Үш дүркін чемпион оралды

09.11.2013, 04:42
Үш дүркін чемпион оралды

Премьер-лигаға іріктеу үшін қосымша матч

«Спартак» (Семей) – «Восток» (Өскемен) – 1:0 Гол: П.Пурышкин, 118 Семейлік команда араға 9 жыл салып премьер-лигаға оралды. «Астана-Аренада» өткен матчтың 118 минутында Павле Пурышкин соққан гол Қазақстанның үш дүркін чемпиондарына ұзақ күткен жолдаманы сыйлады. Қанмен және термен келген бұл жеңіс қазақ футболының Отанынан шыққан команда үшін өте қажетті. Қосымша матчта шығысқазақстандық қос команда кездескеніне қарамастан, осы кенді өңірдің басшылығы тарихы терең «Спартактың» премьер-лигадағы жолын бөгемейді деп сенеміз. Әйтпесе, қалтасы таяз «Спартак» ертең «Востокқа» жол босатып жатуы да мүмкін ғой... Немесе өткен жылғы бірінші лига жеңімпазы «Іле-Сәулет» қалтасын қағып көріп, премьер-лигада өнер көрсетуге жағдайы жоқ екенін мойындағаны да естен шыға қойған жоқ. Қалай дегенде де, «Спартак» – премьер-лигаға қажет команда. Бұл клуб 1994, 1995 және 1998 жылдары 3 рет Қазақстан чемпионы атанып, Азия клубтық сындарының жекелеген матчтарында жеңістің тәтті дәмін таңдайымызға әкелді. Қайрат Әубәкіров, Данияр Мұқанов, Самат Сымақов, Андрей Карпович, Андрей Богомолов, Сергей Бойченко сияқты талантты футболшыларды қазақ футболының аламанына қосқан да – осы өңір. Әрине, өткенге құрмет көрсеткен де жақсы. «Спартак» – бұл команданың байырғы атауы. Бірақ үш ретте де чемпиондыққа семейліктер «Елім-ай» атауымен жеткен болатын. Ол кезде команданы осы аттас корпорация қаржылай қолдап тұрғанынан да хабардармыз. Дегенмен «Елім-ай» атауы осы командаға, қасиетті Семей топырағының командасына дәл орайласады. Кешегі Абай, Шәкәрім, Мұхтардың үнін естіртіп тұрғандай болады. Сондықтан облыс және команда басшылығы премьер-лига аламанына семейліктерді «Елім-ай» атауымен қосса, еш артық болмас еді.
Автор: Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×