Талғат Байсуфинов: «Павлодарға футбол қайта оралатын болады»

09.08.2020, 19:52
«Ақсу» командасына биыл 45 миллион теңге бөлінген болатын.
Талғат Байсуфинов: «Павлодарға футбол қайта оралатын болады»

Қайта құрылған «Ақсу» футбол клубының ойыншылары ашық ауада бірінші жаттығуын өткізді. Қазақстандық жаттықтырушы Талғат Байсуфинов Павлодар футболын әрі қарай дамыту жөніндегі ойымен бөлісті.

Талғат Байсуфинов әңгімелеп бергендей, жақында әріптесі Юрий Ишутин екеуі облыстық футбол федерациясы басшылығымен кездесу өткізген екен. Кездесу барысында мамандар Павлодарда футболды дамыту жоспарлары туралы айтқан екен.

- Кездесу барысында Павлодарға үлкен футболды қайтарудың бір амалы – «Ақсуды» Екінші лига арқылы Бірінші лигаға, әрі қарай Премьер-лигаға шығарудың жай-жапсары талқыланды, - дейді Талғат Байсуфинов. - Мақсатымыз – қысқа уақыт ішінде Павлодарға үлкен футболды қайтару. Әрине, біз осы межені бағындыруға мүдделіміз және ол үшін бар күшімізді саламыз.

Бұл мақсатқа жету үшін «Ақсу» құрамы, сөзсіз, күшейтілуі тиіс. Осы орайда командаға Никита Калмыков, Павел Шабалин, Константин Заречный, Михаил Голубничий және Александр Балаев сынды тәжірибелі ойыншылар шақыртылды. Оларға «Арман» ЖФК ойыншылары Игорь Демешко мен Асқар Әжікенов келіп қосылды. Қазірде командада Владислав Чернышов пен Салман Чапанов секілді тәжірибелі ойыншылар да жүр.

- Негізінен павлодарлық футболшыларға сенім артылатын болады. Өз жанкүйерлерімізді ұмытпай, Павлодар футболының өлмегенін көрсетуіміз керек. Сол себепті командаға бірқатар тәжірибелі футболшыларды тарттық. Оған қоса командадағы жас, дарынды футболшылардың шеберлігін шыңдауға да баса назар аударылмақ.

Бүгінде ұзақ мерзімге созылған үзілістен соң команда топтық жаттығуларға кірісті. Барлық карантиндік шаралары сақталған.

- Қазіргі кезде бастысы – жігіттерді физикалық тұрғыдан нығайтып, бабына келтіру. Жүгірістер мен доппен орындалатын жеңіл жаттығуларды алмастырып ұйымдастырудамыз. Футболшыларға бірден жүк түсіруді ешкім қаламайды. Осындай режимде бір аптадай жұмыс істеп, әрі қарай жаттығуларды күшейтеміз. Барлық жаттығулар дене шынықтыру жөніндегі бапкердің нұсқауымен өтіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, "Ертіс" футбол клубы Қазақстан чемпионатынан шеттелгеннен соң Павлодар футболын «Ақсу» командасы арқылы дамыту бойынша шешім қабылданды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×