«Соңғы минуттардың ауырлығы»

27.07.2012, 06:43
«Соңғы минуттардың ауырлығы»

Үшінші бөлім

Осы күні кеше ғана «Соңғы минуттардың ауырлығы-2» туралы мақала жазып едім. Бүгін соның үшінші бөлігін ұсынамын. Тарауы көп, қабат-қабат том кітапқа айналып кетпесін делік. Осылай әр сәтсіздіктерімізге нөмірмен еншілеп, белгісін салып жаза берсем, көпке созылмайтын шығар. Солай болсын деп сенейік.

«Ордабасы» футбол клубы оңтүстік ауданымыздағы дәстүрге бай, даңқты тарихы бар футбол өңірінің өкілі еді. Қызуқанды жанкүйерлерімен танылып жүрген ұжым Алматыда нағыз аладоп тойын жасады. «Күріштің арқасында күрмекте су ішеді» деген мұндай ірі додаларды көрмегеніне көп болған көрермен «шымкенттік» фанаттармен бірігіп, трибунада тізе қосты.

Сонымен «Орталық» стадионда Ақтөбедегіден де керемет атмосфера қалыптасты. Толқыннан толқын туып, толқынды толқын қуды. Толқындай тербелген арлы-берлі ойын да кездесу басында делебе қоздырды. Кезінде біршама жетістікке жеткен Норвегия мемлекетінің беткеұстар футбол клубы «Руссенборг» қарымта қайтаруды ойлады. Ойыншыларының да жергілікті халыққа наразылығы болса керек, ойын барысында көрермендерге жақпайтын іс-қимылдар көрсетті. Бәлкім Шымкенттен келген «Ордабасы» жанкүйерлері «Руссенборг» футболшыларының намысына тиетін сөздер айтқан болуы керек. Оның себебін біз екінші голды соққанда бір-ақ байқадық.

Ойынның басты қаһарманы ретінде мен әлбетте біздің команданың сапынан Мансур Гуйені атап өтер едім. Жалғыз өзі шабуыл өтінде қарсылас қорғаушыларына тыным бермеді. Әдемі голды да соқты. Пенальтиді де жасаған сол болатын. Бапкердің қойған мақсатын толығымен орындап, бар күшін сарп еткен ойыншының бірі болды. Жалпы, шымкенттік ұжым сапындағы «қара маржандар» тәуір өнер көрсетті. Карпович те алдына келгенді аямай құлатумен айналысты. Тәжімбетов тегеурінді шабуылдардың бастаушысы ретінде көзге көрінді. Өткен ойында жарқ еткен қақпашы Алмат Бекбаевта өз деңгейінде, жақсы ойнады. Пасульконың командасы ойын бойы кірпік қақпай, жүз пайыз берілді.

Екінші голды соғатын төрт мүмкіндік болды. Мансур Гуйе бірге-бір шықса, Адырбеков алыстан қақпаға допты дәл түсіре алмады. Белгіленген пенальтидің голға айналып, кейін қайта соғу барысында мүлт кетуі жамандықтың алғашқы белісі болды. Норвегиялықтар мұндай ойын болады деп күтпесе керек. «Ордабасы» жылт еткен мүмкіндік болса, алға лап қоюды көздеді. Сонысымен скандинавиялықтарды әбден састырды. Дегенмен, олар «Ордабасы» гол соққаннан соң, міндетті түрде 2 доп соғулары керек екенін жете түсінді. Мәне, ойынға берілген баға мен алға қойылған мақсаттың осындай айқындылығы, норвег бапкерінің дұрыс шешімі түбінде жеңіске әкелді.

Екінші голды соққанда норвег ойыншылары жанкүйерлерге ұнаймайтын қимылдар жасап, қалың жұрттың ашуын келтірді. Осыған жауап қатқан фанаттар қолда бар «қаруды» аямай ойыншыларға лақтырды. Кейбірі дәл тиіп жатқанын көзімізбен көрдік. Енді УЕФА тарапынан айып сомасы белгіленетіні анық. Мынандай қақыраған кризистің заманында, одан әрі дағдарыс тудыртқан бұл матч «Ордабасы» үшін соңғы болсын деп тілейік.

Соңғы минуттардың ауырлығы шынында да бүкіл қазақ футболының кеселі ме дерсің. Ойын барысын стадионнан тамашалаған ел футболына белгілі тұлғалар, «Сұңқар» командасының бас бапкері Асқар Қожабергенов те, кезінде ұлттық құрама сапында ойнаған шабуылшы Қайрат Әубәкіров те, Болат Есмағанбетов те стадионда болған жағдайдан кішігірім психологиялық соққы алғандай көрінді. Шымкенттік жанкүйерлер де, барша Қазақстан жанкүйерлері де мұндай дүниеден жақсы әсер алмағаны белгілі.

Неге соңғы минуттар деген сауал қайта айналып алдымызға келеді. Мақұл қарсылас деңгейі бізге қарағанда анағұрлым жоғары да шығар. Бірақ, соңғы минутта емес неге «Шахтер» мен «Ордабасы» ойын барысында жеңіліп қалмайды. Тура сол голды 71-минутта да жіберіп алуға болады ғой. Онда ешкім ештеңе демес пе еді?! Қазақ футболын осылайша биыл қырсық шалды. Қой сойып, құдайы беру керек шығар мүмкін. «Анжи», «Терек» секілді ұжымдар ойын алдында осындай шаралар жасап, құдай алдында бір жол ашып алады екен.

Жалғыз сеніміміз «Ақтөбе» әйтеуір түсіп кеткен көңілді көтерді. Бұл ойында соңғы минуттарда қарсыластарымыз өз-өздеріне гол соғып алды. Тура сол голдың алдында «Милсами» де бір гол соғатын мүмкіндік туындатқан да болатын. Егер, сол жерде молдовалықтар қауіпті сәтті голға айналдырғанда не болдық? Ойынның соңғы минуттары жақындаған тұста дегбіріміз қашып, жүйкеміз жұқаратын болған. Қазақ футболындағы осындай ойындар уақыт өте келе жойылар деп сенейік. Өйткені осындай жағдайларды бастан өткергендер де баршылық екен. Доп тарихына көз жібертсек мұндай да фактілердің тіркелгенін анық аңғаруға болады. «Генктің» реңкін байқаған соң соңғы минуттарды ойлайтын болдық. Сенеріміз де, сенгеніміз де сенсің – «Ақтөбе!». Қазақ футболы тек қана алға!

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×