«ТАРАЗ» - КӨП КОМАНДАҒА ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ ҰЖЫМ

05.05.2015, 21:50
«ТАРАЗ» - КӨП КОМАНДАҒА ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ ҰЖЫМ
кожагапКеше Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Жамбыл облысы және Тараз қаласы футбол қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесуге танымал футболшылар Сейілда Байшақов, Нұркен Мазбаев, Фархад Мирсәлімбаев, Вячеслав Хван, Христофор Каскениди, сондай-ақ бапкерлер мен жанкүйерлер жиылды. Іс-шара барысында ҚФФ басшысы Ерлан Тоқтарханұлы елімізде футболдың 2022 жылға дейінгі даму бағдарламасының жобасын ұсынды. Бұл бағдарламаның басым бағыттарының бірі – елімізде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту. Жоспарды жүзеге асыру үшін әрбір аймақта футбол академияларын ашу, сонымен қатар футбол орталықтарының санын көбейтіп, балалар бапкерін заманауи технологиялармен оқыту көзделуде. -Қазақстанда талантты спортшылар көп. Біздің мақсат – сол таланттарды табу, келешекте еуроареналардан көріну үшін оларға оқуға мүмкіндік беру, ең бастысы – Ұлттық құраманы өрге сүйрейтін талантты футболшылардың мол болуы, - деді Ерлан Қожағапанов. Сондай-ақ, ҚФФ президенті футбол ардагерлері мен бапкерлермен қазақ футболындағы түрлі мәселелер төңірегіндегі сауалдарды талқылады. Барлығы бірауыздан инфраструктураны дамыту және балалар бапкерінің деңгейін жоғарылату қажет деген байламға келді. -Жыл бойы футболмен шұғылдану үшін климатқа сай Қазақстанда төбесі жабық алаңдар соғу қажет, -  деген Ерлан Қожағапанов:  -Бізге жаңа залдар мен алаңдар керек. Білікті балалар бапкерін оқытып, олардың санын арттыру уақыт талабы. Қазір Қазақстанда «С» категориялы 195 маман болса, жеті жылдан кейін олардың саны 10 есе көбейеді. Бұл өте маңызды. Себебі, ойыншылар футболдың қыр-сырын бала кезден қабылдайды. Қандай сабақ алса, болашақта соның арқасында футболшы болып қалыптасады. Бапкер не үйретсе, соны санасына тоқиды, - деді. Осындай жиындар барлық аймақтарда өтеді деп жоспарлануда. 5 мамыр күні аталмыш шара Шымкентте өтті. Тараздағы жиыннан кейін Қызылордаға аттанды. Бірнеше күннен соң Алматыда жалғаспақ. *** 465ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов Жамбыл облысына сапары барысында өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевпен кездесті. Кездесуде алдағы уақытта аймақта футболды дамыту мәселелері талқыланды. Кәрім Нәсбекұлы өз кезегінде облыс спортының жетістіктері және жоспарлармен бөлісті. -Жамбыл облысы қашанда талантты футболшылардың ордасы болып есептеледі. Қазақстан клубтары мен ұлттық құрамамызда  Жамбылдан шыққан ойыншылар көптеп кездеседі. Бүгінде 22 мың бала футболмен шұғылдануда. 100-ден аса алаң бар. Бұл сандар келешекте арта түсетініне сенімдімін, - деген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев елімізде футболдың дами түсуіне тараздық футболшылардың қосар үлесі зор болатынына үміті мол екендігін жеткізді. Кездесуді қорытындылай келе, Ерлан Қожағапанов жергілікті футбол клубы жайлы: -«Тараз» командасының құрамында 10 бірдей жергілікті ойыншылар ойнайды. Бұл көптеген футбол ұжымдарына үлгі етуге тұрарлық, -деді.

 Н.МАРАТҰЛЫ,

Тараз

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×