Шағын футболдан 2012 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Әміржан Мұқанов жетекшілік еткен Қазақстан құрамасы көпшілік күткен нәтиже көрсете алған жоқ.
Бұл турнир Баку қаласында ұйымдастырылды. Тұсаукесер кездесуді алаң иелеріне қарсы өткізген жерлестеріміз бәсекені сәтті бастады. Николай Казаков алғашқы голды соққаннан кейін біздің команда енді жеңісті уысынан шығара қоймас деп ойладық.
Мұнымыз бекер екен. Әзірбайжанның туы астында өнер көрсетіп жүрген бразилиялық легионерлер қатарынан алты мәрте нысананы дәл көздеп, жігерімізді құм етті. Тек кездесу соңына таман Серік Жаманқұлов пен Павел Так есеп айырмашылығын біраз қысқартты. Есеп - 3:6. Одан кейін Испания құрамасымен күш сынастық. Әйгілі команда отандастарымызға адым аштырған жоқ. Бірінші кезеңде испандықтар екі гол салса, үзілістен кейін доп Константин Перемышлин қорғаған қақпаға тағы үш мәрте дәл кірді - 0:5. Үшінші бәсекеде Франция командасымен шеберлік байқастық. Бұл матч Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді. Есеп - 2:0. Әуелде Дінмұхамед Сүлейменов мергендік танытса, көп ұзамай Амха Хирендин өз қақпасына гол соқты.