Төрешілік дайындаудың түйткілі

22.01.2011, 21:53
Төрешілік дайындаудың түйткілі

Жазда өткен Әлем Чемпионатында алаңда әлемнің ең мықты деген аяқдопшыларын жазасына қарай үкімін шығарып, үлкен кәсіпқойлық танытқан өзбек Равшан Ирматовты көріп бәріміз таң қалғанымыз рас. Оған қоса жанкүйерлеріміздің арасынан «Қарашы, өзбектердің арасынан қандай (!) төреші шыққан. Біздің реферилерге қайда оған!» деп өз еңсемізді түсіргендер де табылды. Алайда, сіз сенбеуіңіз мүмкін, бірақ қазақ төрешілеріне әлемдік аренаға шығуға кедергі боп жүрген шеберліктің жоқтығы емес, мүлдем басқа проблемалар. Және бір жағынан алғанда оның шешілуі де түкке тұрмайтын секілді.

Біріншіден, төрешілікке қатысты көп сынға ұшырайтын отандық футбол федерациясының жасаған игі ісін атап өтсек. Міне, осымен үшінші жыл қатарынан федерация жанынан ашылған «Жас төрешілер мектебі» жұмыс істеуде. Алайда, осы курстың әлі күнге дейін жұмыс істеп тұруын жанашыр, әрі өз ісіне адал адамдардың еңбегінің нәтижесі десе де болады. Өйткені, өз көзіммен көргенім жас төрешілер жаттығу кезінде тіпті алақандай жердің өзі үшін «күресулеріне» тура келеді. Дегенмен, бәрін өз ретімен айтсақ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Футбол Федерациясының Төрешілік Департаментінің ресейлік маман Николай Левников тізгінін ұстайды. ФИФА реферилерінің бірі болып табылатын Левников осы мектептің негізін қалаған соң, екі жылда аталған курс отыз төрешіні дайындайды. Бірақ мамандардың айтуынша, бастапқы кезде балаларды қыйнап әкелу де мүмкін емес еді, ал қазір жағдай мүлдем басқаша. Осы орайда төрешілер мектебіне тікелей қатысы бар Алматы Футбол Федерациясының вице-президенті Владимир Ахунов былай дейді: «Жыл сайын төрешілікке қызығушылық танытқан балалардың көбейіп келе жатқаны біздің жанымызды жадыратады. Бұған себеп жалпы әлемдік футболдың деңгейінің өсуі сол орайда нөмір бірінші спорт түрінің жанкүйерлері де көбейгендігін айту керек. Төрешілікке көп жағдайда белгілі себептермен аяқдопшы ретінде қалыптаса алмаған қыз-жігіттер келеді. Мысалға, Левниковтың өзі футбол ойнап жүріп жарақат алған, дегенмен осы ойыннан еш алыстағысы келмеген, сол себеппен төрешілікке бет бұрған. Бірақ рефери болу үшін аяқдопшы болу да міндетті емес. Мысалға, мүлдем басқа мамандық бойынша жұмыс істеп жүріп, матчтарда қызмет атқарғандар бар. Айтайын дегенім адам ең бастысы ойынды сезіне білуі керек».

Ахуновтың сөз арасында қыздар дегенді де байқап қалған боларсыздар. Расымен де, төрешілікке ынталы аруларымыз да бар екен. Олардың жігіттерден кәсіпқойлығы еш кем түспейді. Кішкентайынан футболға құмар Еркежанды мамасы кәсіпқой футбол мектебіне қатысып жүрген жерінен «бұл қыздардың ісі емес» деп алып кеткен-ді. Бірақ, футболға деген махаббат бәрін жеңді. Еркежан қазіргі уақытта балалар және ардагерлер мачтарында төрелік етеді. Оған қоса әдетте ойын кезінде эмоцияға беріліп, ауыздарынан түрлі балағат сөздер шығатын аяқдопшылар алаңда қызбала болғасын көп жағдайда өздерін ұстауға тырысады. Және төреші қыздың өзінің айтуынша, оның жұмысына риза болған кейбір тәжірибелі ойыншылар тіпті қолынан да сүйіп кетеді екен.

Сонымен, Алматыда төрешілерді дайындайтын шағын ғана арнайы курс бар. Түлектері қазірдің өзінде ішкі біріншіліктерде жұмыс істеуде. Бәлкім, Бразилиядаға мундиальға дейін біз де өз жерлесімізбен тамсанып отырармыз.

Ал, әзірше төрешіліремізді әлемдік деңгейге «шығармай» отырған тағы бір проблема бар. Ол - тілдік барьер. Мысалы, бір төрешімізге шетелдік командалардың ойынын төрелік ету сәті түсіп тұрады, бірақ осындай ұсыныс түскенде маманымыздың ағылшын тілін меңгермегендігі белгілі болады. Былай қарағанда қазіргі уақытта екінің бірі сөйлеп жүрген халықаралық тілді игеру түк те емес секілді. Неге екені белгісіз, бірақ осы олқылық төрешілеріміздің мүмкіндігін шектеп отыр. Демек, осы мәселенің шешілуі тек әр төрешінің өз мойнында дегеннен артық ешнәрсе айта алмаймыз.

Ал, Қазақстандағы төрешілікке тікелей қатысы бар Болат Жуасбаев мырза біздің төрешілердің көптеген шетелдіктерден асып түсетіндігін айтады. «Мен сіздерге Равшан Ирматовтан кәсіпқойлығы әлдеқайда жоғары бес, тіпті одан да көп қазақстандықты атап өте аламын. Қазіргі уақытта Домбаев, Мазманьян, Соколов, Сариев және Карлибаев сияқты төрешіліктің керемет ұстаздары бар. Осы кісілер мектептердің де қалыптасуына атсалысып жүр. Елімізде «Ұстаздар және таланттар» бағдарламасы бойынша барлық облыста төрешілік мектептері құрылуда. Тағы бір айта кететін жәйт қазақ төрешілерінің қолын қысқартатыны біздің Еуропа аймағындағы футбол қауымдастығына кіруіміз. Яғни, әр аймаққа белгілі квота беріледі. Африкаға, Азияға бөлек дегендей. Ал, кәрі құрлық елдерінің арасында бәсекелестіктің қандай екенін, олардың кәсіпқойлығы қаншалықты жоғары екендігін айтпай-ақ жақсы білесіз. Биылғы Әлем Чемпионатына тіпті Ресей де өз төрешісін қоя алмады. Осыдан Азия Футбол Конфедерациясының үздік төрешісі болып саналатын Ирматовтың да мундиальға қалай жеткендігін түсіне беріңіз», - деп Болат Смағұлұлы ағынан жарылды.

Алайда бұл өзбек бауырымыздың кәсіпқойлығына күмін келтіргеніміз емес. Ирматов әлем жанкүйерлерін шулатса да, өз елінде қажетті деңгейде қабылданған жоқ. бар. Рас, Әлем Чемпионатынан кейін Өзбекстанда аты шыққан рефериге өз елінің құрметті азаматы атағы беріліп, зор қошемет көрсетілген. Дегенмен, әлем біріншілігі кезінде Ирматовты сөз етпеу туралы тапсырма да берілген көрінеді. Оның себебі бізге әзірше белгісіз.

Бір әзілде: «Әкесі баласынан: - Әке, аяқдопшы аяқастынан көру қабілетінен айырылса не істейді? – деп сұрапты. Сонда әкесі: - Олар төреші болады, - деп жауап беріпті» делінеді. Қазақтан шыққан «көзі ашық», әділ төрешілер көп болғай!

Еркеқыз Әл-ТАРАЗИ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×