Түркиядағы ойыннан түк шықпады саны кем болса да латыштарды жеңе алмадық

02.03.2012, 21:35
Түркиядағы ойыннан түк шықпады саны кем болса да латыштарды жеңе алмадық

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа маусымдағы алғашқы кездесуін тең аяқтады. Чех маманы Мирослав Беранек жаттықтыратын командамыз жолдастық бәсеке аясында Латвия құрамасына қарсы тұрған еді. Бұл кездесу Түркия жерінде өтті. Латвия командасының тізгінін ұстап жүрген танымал бапкер Александр Старков ойынның қарсаңында қазақстандық футболшыларды өздеріне лайықты қарсылас ретінде мақтап өткен болатын. Әрине, қай маман қарсыласын осал деп айтсын? Дегенмен букмекерлік кеңселердің пайымынша, бұл бәсекенің фавориті Балтық жағалауының ұжымы саналды.

Елімізге келіп, еңбек ете бастағалы бері үлкен нәтижеге қол жеткізе қоймаса да, отандық мамандар мен жанкүйер қауымның көңілін тапқан Мирослав Беранек бұл жолы да тәжірибелі ойыншылармен қатар мұрттары жаңа тебіндеген жастарға сенім артты. Ол алғашқы минуттардан-ақ елордалық «Астана» командасының алты бірдей футболшысын бәсекеге қосты. Қақпаның кілтін алдымен Андрей Сидельниковке сеніп тапсырған чех маманы өткір шабуыл өтіне бастапқыда Сергей Остапенко мен Сергей Гридинді жіберді. Сондай-ақ «Тараз» ұжымының өкілі, жартылай қорғаушы Бауыржан Исламхан да ұлттық құрама сапындағы тұсаукесер ойынын алғашқы минуттардан бастауға мүмкіндік алды. Осы бәсекені өз көзімен тамашалаған әріптесіміздің хабарлауынша, ойын бірден шабуылдармен басталған. Қос команда өкілдері де қорғаныста жатып алуды жөн санамай, көбінесе шабуылдарға иек артқан. Бірақ бір қызығы, біршама уақытқа дейін екі жақтың қақпасына да қауіп төнбеген екен. Көп жағдайда шабуыл шебіндегі ойыншылардан гөрі қорғаныстағылардың шеберлігі басым түсіп жатыпты. Кездесудің бірінші бөлігінде отандасымыз Марат Хайруллин айып соққысын сәтсіз орындаса, латыштар іле-шала бұрыштама добын беруге мүмкіндік алып, қазақстандықтарды едәуір әуреге салған. Тағы бір сәттерде Гридин мен Остапенко кезек-кезегімен қарсы қақпаның маңында қауіпті жағдай туындатқан. Сол сияқты команда жейдесін жаңа киген Бауыржан Исламхан да өзін жақсы қырынан көрсетіп, ұрымтал сәттердің бірінде әріптесіне жақсы пас шығарыпты. Бірақ осы бір ойын бөлігінде шартты түрдегі алаң қожайындарының қақпашысы Андрей Ванин ептілік танытып, ала допты қақпа маңдайшасынан асырып үлгеріпті. Кездесудің 23-минутында латыштардың сапындағы қорғаушы Ритус Кряуклис ереже бұзып, молдовалық төрешінің шешімімен алаңнан қуылды. Соның арқасында алғашқы таймда латыштарға қарағанда біздің ойыншылар көбірек шабуылдап, допқа иелік еткен екен. Үзіліс кезінде Мирослав Беранек екі ойыншыны алмастырды. Атап айтар болсақ, Андрей Сидельниковтің орнына «Жетісу» командасының өкілі Владимир Логиновский шықты. Жиырма жеті жастағы қақпашының өткен маусымда тамаша өнер көрсетіп, талдықорғандық ұжымды алға сүйрегені мәлім. Сондықтан оның ұлттық құрама сапынан тұрақты көрінуіне тілектес жанкүйер жеткілікті. Қорғаушы Марк Гурманның алаңдағы орнын жуырда ғана «Ертістің» қатарынан «Таразға» ауысқан қорғаушы Елдос Ахметов басты. Жиырма бір жастағы қандасымыз үшін де Түркиядағы бәсеке тәжірибе толықтырудың тамаша мүмкіндігі екені сөзсіз. Бұдан өзге де ойыншыларды матч барысында Мирослав Беранек алаңға шығарды. Олардың қатарында Ұлан Қонысбаев (Таңат Нөсербаевты алмастырды), Серікжан Мұжықов (Марат Хайруллин), Сергей Хижниченко (Сергей Остапенко) және Дәуренбек Тәжімбетовтер (Сергей Гридин) болды. Екінші таймда да қазақстандықтар бірнеше рет гол соғудың ретін тапты. Алдымен Қайрат Нұрдәулетов ала допты қақпаға дәл бағыттай алмады. Келесі кезекте Бауыржан Исламханның соққысынан соң доп қақпадан қиыс кетті. Ал Елдос Ахметовтің күшті соққысына латыш қорғаушысы тосқауыл қойып үлгеріпті. Тағы бір сәтте Таңат Нөсербаев қарсыластардың айып алаңына еніп, соққы жасайды, бірақ оның жолына Андрей Ванин бөгет болады. Марат Хайруллиннің баспен бағыттаған добы қақпа маңдайшасынан сәл биік ұшады. Өз мүмкіндіктерін Сергей Остапенко мен Сергей Гридин де бірнеше рет мүлт жіберіп алады. Кездесудің соңына таман латыштардың бас бапкері Александр Старков та шәкірті Ритус Кряуклистің кебін киіп, ойыннан шеттетілді. Футболшыларының өнеріне көңілі толмай, жүйкесі сыр берген маманды молдовалық қазы жазасыз қалдырмады. Бірақ оның командасы бір ойыншысы кем болғанына қарамастан, сауатты қорғана білді. Қазақстандықтар биылғы маусымдағы ұлттық құрама деңгейіндегі алғашқы кездесулерін 0:0 есебімен аяқтады.

Шалқар Естен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×