"Тоттенхэм" таланты. Лондоннан шыққан жарық күн

18.01.2015, 16:24
"Тоттенхэм" таланты. Лондоннан шыққан жарық күн
Ағылшын футболы жаңа ғасырда дағдарысқа түскенін білеміз. Ұлттық құрамасының да әлемдік, еуропалық додаларда топ жармақ түгіл, алқа тақпағанына да 15 жылдан астам уақыт өтіпті. Одан бері, талай майталмандар жасыл алаңда өнер көрсетті. Дэвид Бекхэм, Пол Скоулз, Эмиль Хески, Майкл Оуэн. Кеше ғана, біз бен сіз Англия ұлттық құрамасынан шығарып салған Джеррард пен Лэмпард. Бұлардың бәрі клубта жоғарғы деңгейін көрсеткенімен, ұлттық құрамада бірігіп бірде-бір ірі жеңіске жете алмапты. Сондықтан, бүгінде жарқ етіп талант шыға келсе, ағылшын жанкүйерлері "бізді сонау даңқты Бобби Чарльтон кезеңіндегі бақытты шақты есімізге түсірер"-деген үмітпен қарайды. Үміт отын ұялатар футболшы бүгінгі таңда ағылшын елінің астанасында өсіп келе жатыр. Бұлақ көрсең көзің аш дегендей, талант көрсе әлемдік деңгейге көтеріп жіберер Арсен Венгер қол астында емес, қазыналы "ақсүйектер" сапында да емес. Сол, қазыналы, қалталы клубтың қақпасына Лондонның үшінші командасы саналатын "Тоттенхэм", жаңа жылдың тұп-тура 1-ші қаңтарында бес гол тоғытып, оның екеуін өз атына жазған 21-жасар Харри Кейн. Тоттенхэм - Челси_4 Әрине, Ағылшын Премьер-Лигасы әлемдегі ең үздік чемпионат санатында. Бірақ, сол үздіктігі ұлттық құраманың деңгейіне кері әсерін де тигізбейді де емес. Чемпионаттың жетекші клубтары өз түлектерін екінші орынға қойып, басты үмітті әлемдік деңгейдегі жұлдыздарға артады. Ал, әлемдік деңгейдегі жұлдызды бүгін Англия елінен табуыңыз неғайбіл. Бүгінгі "Челси" мен "Манчестер Ситидің" негізгі құрамын алып қараңыз. Екеуінде де, 11 футболшыдан екеуі ғана ағылшындық құжатқа ие. Бірі қақпашы, үшеуі қорғаушы. Яғни, елдің бетке ұстар клубтарының жартылай қорғанысы мен шабуылына түгелдей дерлік шет елдің азаматтары жауап береді. Әлем, Еуропа чемпионаттарында ағылшындар гол сала алмай сең соққан балықтай сергелдеңге түсіп жүретіні сондықтан. Үлкен додаларда Фабрегас немесе Сильва келіп пас шығарып, Коста, Агуэролар гол салып бермейді ғой. Бұл жағдай көп елдерде байқалады. Дегенмен, Англияда бұл қанға сіңіп, айықпас дертке айналған ауру. Көбіне Англияда клубтың академиясынан шыққан таланттар аз болады. Олар сол Коста, Жиру, Агуэро, Фалькаолардың көлеңкесінде қалады, не ортаң қол, тіпті аутсайдер командаларға тәжірбие жинақтау үшін аттанып, сол клубқа ақыр-аяғы сатылып кетеді. Сол себепті, өз академияннан шыққан футболшы негізгі құрамнан орын ала білсе, таңданыс туғызады. Ал, талант, жаспен қоса, клубтың деңгейі де жоғары болса бүкіл елдің назарына ілігетіні түсінікті. Бүгінгі басты кейіпкеріміз күн санап өзіңе деген талапты арттырып келе жатқан футболшы. Бар жоғы бес айдың ішінде Ағылшын Премьер-Лигасындағы үздік ағылшын шабуылшысына айналды. Оған дейін, Харриді бағаламай келген еді. Сольдадо гол салып үйренгенше, Адебайор қалың ұйқыдан оянғанша, шабуыл өтіне біреуді шығаруға тура келді. Кім болса, ол болсың, бәрібір уақытша ғана ғой. Ал, 1-ші қаңтардағы Кейннің ойынынан кейін, Сольдадо мен Адебайор емес, осы жас жеткіншек "шпорлардың" басты қаруына айналғаны түсінікті. Харри Кейнді шабуылшы деу ғана аз. Ол сонымен қатар жартылай қорғаныста да шебер ойнай алады. Яғни, алыстан гол да соға алады, қапталдан асырылған пасқа айып алаңда қорғаушылармен таласып жүріп, баспен де, аяқпен де қақпаға допты дарыта да алады. Яғни, жан-жақты қалыптасқан футболшы. Әрине, қателiктері де жоқ емес, алайда оның жасың ұмытпаған жөн. Бар болғаны 21-де. Бойында жас таланттарға аса қажет, еңбекқорлық пен қайраттылық, жігер, өз мақсатына жетпей қоймайтын табандылық бар. Осының арқасында ол "Тоттенхэмнің" негізгі құрамында ойып тұрып орын алды. Бәлкім, кезінде Тоттенхэмді төрге сүйреген Шерингем, мен кешегі Бэйлдың деңгейіне жетуге Кейнге әлі алыстау шығар. Мүмкін, біз БАҚ өкілдері асығыстық жасап, әлі шарықтау шегіне жетпеген таңданыстан ғана Кейнді бағалап, аспанға көтеріп отырған шығармыз. Бірақ, Харри Кейннің шеберлігін жоққа шығару мүмкін емес. Оның техникасы, кез келген қорғаушыдан айласына асыра алуы, мейлі ол Терри, Кэйхилл болсың, жоқ жерден гол салып кетуі. Өмірдегі қарапайымдылығы мен, ойнау мәнері жағынан футбол тарихында көзі тірісінде аңызға айналып, Лондонның королі атанған Анриге ұқсайды. Сырт көзге сылбыр көрінетін, бірақ аяғына доп тисе қақпаны көздемей қоймайтын бүгінгі Томас Мюллерге де ұқсайды. Ең бастысы, бүгін таңда Англияда күш пен техниканы ұштастырған, салқынқандылықты, сабырлылық пен еңбекқорлықты, сенімділікті бойына жинаған футболшы өсіп келе жатқанына куә болып отырмыз. Дәу де болса, осы жігіт қара түнек басқан Англия футболына сәуле шашар? Кім біледі.. Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×