«Таразға» не жетіспейді?!

25.06.2013, 06:13
«Таразға» не жетіспейді?!

лечичИә, «Таразға» не жетіспейді осы? Команда құрамы сақа спортшылармен жасақталған ба? Жасақталған! Еуропа биігін бағындырған бапкер келді ме? Келді! Облыс басшысы футболға жағдай жасап жатыр ма? Әрине! Клубтың талапқа сай тамаша базасы да бар. Жаттығу жасайтын жасыл алаңның жағдайы мәз деуге тағы болады. Былтыр біріншілікті турнир кестесінде төртінші болып тәмамдаған «Тараздан» биыл көпшілік көңіл көншітерлік нәтиже күтті. Бірақ жетінші турдан бастап төмен қарай судай сырғыды.

Соңғы он турда мүмкін болған отыз ұпайдың тек бірін ғана еншілеген жамбылдық команда өз жанкүйерлерінің алдында сүйкімсіз күйге түсті де қалды. Чемпионат шымылдығы түрілген тұста «Тараз» биыл Еуропа лигасының есігін теуіп ашады деушілер болмады емес, болды. Алғашқы турлардағы аяқ алысқа көңіл де толды. Былтыр алғашқы жеңілісті кеншілер қаласының «Шахтерінен» тапқан. Биыл да тап солай. Дегенмен өткен маусымда сәтсіздіктер сериясы мұншалықты созылмаған болатын. Кестеде «Ақжайықты» артқа тастап келеміз деу бекершілік. Аталған командадан ойыншыларының жалақысын уақтылы төлемегендіктен алты ұпай шегерілген. Соған қарамастан дәл қазір «Тараздан» бір ғана ұпай айырмасымен қалып келеді. Ал соңғы екі сатыны еншілеген ұжымдар төменгі лигаға «лағып» кететіні түсінікті. Алда алты тур бар. Алтауында да жеңіске жетіп, жоғары тұрған командалар сәтсіздікке ұрынса ғана премьер лиганың жүлдесіне таласу құқығына ие болмақ. Басқаша болған күнде жоғарғы біріншілікте қалу қуанышына ие болу үшін тер төгеді. Барлық дерлік жағдайы жасалған команданың мұндай бейшара хәлге түсуін түйсігім түсіндіре алмайды.

Әйтеуір, әр өкініштің бір қуанышы болады демей ме... «Тараз» кубоктық кездесулерде қарсыластарын айқын ұтып келеді. Бірінші кездесуінде «Қызылжардың» қақпасына үш, онан соң Теміртау қаласының «Болат» командасына екі, жартылай финалға жолдама берер сәтте «Ақжайықтың» қақпасына жауапсыз үш голды тоғытқан «тараздықтар» ендігі үш кездесуде осы білгенінен жаңылмаса Кубокты талассыз жеңуі тиіс.

Нұржан ТУҒАНБАЙ

«Жамбыл Спорт»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×