«Тобыл» тарқап кете ме?

29.11.2010, 17:34
«Тобыл» тарқап кете ме?
Жуырда ғана Қазақстан чемпионы атанған қостанайлық «Тобыл» футбол клубының ішінен ши шықты. Бірақ кикілжіңнің анық-қанығы айтыл­май отыр. Бір белгілісі – «Тобыл» футбол клу­бы­ның бас директоры Хәлімжан Ержанов дәл осы себепті кеше ғана өз еркімен отс­тав­каға кетті. «Тобыл» жанкүйерлері арасындағы әңгімеге сүйенсек, команда футболшылары мен бас бапкердің арасындағы жағдайдың ушығып кеткендігі сонша, тіпті «Тобыл» өзінің басты бәсекелесі «Ақтөбемен» ой­на­ған шақта қостанайлық футболшылар алаң­ға моральдық тұрғыда қатты жабырқап шық­қан. Нәтижесінде қарсыласынан оң­бай жеңіліп, ел-жұрт алдында масқара бол­ған жайы бар. Мұны енді «Тобылдың» экс-ди­ректоры да растап отыр. Және орын ал­ған проблеманы дер кезінде шеше алмаған Х.Ержанов өзінің шарасыздығын мойындап, отставкаға кетуге шешім қабылдады. Ал «Тобыл» футбол клубының бас директоры болып Қостанай футбол стадио­нының директоры Николай Панин таға­йын­далды. Хәлімжан ЕРЖАНОВ, «Тобыл» футбол клубының экс-директоры: – Команда ішінде қатты кикілжің болғаны рас және мұны енді жасырудың еш қисыны жоқ шығар. Ойыншылар бас бапкермен түсінісе алмады, фут­бол­шылардың арасында да келіспеушіліктер бол­ды. Бұл проблемаларды ішінара шешіп алайық деп едік, өкінішке қарай, қолымыздан келмеді. Мұның барлығы «Ақтөбемен» ойнағанда айқын көрінді. Және бұл менің кінәм деп есептеймін, жағдайды дер кезінде бақылауға алуым керек еді. Сондықтан клубтың басшысы «рөлінде» отыруға енді менің моральдық құқым жоқ. Ал «Тобыл» үшін қазір барлығы да басынан басталады. Жаңа команда жасақталады. Мен олардың бәріне де сәттілік тілеймін. Және «Тобылдың» патриоты болып қала беремін. «Тобыл» – менің өмірім. Автор: Әсел МИЗАМҚЫЗЫ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×