Талғат Байсуфинов: «Біз ешкімнен қорықпай, заманауи ойын көрсетуге ұмтыламыз»

07.09.2021, 14:44
Қос команданың жеңіске жететін мүмкіндігі бірдей дейді Маруаұлы.
Талғат Байсуфинов: «Біз ешкімнен қорықпай, заманауи ойын көрсетуге ұмтыламыз»

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов ойын алдында баспасөз мәслихатын өткізді.

- Талғат Маруаұлы, ертеңгі туралы ойыңызды айтып өтсеңіз...

- Армысыздар! Ертеңге ойынға әдеттегідей дайындық жүргізіп жатырмыз. Жарақат алған футболшылардың барлығы қатарға қосылып, ертең мықты құрамды алаңға шығарамын деп сенемін. 

- Қай команда фаворит болады деп ойлайсыз? Қазақстан ба, әлде Босния ма?

- Ойын алдында екі команданың көңіл-күйі бірдей. Сондықтан 50 де 50 деп ойлаймын. Барлығы дайындыққа байланысты. Қай команданың дайындығы жақсы, сол ұжымның мерейі үстем болады. Егер біз ертеңгі ойында өзіміздің ойластырған барлық жоспарымызды іске асырсақ, жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. 

- Босния құрамасы туралы не айта аласыз?

- Негізі бұл сұраққа Бақтиер Зайнутдинов жақсы жауап берді. Босния және Герцоговина құрамасында мықты футболшылар көп. Ішкі және шет елдік біріншілікте өнер көрсететін аяқдопшыларыңыз бар. Барлығының деңгейі жоғары. Сондықтан да ұлттық құрама мықты ойын көрсетеді. Дегенмен біз бұған назар аудармаймыз. Бастысы ертең біз өз ойынымызды көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізуіміз керек. 

- Қазақстан құрамасының соңғы ойындарын көрдік. Жақсы жасақталған. Ойындарыңыз да қойылған. Ертең Сіздің құрамаңыз қандай ойын көрсетеді?

- Рақмет. Біздің құрама жас. Енді жасақталып жатыр. Кейбір футболшылар ұлттық құрама сапында бірінші ойындарын өткізді. Біз әлі де өсуіміз керек. Жаттығу жұмыстарында комбинациялық футбол ойнауға әрекет етіп жатырмыз. Босния секілді мықты қарсыласпен ойнап, тағы біраз тәжірибе жинаймыз. Бірақ ертең тек қорғанып жатпаймыз. Біз лайықты қарсылық білдіргіміз келеді. Себебі, қарсылас мықты ұжым. Тағы қайталап өтейін, ертең біз тәртіпті, жаттығуда жасап жүрген футболды көрсетуге тырысамыз. Егер тәртіпке бағынып ойнасақ, нәтиже жақсы болады. Жігіттердің барлығы жақсы дайындықтан өтті. Қарсыласымызды зерттедік. Енді тек алаңға шығып, замануи футбол көрсетіп, нәтиже шығару қажет. 

- Қазақ жанкүйерлері ертеңгі ойыннан қандай нәтиже күтеді? Қандай нәтижеге көңілдері толады?

- Біз әр ойынға тек жеңіске жету үшін шығамыз. Сондықтан жанкүйерлеріміз, отандастарымыз тек жақсы нәтиже күтеді. Жақсы нәтиже талап етеді. Әрбір құраманың жанкүйерлері секілді олар да жақсы нәтиже талап етеді. Біз сол жақсы нәтиже көрсету үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×