Тобыл» чемпиондық тәжімен қоштасты

04.08.2011, 04:45
Тобыл» чемпиондық тәжімен қоштасты
Ел чемпионы «Тобыл» чемпиондық тәжін біржола шешті. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша, аутсайдерлер қатарынан орын алған қостанайлықтар премьер-лигада қалу үшін жанталасатындардың қатарына қосылды. Демалыс күндері Қазақстан премьер-лигасы бірінші кезеңінің соңғы туры өтіп, жүлдеге таласатын алтылық пен аутсайдер алтылық толығымен анықталған. Негізі, 10 команданың жайы бұған дейін-ақ белгілі болып қойғанымен, өткен жылғы ел чем­пио­нының тағдыры соңғы турда ғана ше­шілді. «Тобыл» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабыл­даған. Ойынға дейін бір ұпайы артық болған шымкенттіктер алда болғанымен, қостанайлықтар өз алаңында есе жібермей, өздеріне керек нәтижеге қол жеткізер деп ойлағанбыз. Бірақ Сергей Петренко шәкірттері 6000 жанкүйерінің алдында масқара болып, 1:3 есебімен тізе бүкті. Ойын бастала са­лы­сы­мен-ақ қонақтар шабуылға көшіп, 8-минутта Дәуренбек Тәжімбетов есеп аш­қан. Артынша Касьянов пенальтиден есепті еселеді. Үзіліске дейін «Тобылдың» жаңа легионері Роберт Зебелян допты баспен соғып, есепті қысқартқан. Алайда үзіліс­тен кейін «орда­басылықтар» тағы бір гол соғып, матч тағ­дырын толығымен шешті. Иә, «Тобыл» – «Ордабасы» кездесуі тур­дың тағдырлы кездесуі болды. Ал ор­та­лық матч Талдықорғанда өтті. Мұнда жергілікті «Жетісу» елорданың «Астанасын» қабылдап, тартысты өткен ойында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Айта кетейік, екі ұжым да – турнир басында көш бастап келе жатқан ұжымдар. Осы ойында қай­сысының мерейі үстем болса, сонысы бірінші кезеңді көшбасшы ретінде аяқ­тайды. Сондықтан болар, мамандар «бұл ойында есеп ашылмауы мүмкін» деп өз жорамалдарын айт­қан. Бірақ кездесу тағдырын ойынның 8-ми­нутында ұлттық құрама шабуылшысы Сер­гей Остапенконың баспен соққан соқ­қысы шешті. Жалпы, бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша, «Тобылдың» сәтсіздігін есептемегенде, мамандардың болжамы дұрыс келді. Чемпиондыққа таласады дегендер – көш басында. Енді премьер-лиганың екінші ке­зеңінде командалардың ұпайы екіге бөлінеді. Мәселен, бірінші кезеңнің қоры­тындысы бойынша 42 ұпай жинаған Қарағандының «Шахтері» екінші кезеңді 21 ұпаймен бастайды. Ал егер команданың жинаған ұпайы тақ санмен аяқталған болса, онда екінші кезеңнің алдында ұпайы дөңгелектенеді. Мәселен, 49 ұпай жинаған «Жетісу» екінші кезеңді 25 ұпаймен бастайды. «Біз мұндай шешімге командалар арасында бәсекелестікті күшейту үшін барып отырмыз. Себебі, егер аутсайдер мен көшбасшының арасындағы ұпай саны тым алшақтап кетсе, онда әлсіз команданың жеңіске деген жігері қалмай қалады», – деп түсіндірген болатын бұл ереженің мақ­сатын Ұлттық футбол лигасының төрағасы Михаил Гурман. Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×