Қазір еліміздегі спорт федерациясынның қай-қайсысында да мемлекеттік қызметкерлер отыр. Футболды Ә.Жақсыбеков, волейболды Н.Әбіқаев, теннисті Б.Өтемұратовтар басқарып жүр. Біреулер олардың басқарғаны дұрыс дейді. Ал біреулер федерация тізгінін шенділер емес, сол спорттың ыстық-суығын көрген кәнігі мамандар ұстаған жөн дейді.
Бүгінде банкир Ү.Шаяхметова көркем гимнастиканы, бұрынғы сенатор Ш.Исабеков таеквондоны, еліміздің бас банкирі Г.Марченко у-шуды, әнші-композитор Т.Мұхамеджанов каратэні басқарып жүр. Бұл дұрыс па, бұрыс па?
Мойындау керек, шенділердің арасында өзі басқарып жүрген спортты шеніне дейін жеткізіп жатқандарда бар. Мәселен, Т.Құлыбаев. Боксқа қаржы аяп жатқан жоқ ол. Қазақстанның ғана емес, әлемдік бокс федерациясында вице-президент деген атағы тағы бар. Олимпиаданың үш жүлдесі – Құлыбаев жұмысының жемісі.
Дені легионерлерден құралған демесеңіз, Қазақстанның көк туын желбіретіп жүр теннисшілеріміз. Елімізде теннис академиялары ашылып, жастар арасында бұл спортқа деген қызығушылық арта түсуде.
Әу баста Р.Әлиев басқарған футболымызға осы күні қыруар ақша төгілсе де алға түсе қойған жоқпыз. Қайсы бірде Андорраны әрең ұтып, Фарер аралдарынан ұтылдық. Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков басқаратын футболымыздың қорғанысы дұрыс болмай тұр:қақпаға жіберіп алған 84 голмен «көш бастауда». Қайта Қазақстанды УЕФА-ға мүше еткен Әлиевтің қазақ футболына қосқан үлесі өлшеусіз бе дейсің.
Д.Тұрлыханов көп жылдар бойы күрес федерациясын басқарып келеді. Қазір құрметті президенті. Федерация басшысы С.Сұлтанғали демесеңіз, барлық мәселені осы кісі шешеді. ФИЛА-ның, халықаралық күрес федерациясының мүшесі. Тұрлыханов «Самұрық-Қазынада» отырып, күрес федерациясын қаражатпен қамтамасыз етіп келеді.
Атақты балуанның ағасы Қ.Тұрлыханов ауыр атлетика федерациясына басшылық етіп келеді. Бұл спорттағы толағай қыз-жігіттердің жетістігіде толағай. Азия, Әлем чемпионаттарын айтпағанда, Олимпиада да топ жарып жүр. Лондондағы төрт алтын осыларға тиесілі. Дәулет мырзаның жұбайы Г.Тұрлыханова гандболдың басында отыр.
Қазақстанның экс-премьері, қазіргі Президент Әкімшілігінің жетекшісі К.Мәсімов – Қазақстан муай тай федерациясының президенті, Азия муай тай федерациясының төрағасы, әлемдік муай тай федерациясының вице-президенті. Мәсімов «федерацияны жақсы басқарғаны үшін» 2006 жылы муай тайдан «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болды.
Ал Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов бес жылдан бері нысана көздеу федерациясын басқарып келеді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Әбіқаев – волейбол федерациясының құрметті президенті. «Волейболдан Қазақстан президенті кубогын» өткізу идеясының авторы Әбіқаев волейбол қауымдастығын 2007 жылдан бері басқарады. Ұлы М.Әбіқаев – Қазақстанның автомотоспорт федерациясының жетекшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Қ.Келімбетов – 2007 жылдан бері Қазақстан велоспорт федерациясының басында. Келімбетовке дейін бұл федерацияны Қазақстанның алтыншы премьер-министрі Д.Ахметов басқарып келген. Келімбетов келгелі А.Винокуров Олимпиада чемпионы атанды, «Астана» велокомандасы асқақтап тұр.
2012 жылдың қыркүйек айында Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының төрағасы болып А.Мәмин екінші рет сайланды. Енді ол бұл федерацияны 2015 жылға дейін басқарады. Хоккей дамып келеді дегенмен, ҚХЛ-да «Барыс» тағы да плей-оффта ұтылса, еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы Сочи Олимпиадасына жолдама ала алмады.
Қаржы министрі Б.Жәмішев былтыр Қазақстан коньки федерациясының құрметті президенті қызметіне кірісті. Биыл бірінші рет конькимен жүгіру тарихында қазақстандық спортшы әлем чемпионы атанды. Д.Кузин 1000 метрге жүгіруден алтынмен апталды.
Әділет министрі Б.Имашев – қазіргі бессайыс, мәжіліс депутаты С.Үмбетов – көгалдағы хоккей, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы А.Сманқұлов – баскетбол, бас прокуратураның аппарат жетекшісі Ұ.Байжанов бадминтон федерациясын басқарады.
Атырау облысының жаңа әкімі Б.Ізмұхамбетов – Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті. Ол бұл қызметті мәжілістің вице-спикері болып жүргенде-ақ атқарған. Ал Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Ә.Бәйменов бүгінде тоғызқұмалақ ойнап жүр. Бірақ бұл айтқан шенділердің жұмысына ешқандай баға бере алмайсың. Өйткені бұл спорт түрлерінде ілгерілеу байқалмайды.
Осы мәселеге орай бірқатар спорт журналистері ой бөліскен еді.
Қанат БАЗЫЛХАН, «Хабар» телеарнасының спорт редакторы: Спорт федерациясын кім басқарса да ол сол спорт түрін жаксы білуі керек. Кезінде боксты Бекет Махмұдов басқарды. Қандай жетістікке жеттік! Бокс сүйерқауым оны жақсы біледі. Негізі спорттың ыстығына күйген, сол саланы жақсы білетін адам басқарғаны дұрыс. Шенеунік ақшасын берсін, жағдайын жасасын. Ал өзі вице-президент, құрметті президент деген қызметте отырсын.
Руслан МЕДЕЛБЕКТЕГІ, «Аламан» ұлттық спорт порталының бас редакторы: Шенеуніктердің басқаруына басы бүтін қарсымын. Министр, әкім, депутаттар өздеріне міндеттелген мемлекеттік қызметтерін жақсылап атқарып алсын. Олар спортқа көңіл бөлетін жағдайда емес.
Нұрғазы САСАЕВ, «Алаш Айнасы» газетінің Спорт бөлімі редакторы: Федерациялардың тізгінін шенеуніктерге ұстату амалсыздықтан. Қазір заманды ақша, дәуірді қаражат «билеп» тұр. Спорт федерациялары қаржыдан қиыншылық көрмес үшін шенеуніктеге жүгінуге мәжбүр боламыз. Сөзі өтетін беделді тұлғалар керек. Өкінішке қарай, бізде саясат пен бизнесте де ерен жетістікке жетіп жүрген спотшылар некен-саяқ. Серік Қонақбаев пен Дәулет Тұрлыхановтан басқа. Сондықтан дәл қазір спорт федерациялары тізгінін шенеуніктерге ұстатқанан ұтымды жол көріп отырған жоқпын. Бұл үрдіс қаншаға созылады, оны дөп басып айту қиын.
У.ҚОСАНБАЙ.