Суперлиганың құрылуы - футбол тарихындағы үлкен қателік болуы мүмкін бе?

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
19.04.2021, 04:37
Бұл турнирге клубтар трофей ұту үшін емес, ақша табу үшін қатыспақ.
Суперлиганың құрылуы - футбол тарихындағы үлкен қателік болуы мүмкін бе?

Бүгін әлеуметтік желілерде жанкүйерлердің көкейінде үлкен сұрақтар тудырған жаңа турнир туралы ақпарат пайда болды. Бұл - Еуропа Суперлигасы. Еуропадағы үздік бес чемпионаттың ішіндегі англиялық, испаниялық және италиялық клубтар бұл турнирдің құрылуына өз келісімін берді және жаңа турнирді жасырын түрде құруды жоспарлады. Яғни, бұл турнирге УЕФА мен ФИФА-ның ешқандай да қатысы болмайды.

Ресми емес мәліметтер бойынша, жаңа турнирге қатысатын 20 команда 10 командадан тұратын екі топқа бөлінеді. Командалар Суперлиганың бір маусымында 18-23 матч өткізеді. Суперлигаға қосылған клубтардың әрқайсысы 350 миллион еуродан алады деп күтілуде.

Чемпиондар Лигасының ақтың кезеңіне жолдама алып, чемпион атанған команда 120-140 миллион еуро көлемінде пайда табатыны көпке белгілі. Ал Суперлигада чемпион атанбай-ақ 350 миллион еуроны қалтаға басуға болады екен. Бұл өз кезегінде клубтар арасындағы бәсекелестікті төмендетіп, ақшаға деген қызығушылықты арттырады.

Ал УЕФА Еуропа Суперлигасының құрылуы туралы мынандай мәлімдеме жасады.

"УЕФА, Ағылшын Футбол Ассоциациясы (FA), Англия Премьер-лигасы, Испания Корольдігінің Футбол Федерациясы (RFEF), Ла Лига, сондай-ақ Италия Футбол Федерациясы (FIGC) және А Сериясының басшылығы бірнеше клубтардың Суперлига деп аталатын жаңа турнирді жасырын түрде құруды жоспарлап отырғанын білді.

Егер бұл орын алса, біз жоғарыда аталған ұйымдар, сондай-ақ ФИФА және біздің барлық қауымдастықтар бірнеше клубтардың жеке мүдделеріне негізделген осы қитұрқы жобаны тоқтату үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін тағы бір рет айтқымыз келеді.

Біз бұл тұста барлық шараларды қарастырамыз - сотта да, спортта да Суперлиганың құрылмауы үшін барымызды саламыз. Футболдың негізін адал бәсекелестік пен спорттық құндылықтар құрайды.

Бұған дейін УЕФА мен алты федерация мәлімдегендей, Суперлигаға қатысуға келіскен клубтардың ұлттық, еуропалық немесе жаһандық деңгейдегі кез-келген жарыстарға қатысуына тыйым салынады және олардың ойыншыларына өз құрамаларының атынан шығу мүмкіндігі берілмейді.

Біз басқа елдердегі клубтарға, әсіресе осы жобаға қатысудан бас тартқан франциялық және германиялық клубтарға алғыс айтамыз. Біз барлық футбол жанкүйерлерін және саясаткерлерді осы жобаны тоқтату үшін бізбен бірге болуға шақырамыз.

Бір топ адамның бұл жобаға жеке қызығушылығы тым ұзаққа созылды. Барлығының шегі болуы керек", - делінген УЕФА-ның ресми сайтында.

The New York Times басылымы хабарлағандай, Суперлигаға қатысуға 12 клуб өз келісімін берді:

  • "Манчестер Юнайтед";
  • "Манчестер Сити";
  • "Ливерпуль";
  • "Арсенал";
  • "Челси";
  • "Тоттенхэм Хотспур";
  • "Реал Мадрид";
  • "Барселона";
  • "Атлетико";
  • "Ювентус";
  • "Интер";
  • "Милан".

Жаңа турнирге қатысудан бас тартқандар арасында "Бавария", "Боруссия Дортмунд" және "Пари Сен-Жермен" секілді клубтар бар. Суперлигаға қатысқан жағдайда УЕФА дәл осы клубтарды еуропалық жарыстан шеттетуі мүмкін, сондықтан аталған командалардың басшылығы тәуекелге барғысы келмеді.

Соңғы ақпараттарға сүйенсек, бұл жобаның құрылуына түрткі болған адамдардың бірі Флорентино Перес екен. "Реал Мадридтің" президентіне басқа клубтардың басшылары да көмектескен көрінеді. Олардың ішінде Стэн Кронке ("Арсенал"), Андреа Аньелли ("Ювентус"), Джон Уильям Генри ("Ливерпуль") және Джоэл Глэйзер ("Манчестер Юнайтед") секілді беделді тұлғалар бар. Егер "Бавария" мен ПСЖ бұл жобаны қолдағанда, жаңа турнирдің құрылуына ешкім де кедергі бола алмас еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×