатты нөсер футболдың сапасына әсер етті. Өкінішке қарай, бұл Қазақстанға кесірін тигізді. Бірінші гол сәтінде Марат Быстров қақпашыға берген пасының жылдамдығын бағамдай алмады. Бұны Беларусь футболшысы тиімді пайдаланып, есеп ашты. Шабуыл барысында да Ислам Чесноков оңтайлы сәтті мүлт жіберді. Жалпы Қазақстан қарсыластың қысымына дайын болмай шықты. Әсіресе үшінші голдағы Әділбек Жұмахановтың пасты дұрыс қабылдай алмауы соның дәлелі. Дегенмен, бұл кездесуде кейбір жас футболшылар өздерін көрсетуге мүмкіндік алды. «Оқжетпес» клубының ойыншылары Дәурен Жұмат, Алияр Мұхаммед  және қорғаушы Әділбек Жұмаханов, Наурызбек Жагоров, Ғалым Кенжебек алғаш рет бір тайм бойы өздерін көрсетуге мүмкіндіктерін алды.

Бас бапкер Әли Әлиев не деді?

«Жігіттерге киім ауыстыратын бөлмеде алғысымды айтқан сәттегі реакцияға қарағанда, мен олардың жағдайды дұрыс қабылдағанын байқадым. Менің ойымша, бұл жеңіліс керек болды. Әрине, мұндай есеппен емес. Бірақ мұндай нәтиже адамды тез ес жиғызады. Бұл ішкі тәртіп пен ұйымдасуды талап ететін дабыл. Футболдағы қателіктер кешірілмейді», - деді Әли Әлиев.

Енді Қазақстан құрамасы алдағы ойынын 9 маусым күні, кешкі 19:00-де «Астана Арена» стадионында Солтүстік Македониямен жолығады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×