Теңбіл доп теуіп ерледі

06.08.2011, 11:38
Теңбіл доп теуіп ерледі
«КазКА» Қазақстан кәсіпкерлерінің ассоциациясы 2011 жылы 1 шілдеде  футболдан турнир өткізді. Оған қатысушы 30 команданың арасында «KazEnergy» ассоциациясының атынан түскен  «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының командасы  бірінші орынды жеңіп алды. Турнир Алматы қаласындағы «Football Land» футбол орталығының алаңдарында өтті. Бәсекеге түскен футболшылардың өнерін тамашалауға жан­­күйерлермен бірге жұртшылық та көп жиналды. Сонымен іле-шала «ҚазТрансГаз» АҚ командасы үстіміздегі жылдың 30 шілдесінде Gazprom Germania компаниясының шақыруымен Берлин қаласында өткен халықаралық футбол сайысына сап түзеп сынға түсті. Оған жеті мемлекеттен келген 12 команда қатысты. Атап айтар болсақ, олар Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Ресей, Түркия, Қазақстан және Чехия тәрізді елдердің командалары еді. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының командасы бұл турнирге тұңғыш рет қатысып, табан тірескен тартыста үшінші орынды жеңіп алды. Жігіттеріміз теңбіл доп теуіп ерледі. Жерлестеріміз жартылай финалда FC Schalke 04 (Шальке 04) командасынан 0:1 есеппен ұтылғанына қарамастан, 3-ші орынға таласқан матчта Hertha (Герта) командасын 3:0 есебімен жеңіп шықты. «ҚазТрансГаз» АҚ командасының ойыншысы Ерлан Оразаев додалы жарыста шалт қимылдап айшықты ойын өрнегімен ерекшеленіп, қақпаға доп соғушы ең үздік сұрмерген деген  атақты қанжығасына байлады. Атап айтатын бір жайт,      «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы 2000 жылы мұнай-газ саласындағы жұмыстарды жүйелендіру үшін құрылған болатын. Компания қа­зіргі уақытта газ барлау, өндіру, тасымалдау және бөлу кезінде активтерді  корпоративтік басқару бойынша қызметті жүзеге асырады. «ҚазТрансГаз» АҚ ком­паниялары тобының құрамына газ өндіруші, тасымалдаушы және сатумен айналысатын, сонымен бірге оның өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар мен сервистік қызметтер көрсетуші ұйымдар кіреді. Іргелі де күрделі жұмыстар атқарып отырған компания еншілес және салалас кәсіпорындарының әлеуметтік мәселесіне де әрдайым назар аударып келеді. Соның нақты айғағындай – жұмыскерлердің әлеу­­меттік-мәдени тіршілігі жылдан жылға жақсару үстінде. Саламатты өмір салтын қалыптастыруды дәстүрге айналдырған компанияның сауапты ісі өркен жайып, өрісі кеңейетіндігіне шүбә жоқ. Марат АҚҚҰЛ.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×