Кеше Түркияның Анталия қаласында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан қостанайлық «Тобыл» Украинадағы Донецк қаласының «Шахтер» командасы жастарымен жолдастық кездесу өткізді.
Бұл ойында Вячеслав Грозный жаттықтратын қостанайлықтардан жартылай қорғаушы Нұрбол Жұмасқалиев пен шабуылшы Менсур Куртиш қос-қостан, ал келесі бір жартылай қорғаушы Сергей Костюк бір рет мергендік танытты. Қарсыластар оған 1 доппен ғана жауап берді.
Қостнайлықтардың Түркиядағы 3-оқу-жаттығу жиыны 20 ақпанда басталған болатын. «Тобылдың» бас бапкері оған 24 аяқдопшыны шақырған еді. Оның үшеуі қақпашы (Ярослав Багинский, Александр Петухов, Даниил Рихард), тоғызы қорғаушы (Радослав Батак, Дмитрий Богдан, Джоннес Маркез Де Соуза, Роман Дуплякин, Дмитрий Карпов, Александр Кислицын, Ермек Қуантаев, Олег Лотов, Анатолий Стукалов), оны жартылай қорғаушы (Евгений Аверченко, Анатолий Богданов, Виталий Волков, Константин Головской, Артем Дели, Бауыржан Жолшиев, Нұрбол Жұмасқалиев, Сергей Костюк, Алексей Малышев, Ненад Шливич), ал екеуі шабуылшы (Игорь Бугаев, Менсур Куртиши).
Ұлттық құраманың бас бапкері Мирослав Беренак бұл жолы олардың арасынан 22 ақпан мен 1 наурыз аралығында Анталияда өтетін жиынға бірде-бір спортшыны қосқан жоқ. Бұған олардың өткен маусымдағы Премьер-лигадағы сүреңсіз ойыны себеп болса керек.