«Тараздың» тегеуріні «Тобылды» теңселтті

21.05.2012, 08:40
«Тараздың» тегеуріні «Тобылды» теңселтті

Әр тур сайын турнирлік кестеге өзгерістер енуде. Демек бұл әлі де болса ішкі біріншілігіміздің осы маусымда тұрақталып, лидерлерінің анықтала алмай жатқанының белгісі. Өйткені биылғы біріншілікте легионерлерін енді ойынға кірістіре бастаған ұжымдар сол сырттандардың жемістерін енді көре бастаған секілді. Ал, сегіз легионерді маусымаралық үзілісте қосындарына шақыртқан Қазақстандық командалар амалсыз сол ойыншылардың ел жасыл алаңдарына үйренісуін күтуде.

 

Хайруллин маңызды голдардың авторы

«Ақтөбе» — «Атырау» 1:0 (0:0) Гол: Хайруллин 56 (1:0) «Ақтөбе»: Сидельников, Бадло, Костич (Илич 6), Смақов, Байер, Хайруллин, Вукайлович (Евстигнеев В. 76), Логвиненко, Климавичюс, Малетич, Қуат (Лисенков 46) «Атырау»: Бойченко, Чуреев, Сараев, Куцов, Тркуля (Сигурдссон 74), Овшинов, Миланкович, Семенов (Шалекенов 74), Родионов, Данилюк (Фомин 63), Шафф Төрешілер: Сламбеков 20 мамыр. Ақтөбе. «Центральный». 9000 көрермен. Осы турда батыстың қос команда өзара күш сынасып, мықтыны анықтады. Қанша шабуылдап қонақтарды қақпа алдында әбден қинаған алаң иелері көпке дейін гол соға алмай әлек болды. Бірінші таймда Бойченко қорғаған қақпаның кілті ашылмады. Өткен маусымдарда «Ақтөбе» намысын қорғаған Бойченко бұл жолы өзінің бұрынғы әріптестеріне қарсы өткен кездесуде толықтай көрінуге мүмкіндік алған сияқты. Мұқанов бапкер бұл қақпашының өнеріне осы ойында жақсылап баға бере алатындай жағдайда болды. Өйткені «Атырау» қақпашысы алаң иелерінің жойқын шабуылдарына тегеурінді тойтарыс беріп отырды. Өткен жылы Ұлттық құрама команда сапында жарқ етіп көріне шыққан Марат Хайруллин биылғы жылдың футбол маусымын керемет бастаған болатын. «Ақтөбе» үшін салған голдарының барлығы маңызды болып, жергілікті жанкүйерлердің алдында Мараттың абройы асқақтап тұр осы күндері. Бұл жолы да маңызды үш ұпайды еншілеу үшін Хайруллиннің еңбегі көмегін тигізді.  

Тәуекел түбі жел қайық...

«Сұңқар» — «Шахтер» 0:2 (0:0) Голдар: Финонченко 85 (0:1), Кукеев с пенальти 90+3 (0:2) «Сұңқар»: Пасеченко, Сабыров, Нахунек, Амерсеитов, Тонев, Молдағалиев (Никезич 88), Халмұратов, Андреев, Цветкович, Тұрысбек (Сүйінов 78), Бөлешев «Шахтер»: Мокин, Тарасов, Габышев (Көкеев 71), Джидич, Василевич, Киров, Байжанов (Парываев 76), Каньяс, Хижниченко, Финонченко (Досманбетов 89) Төрешілер: Дүзмәмбетов (Өскемен) 20 мамыр. Алматы. «Динамо». 1000 көрермен. Соңғы алты ойында гол жібермеген «Сұңқар» осы кездесуде де нөлмен кететін мүмкіндікке ие болып тұрған. Бірақ қаскелеңдіктер артық қыламыз деп тыртық қылып алған сияқты. Қорғанысты ұстап, көбінесе тең ұпайға жармасқысы келген команда екінші таймның соңына таман ойы өзгеріп, шабуылға шыға бастады. Ойнап жүріп от басты деген осы екен. Қарымта шабуылдардан «Шахтер» есеп ашатын мүмкіндіктер жасай бастады. Шабуылдың дәмін сезген алаң иелері соңына дейін тәуекелге барып бір гол соғуды мұрат тұтты. «Тәуекел түбі жел қайық, өтерсің де, кетерсің» демекші бір доп соғып, қайтадан қорғанысқа жатып қалуды көздеген «Сұңқар» ойлағанына жете алмады. Чемпионның аты әрқашан чемпион емес пе? Аджин Джидич бұрын шабуылшы болғанын еске алып, алға ұмтылды. Орталыққа қарай асырған пасын керемет пайдаланған Хижниченко Финонченкоға гол соғатын ұрымтал жағдай жасап берді. Ойын бойы мардымды ештеңе тындырмаған Андрей артық салмақ қосқанымен де осы пасты голға айналдыра алатындай жағдайда екен. Осы арада ойынға араласа кеткен Жамбыл Көкеев «Манчестер Юнайтедтің» жартылай қорғаушысы Луиш Нанниге ұқсап қаптал арқылы жылдам шабуылдар ұйымдастыра бастады. Көп жанкүйерлер оны сырт келбетіне де қарап «нағыз Нанни» екен деп те жатты. Кеншілердің мақтанышына айналып жүрген Жамбыл бұл жолы да өзінің белсенділігімен танылды. Айып алаңына кіріп келе жатып оған қарсы ойын тәртібі бұзылды. 11 метрлік айып добын орындаған Көкеев кеншілер жеңісін осылайша бекіте түсті.   

«Бауыржандар» триосы

«Тараз» — «Тобыл» 1:0 (0:0) Гол: Перич 51 (1:0) «Тараз»: Цветков, Мехмедович, Перич (Пртенияк 72), Лечич (Кенбаев 89), Вукман, Диакате, Кучма, Шабаев, Кургулин, Исламхан, Сергиенко (Бауржан 90+1) «Тобыл»: Рихард, Концевой, де Соуза, Богданов, Аверченко, Бугаев (Малышев 77), Шливич, Жұмасқалиев, Волков, Жолшиев Төрешілер: Қарлыбаев (Орал). 20 мамыр. Тараз. Центральный. 7000 көрермен. «Тараз» командасы өз алаңында ұтылмаған ұжым. Ұтылмағаны былай тұрсын, тең ойнамаған да. Әулиеатаға келген қонақ команда осылайша тек қана жеңіліспен қайтады екен. Осы дәстүрді «Тобыл» ойыншылары бұзғысы келді. Ал дәстүрді аттағысы келгендер Әулиелі жерде жеңіліске ұшырауда. Бұл ойынға қостанайлықтар сапында қорғаушы де Соуза алаңға шықты. Гол соққыш қорғаушы соңғы кездері жарақатынан енді айығып келе жатқаны бар-тын. Қырғызстаннан көшіп келген Жолшиев осы күні ел футболында жақсы қырынан көрініп жүр. Мергендер қатарында да аты шықты. Бірақ қорғанысты бірінші кезекте ойлайтын Любко Петрович командасы Бауыржанға мүмкіндік бермеді. Ал Бауыржанға толы команда «Тараз» Исламхан мен Шерхан Бауыржанды орталық алаңда оңынан пайдалана білді. Алыстан бағыттайтын жойқын соққы, орталық алаңда еркін суретшінің міндетін атқару, алысқа бағытталатын паралель, көлденең пастар бұл осы командадағы Бауыржандардың өзге ойыншылардан айырмашылықы десек болады. Осы ойында қайта «Тараз» сапындағы тағы бір жұлдыз Бауыржан Байтана алаңға шыға алмады. Жақын арада жарақатынан айықса онда Бауыржандар триосы жасақталып, «Тараз» одан әрі күшейе түспек.  

Қайсарлықтан қаспақ қалды

«Қайсар» — «Астана» 0:1 (0:0) Гол: Дмитренко 78 (0:1) «Қайсар»: Джоджо, Абдулин, Балтаев, Црногорац, Шмаков (Кашкавал 82), Эсатов, Анарметов, Сыздыков, Молдақараев (Стахив 67), Сытник, Тағыберген (Нәрзілдаев 82) «Астана»: Эрич, Әлиев, Рожков, Дмитренко, Лазаревски, Нөсербаев (Дикэ 87), Шахметов, Кристиан, Қонысбаев (Кетевоама 73), Остапенко, Гридин Төрешілер: Гороховодацкий (Алматы) 20 мамыр. Кызылорда. Ғ. Мұратбаев ат. стадион. 5000 көрермен. Қызылордалық жанкүйерлер «Қайсардың» енді-енді тіріле бастағанын байқағандай болып еді. Өткен турлардағы сәттілік бұл жолы оларға көмекке келмеді. Мирослав Беранек баптайтын «Астана» командасы әрбір турда барынша ұпайды көбірек жинауды мақсат тұтқан. Сондықтан да алдынан шыққан қарсыласқа қолдан келгеннің барлығын қолдануға даяр тұр. Жас қорғаушы Дмитриенконың бұлайша пайдасы тиеді деп астаналықтар еш ойламағанымен де, маңызды үш ұпайды қоржынға салған осы ойыншы. «Қайсардың» қайсарлығынан қаспақ қана қалған сияқты. Кезінде әжептәуір өнер көрсетіп, жергілікті ойыншыларымен мақтанып жүрген ұжымға кім келіп көмек қолын созар екен. Ал маусым ортасындағы трансферлік терезе ашылуға күн жақын.  

«Қайратқа» керегі шабуылшы

«Ақжайық» — «Қайрат» 1:2 (0:0) Голдар: Саджо 60 (1:0), Недашковский 85 (1:1), Йованович 86 (1:2) «Ақжайық»: Цирин, Әлиев (Мальцев 90), Хлебоун, Валканов, Омаров, Эрбес, Коструб, Стойчев (Семлер 59), Зенькович, Зотов, Саджо «Қайрат»: Нұрмұхаметов, Гурман, Воротников, Харабара, Левин, Дафф (Яковлев 90+), Шестаков, Недашковский, Мамонов, Кнежевич (Сахалбаев 71), Йованович Төрешілер: Хисамутдинов, 20 мамыр. Орал. АОФК «Ақжайық». 6000 көрермен. Кішігірім сенсация деп бағалауға болатын нәтиже. Кім ойлаған, өз күнін әрең көріп жүрген «Қайратты» сырт алаңда «Ақжайықты» ұтады деп. Бірақ бұл футбол. Доп домалақ, алаң жазық. Олег Недошковский шынында да «Қайрат» ойынына әр беріп жүр. Өткен маусымда «Тараз» сапында ойнаған жартылайқорғаушы өзінің пайдалылығын енді көрсете бастаған сияқты. Огайдың ойында болған бұл ойыншылар өздерін енді жақсы қырынан танытты. Мүмкін жақын арада басқалары да шығып қалар. Бас бапкердің айтуынша «Қайрат» маусым арасындағы үзілісте шабуылшылармен толығып қалуы әбден ықтимал екен. Өйткені сенім артылған шабуыл өтінің ойыншылары әзірге толықтай көріне алар емес. Екінші голды соққан команда капитаны Неманья Иованович осыдан кейін өзіне сенімділік алатын шығар.

Бапкер ауысқанымен, ойын ауыса алар емес

«Жетісу» — «Оқжетпес» 1:0 (0:0) Гол: Марич 90+3 (1:0) «Жетісу»: Логиновский, Михайлов, Даутов, Мұқанов, Коробов, Мұжықов, Джалович, Скорых, Цветкович (Марич 80), Щеткин (Нұрғалиев 46), Юнузович «Оқжетпес»: Осипчук, Чудинов, Милованович, Чучман, Кожушко, Дяк, Янкеп, Чеботарь, Махамбетов (Кучма 88), Чагелишвили (Якименко 80), Досмағамбетов Төрешілер: Алешин (Павлодар). 20 мамыр. Талдықорған. «Жетісу». 1500 көрермен. Асқар Қожабергенов орнынан кетісімен Слободан Крчмаревич «Жетісу» командасының бас бапкері болып тағайындалған болатын. Қазақстан жастар құрама командасының бапкері жастарды көбірек алаңға шығарып жаңа командасымен алғашқы жеңіске жетті. Егер осы ойында «Жетісу» жеңе алмағанда онда бапкерлер ауыстыру дәстүрі одан әрі де жалғаса берер ме еді? Өйткені осы күні «Оқжетпеске» ұпай беріп қойып жатқан командалардың бас бапкерлері берден орындарынан кетуде. Мысалға Олег Протасов.   

Қара маржан қаһарман

«Ордабасы» — «Ертіс» 2:1 (1:1) Голдар: Бақаев 16 (0:1), Мвесигва 25 (1:1), Мвесигва 53 (2:1) «Ордабасы»: Бекбаев, Ырысметов (Гуйе 69), Мвесигва, Трайкович, Пахолюк (Адырбеков 86), Карпович, Әшірбеков, Касьянов, Қожабаев, Тәжімбетов (Бейсенов 89), Арури «Ертіс»: Лория, Кулибали (Чернышов 57), Кучера, Шомко, Отабаев (Пархамчук 87), Иванов, Юрин, Әлиев, Струков (Шабалин 65), Эссомба, Бақаев Төрешілер: Холматов, (Қызылорда) 20 мамыр. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 7500 көрермен. «Ордабасы» өзінің Еуропа лигасы аясында өткізетін ойындарын Шымкентте өткізе алмайтын болды. Бұл жайында ҚФФ сайтында мәлімде жасалған. Клуб басшылары мен стадион әкімшілігі өздерінен талап етілген шараларды іске асырмаған болып табылды. Енді шымкенттік команда өз алаңындағы ойындарын Астана немесе Алматы қалаларындағы стадиондарда өткізіп қалуы әбден ықтимал. Сондай-ақ, Еуропа лигасында өнер көрсететін «Жетісу» командасының да стадионы толықтай лицензияланудан өтпеген. Енді УЕФА өкілдерінің шешімі шығарылған соң, команданың еурокубоктардағы өз алаңындағы ойындарын қайда өткізетіні белгілі болмақ. Ал егер «Жетісу» командасы да Алматыдағы Орталық стадионда ойнайтын болатын болса, онда «Ордабасы» өз кездесуін Астанада ойнап қалуы да ықтимал. Елбасы сыйлаған автобуспен қатынап жүрген «Ордабасы» осы ойынға өте қатты дайындалды. «Ертісті» жеңу бұл ұжым үшін әрқашан да қиындықтар тудыртқан екен. Алдымен Ұлықбек Бақаев есепті ашып, қонақтарда алға жетелеген болатын. Бірақ, сағы сынбаған жергілікті аяқдопшылар Эндрю Мвесигваның арқасында екі гол соғып, жеңісті жұлып әкетті.

 

Футбол. Премьер-лига

 

О

Ұ

Т

Ұ

Д

Ұ

1

«Тобыл»

11

7

2

2

20 - 11

23

2

«Шахтер»

11

7

1

3

19 - 8

22

3

«Тараз»

11

7

1

3

12 - 10

22

4

«Ордабасы»

10

5

4

1

15 - 8

19

5

«Ақжайық»

11

6

1

4

18 - 13

19

6

«Ертіс»

11

5

3

3

20 - 12

18

7

«Ақтөбе»

11

5

2

4

14 - 8

17

8

«Қайрат»

11

4

3

4

12 - 14

15

9

«Астана»

10

4

2

4

11 - 13

14

10

«Атырау»

11

3

3

5

9 - 12

12

11

«Сұңқар»

11

2

5

4

4 - 10

11

12

«Қайсар»

11

3

1

7

9 - 16

10

13

«Жетісу»

11

3

0

8

13 - 23

9

14

«Оқжетпес»

11

1

0

10

8 - 26

3

 

Мергендер:

Г (П)

1

Джолчиев Бауыржан «Тобыл»

7 (0)

2

Юнузович Эдин «Жетісу»

5 (0)

3

Лечич Мирослав «Тараз»

5 (0)

  XII тур 27 мамыр (жексенбі) Шахтер – Қайрат Ертіс – Ақжайық Тобыл – Ордабасы Оқжетпес – Тараз Атырау – Жетісу Астана – Ақтөбе Сұңқар – Қайсар   Гол+ пас «Қайсарға» жаңадан келген Никитенко әзірге жағдайды жөндей алар емес. Десе де бұл командаға да, бапкерге де уақыт қажет. Ал маусым аралық трансфер терезесінде Огай бапкердің кімді шақыртатыны қызығушылық тудыртып отыр. Сыбыстарға сенсек аты танымал, мықты бір шабуылшы Алматыға келіп қалуы әбден ықтимал секілді. «Жетісудан» кеткен Асқар Қожабергенов осы күні «Сұңқарға» көмекке келген сияқты. Алмас Құлшынбаев пен Владимир Гульямхайдаровтардың жұмысына Қожабергенов тыңнан жаңалықтар әкелетіні сөзсіз.

Ермұхамед МӘУЛЕН

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×