Түркия Супер лигасында не жаңалық?

03.02.2012, 02:50
Түркия Супер лигасында не жаңалық?

Түркия Супер Лигасы 23-аптаны артқа тастады. Өткен жылғыдан мүлден басқаша өрбіген жасыл алаңдағы қойылымдарды бір саралап, бас қаһарман, ең мықты режиссерлардың атын атап, түсін түстіп көрелік.

Өткен жылы чемпиондығын тойлап,  алайда оның қызығын көріп үлгермей, Чемпиондар лигасынан аластатылған Фенербахченің президенті абақтыға қамалғанымен бұл клубтың сағын сындыра қоймады. Стамбұлдық үш мықтының бірінен саналатын аталмыш команда лидер Галатасараймен құйрық тістесіп, екінші орында келеді. Өз кезегінде Галатасарай да император атанған ел футболындағы тәжірибелі есім Фатих Терім келгелі һәм рекорд жаңартып, һәм бірінші орынды ешкімге берер емес. Қазір аталмыш команданың 50 ұпаймен лидерлік креслоға нық жайғасса, Фенербахченің еншісінде 45 ұпай бар, үшінші орында Бешікташ. Оның да ұпайы 45.

Бірнеше сезон чемпион бола алмай, ескі күндерін сағындырған Галатасарайдың жұлдызы қайтадан жарқырай бастағалы, ел трансферлік маусымда аталмыш клубқа ауысатын футболшылардың есіміне елеңдеп еді. Ешбірінен жағымды жауап келмеді. Тек Галатасарай ғана емес, басқа клубтар да бір кездері аты анадайдан естілетін Курежма секілді жұлдыздарды құрамына қоса алмады.

Өткен жылы чемпиондықты Фенербахчеге зар зор қиған, жаздағы келісілген матч дауынан кейін Фенербахченің орнына Чемпиондар лигасына жіберілген елдің азулы командаларынан саналатын Трабзонспордың да бұл маусымдағы ойыны ала құла. «Қаратеңіз дауылы» лақапты аталмыш команданың бұл сезон бір матчтағы екпіні тауды жықса, екінші матчта мүлдем басқа, үлкен командаларды былай қойғанда кейде аутсайдерден де оңай жеңіліс тауып жатады. Дегенмен қазіргі маусымның сұрмерген ойыншысы дәл осы клуб сапындағы Бурак Йылмаз. Өткен маусымнан бері тынысы ашылып, бұрын болмаған табыстарға жеткен 26 жастағы аяқдопшы  19 матч өткеріп, қарсыластар қақпасын 23 рет дәл көздеген.

Еуро-2012нің соңғы іріктеу матчтарында  «Қазақстан секілді әлем футболында орны жоқ командамен әуесқой команда секілді ойнадыңдар» ойыншыларын сөккен Хиддинк, Хорватиядан жеңіліп, жолдаманы уыстан шығарып алған соң бапкерлік креслосын босатуға мәжбүр болды. Орнына Стамбұлдық Беледиспорды жаттықтыратын Абдуллах Авджы келді.

 3-шілдеде басталған келісілген матч дауынан кейін мазасы қашқан Түркия Футбол Федерациясының тізгінін Мехмет Айдынлар да жақында босатады деген сыбыс бар.

Ғалия Серікқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×