Түркиядағы жастар тәуелсіздікті еске алды

27.12.2010, 03:32
Түркиядағы жастар тәуелсіздікті еске алды
Желтоқсан басталысымен Қазақстанда жаңа жылға қарбалас дайындық жүріп жатқанда Стамбұлдық студенттер басты мерекеміз тәуелсіздік күнін ұлықтап, көпке үлгі болды. Қарашаның орта шенінде басталған концертке дайындық елім деген білімгерлердің жанын жай тапқызбады. Үлкен шараны ойдағыдай өткізіп барып қана демдерін алған олар еліміздің ең биік салтанатын өз деңгейінде өткергендеріне мақтанышты. Сондай-ақ концерттен бөлек ел тәуелсіздігіне орай Стамбұлда Түркияның 6 қаласында білім алып жатқан студенттер арасында футбол турнирі өткізілді.

Анкара, Измир, Сакария, Кония, Кайсери қалаларындағы білімгерлердің командасы және Стамбұлдағы түрлі университетте оқитын студенттерден құралған екі команда, мұнан бөлек аталмыш шахардағы Фатих университеті студенттерінің командасы, жалпы саны сегіз команда алғашқы орындар үшін таласты. Мұндай шара тек биыл ғана өткізіліп отырған жоқ. Өткен жылы да тәуелсіздік күніне орай өткізілген футбол турнирінде Стамбұл студенттерінен құралған Анзор Гуссейінов бастаған команда жеңісті қолдан бермеп еді, биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқ. Құрамында Анзор Гуссейінов(Стамбұл университеті, халықаралық қатынастар), Ербол Молдабеков(Стамбұл техникалық университеті, құрылыс инженерлігі), Азамат Дихев, Дастан Оспанов, Әкрам Нұршимов(үшеуі де Стамбұл техникалық университеті, мұнай және газ ісі), Сержан Егізбай(Стамбұл техникалық университеті, ұшақ инженерлігі),Нұрдаулет Медеуов(Анкара университетінің Стамбұл филиалы, тіл үйрену орталығы) секілді тісқаққан ойыншылары бар аталмыш команда бұған дейін барлық команданы қоғадай жапырып келе жатқан Фатих Университетінің командасына да, Сайын Жәдиұлы бастаған, Сәбит Мұхамеджанов қостаған Сакария студенттеріне де тегеурінді қарсылық көрсете білді. Әсіресе Сакария Университетімен стамбұлдықтардың арасындағы ойын өте тартысты өрбіді. Іштей стамбұлдықтарға жанкүйер болғанымызбен лайықтысы ұтсын дедік. Басқа командамен ойнағанында Сәбит Мұхамеджановтың аяғына тиген доп дереу қақпаны адаспай тауып жататын. Стамбұлмен ойында Сәбиттің жөнелткен добы қырағы қақпашы Әкрамнан айласын асыра алмай пұшайман болды. Сан түрлі қызықтарға толы турнир кеш қарая мәреге жетті. Ең үздік ойыншы атағына қарсыластар қақпасына 15 гол атқан Анзор Гуссейінов лайық деп танылды. Оқу мен спортты қатар алып жүрген өрелі өрендер қандай құрметке де лайық. Турнир соңы үлкен концертке ұласып, аяқдопшыларымыз Қазақстанның Түркиядағы төткенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев марапаттады.

Ғалия СЕРІКҚЫЗЫ, ТҮРКИЯДАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×