Блаттер былжырады – Роналду тұнжырады

09.11.2013, 04:43
Блаттер былжырады – Роналду тұнжырады
Блаттер былжырады – Роналду тұнжырады
Интернет тұтынушыларды иіріп әкеткен соңғы жаңалықтардың бірін баян етпекпіз. Бүгінгі әлем футболының дарабозы, 2008 жылғы «алтын доптың» иегері Криштиану Роналдудың жетістігін көре алмайтындардың қарасы көп. Десек те ФИФА-ның төрағасы Иозеф Блаттер «Маған Роналдудан гөрі Месси ұнайды. Бірі – жасыл алаңда барын салса, бірі – уақытының көбін шаштаразда өткізеді» деп мәлімдегенде футбол жанкүйерлері өздерін қоярға жер таппады. Дүйдей бір ФИФА-ны басқарып отырған азаматтың бұлайша абайламай сөйлеуі Роналдудың 2013 жылғы «алтын допты» иеленуіне кері әсерін тигізетіндігі анық.
Таяуда ФИФА-ның төрағасы Иозеф Блаттер Оксфорд университетінің студенттерімен кездескен болатын. Аталған шарада футбол әлеміндегі соңғы жаңалықтар жан-жақты сөз етілді. Талай жылдардан бері ФИФА-ның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қарт басшы бүгінгі футболдың қос жүйрігі Роналду мен Месси туралы ойын ортаға салды. Жиын барысында жүргізуші И.Блаттерге «Месси мен Роналдудың арасынан, қайсысын таңдар едіңіз?» деген сұрақ қояды. Бірер сәт кідірген Блаттер «Роналду мен Месси – бүгінгі әлем футболының көрігін қыздырып жүрген қос дарабоз деп айтар едім. Десек те Месси нағыз үй баласы. Әр ата-ана өз үйінде осындай баланың болғанын қалар еді. Ал Роналду көп уақытын шаштаразда өткізетіндігі өтірік емес» деп төтесінен жауап берген болатын. Міне, осы жауап талай футбол жанкүйерлерінің шамына тиді. Жер жердегі Роналдудың миллиондаған жанкүйерлері «Бұл Блаттерді не түлен түртті?» деп шуласып жатыр. Осы әңгіме «Реал Мадрид» клубының құлағына жетіп, президент Флорентино Перес бастаған бланкос әкімшілігі тез арада Блаттерге хат жолдады. Хатта былай делінген болатын: «Құрметті президент, біз сіздің Роналду туралы айтқаныңызды оқыдық. Сіздің сөзіңіз оның болашақта «алтын допты» иеленуіне айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін. Сізден жақын арада ілкімді жауап күтетін боламыз». Артынша бірнеше күн өткеннен кейін ФИФА президентінен қарсы жауап келді. Аталған хатта Блаттерге шынымен де Мессидің ұнайтындығы, бірақ оған қоса ол футбол майталманы Роналдуды да қатты құрметтейтіндігін жеткізді. Десек те айтылған сөз атылған оқ дейді. Оқ – талай жанкүйерді шулатты, Роналдудың көңілін бір сәтке жаралады десек болғандай. Себебі, португалдық бас мерген өзінің Фейсбуктегі парақшасына: «Блаттер мырзаның сөзінен оның маған деген құрметін байқауға болады. Көптеген мәселелер маған енді түсінікті. Блаттер мырза, сізге ұзақ өмір тілеймін. Бұдан әрі өзіңіздің «сүйіктіңіздің» ойынын тамашалаудан танбаңыз» деп жазды. Роналду Мессидің 4 «алтын допты» қалай иеленгендігін астарлап жеткізіп отыр. Бұрыннан жанкүйерлер белді сыйлықты Мессидің төрт рет алуына ФИФА-ның көмектесіп жатқандығын әзілдеп айтысатын. Сол әзіл енді шындыққа айналған секілді. Енді биылғы жылдың «алтын добын» кім иеленеді екен. Әліптің артын бағайық. Егер «Алтын доп-2013» сыйлығын тағы да Месси иеленсе, футболдың нағыз драмалық қойылымға айналатындығы кәміл.
Автор: Айдос АҚМЫРЗА
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×